Дамудың кілті неде?

Зайырлылық әр адамға рухани дамуға мүмкіндік береді. Ал, дінді руханияттан бөліп қарау мүмкін емес. Қазақ халқы ұлан-ғайыр жердің иесі ретінде еліміздегі этностардың наным-сеніміне, мәдениетіне құрметпен қарайды. Ал, технократтық дәуірде ғылымсыз, жаңа технологиясыз елдің әл-ауқатын көтеру, дамыған елдердің легіне ілесу мүмкін емес. Елдегі тұрақтылық пен таңдау еркіндігін сақтай отырып дамудың бұдан басқа да өзекті тұстары Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің және республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, тарихшы Ерлан САИРОВТЫҢ қатысуымен өткен «Мемлекеттегі зайырлылық құндылықтардың дамуы мен зайырлы қоғам» тақырыбындағы кездесуде кеңінен айтылды.

Шараны тізгіндеген облыстық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Дулат Халел алдымен, аймақтағы діни ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, Қарағанды облысы діни ахуалы салыстырмалы түрде күрделі аймақтар қатарында.

– Бүгінде облыстан соғыс өрті өршіп тұрған елдерге кеткен тұрғындар мен радикалды діни идеологияның ықпалындағы азаматтар әлі күнге дейін бар. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында халық арасында жат діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру бағытында облыста 19 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Кейінгі жүргізілген әлеуметтік сауалнамада облыс халқының 95%-дан астамы діни ахуалды тұрақты деп бағалаған. Кейбір дінді ұстанатын адамдардың діни қағидаларды бұлжытпай орындауды заңдар мен зайырлылық ғибраттарынан жоғары қоюы – сын-қатердің, шиеленістің шығу көзі. Осының алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарындағы басымдылық зайырлылық құндылықтарына беріліп отыр. Лекторлардың кәсіби деңгейін арттыру үшін түсіндіру топтары мүшелеріне арналған түрлі форматтағы семинар-тренингтер де ұйымдастырылып келеді, – деді Дулат Қанышұлы.

Әрі қарай кеш қонағы осы бағыттағы ең маңызды мәселелерге тоқталды. Ресми баяндамадан гөрі ел арасындағы өзекті мәселелер сұрақ-жауап арқылы әрі еркін форматта талқыланды.

– Елдегі діни ахуалды айтқанда 70 жылдық атеизімді ұмытпау керек. Бала кезде ақсақалдар намазын қаза қылмайтын. Бірақ, ол қоғамға, мектепке әсер ете алмады. Кеңестік жүйенің дінге қарсылығы қарапайым халықтың өресін таяздатып, дінге көзқарасын әлсіретті. Кеңес үкіметі тарқаған соң, елімізге сырттан көп діни теріс ағымдар келіп, есеңгіреп қалдық. Исламның өзегі – бейбітшілік. VIII-IX ғасырларда Араб халифаты толеранттық тұрғыдан жетік болған. Басқа дін өкілдері де түрлі салада жоғары лауазымға көтеріліп, адамгершіліктің озық үлгісі насихатталды. Алтын Орда дәуірінде де түрлі дін өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. 2000 жылдарда жаһанданудың озық технологиясымен бірге, ресейлік этникалық өзге ұлттар әкелген эсктремизм осы алтын өзекті үзуге тырысуда. Ал, ислам әлемі ғаламдық тыныштықты сақтауға орасан үлес қосудан тайған емес, – деді Ерлан Бияхметұлы.

Дерекке сүйенсек, қазір елде діни ахуал тұрақты. Теріс ағымдағылардың 1%-ға жетпейтіні, толеранттылықты балабақшадан, мектептен бастап насихаттап, асыл дініміздің негізін бала санасына құю керектігі, ағыммен шектелмей, әділеттілік пен теңдікті сақтау керектігі айтылды жиында. «Өйткені, осы дүниелер дұрыс жолға қойылмаса, ел санасында мемлекет идеологиясына қарсылық туындайды. Жергілікті әкімдер мен соттар жұртқа бірдей қарауы керек. Жезқазған облысы тараған соң, біраз назардан тыс қалды. Енді, ол өңірдің әлеуметтік деңгейін көтеру маңызды. Қолға алынған бағдарламалар есеп үшін болмай, жанашырлықпен жүзеге асуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер мәслихаттармен бірлесуі керек. Олар да атсалыссын. Әкімдікке артып қою дұрыс емес. Білім мен тәрбие қатар жүрсе, ұлт тәрбиесі түзеледі. Жаһандануды тоқтату мүмкін емес, бірақ сол арқылы қоғамды дамытуға болады. Халық пен мемлекет ымыра-бірлікте жұмыс істесе, бұл мәселелер шешіледі. Исламның түркі әлеміндегі жақсы жақтарын алып, ұлтқа икемдеу керек. Діни институттар мен уағызшыларды даярлау маңызды. Олар руханият пен ғылымды қатар насихаттауы керек. Өйткені, тек дінмен шектелу – қате. Дінді ұстанып, рухани бай болып, технологияны да жетік білген ұрпақ, бәсекеге қабілетті болады. Сонда экстремизм жойылып, дамыған елдердің қатарына қосыламыз. Бұл әлемдік практиканың мысалы», – деді Ерлан Саиров.

Жиынға қатысушылар қонаққа түрлі сауал қойып, тұщымды жауап алды. Жапония, Израилдей дамыған елдердің даму бағдарламасына сүйеніп, өз болашағымызды бағдарлау сынды маңызды ұсыныстар ортаға салынды. Әсіресе, креликализмнен гөрі технологияны дамытып, өзгенің рухымен емес, өзіміздің ішкі рухымызбен күресу керектігі баса айтылды.

Сонда, «жиһадты қолға қару алып, соғысу» деп түсінетіндер азаяры анық.

Демек, жиыннан түйгеніміз мынау. Алғашқысы – балабақша, мектепте ұлттық тәрбиені мұқияттау, ұлы тұлғалар шығармашылығын басшылыққа алып, бірыңғай моделін жасау керек. Екіншісі – жас буынды технологияның пайдалы жағын үйреніп, игілікке пайдалануға баулу. Мысалы, көлемі шағын ғана Израил жылына 6 млд. долларға ауыл шаруашылық өнімін экспорттаса, одан қаншама есе үлкен Қазақстан жылына бар-жоғы 8 млн. долларлық ауыл шаруашылық өнімін экспорттайды екен. Егер ғылым мен рухты ұштастырсақ, Израил сияқты жоғары көрсеткішке жете аламыз.

Жапонияда өмір сүретін 10 шақты ұлт өкілі 4 сыныпқа дейін тіл, әдебиет, тарих, мәдениет пәндерін ғана оқиды. Бізге де осыны қолға алып, Рухани жаңғыруды балаға түсінікті түрде насихаттап, 5 сыныптан шет ел тілдері мен салалық білімді қолға алған жөн. Сонда негізі мықты ұрпақ өседі. Ал, жапондар ел қазынасына пайдасы болмаса да, күріш егуге миллиондап қаржы бөледі. Өйткені, күріш егуден айырылса, олар ұлттық жадынан айырылады екен. Біз де, ауыл шаруашылық пен мал шарушылығына көптеп қаржы бөліп, ұлттық дамудың басты бағыты етіп алсақ, адаспаймыз.

Яғни, зайырлылық пен ғылыми технологияны қатар ұстау – дамудың алтын кілті.

Жиын соңында Ерлан Саиров мырза 20 мамырда facebook желісінде тікелей эфир өткізетінін айтса, шараны ұйымдастырушылар алдағы уақытта осы тақырыпта басқа да Мәжіліс депутаттары, белгілі саясаткерлер һәм қоғам қайраткерлерімен кездесу өткізетінін мәлімдеді.

Жәлел ШАЛҚАР.