Қарағанды

Дамитын ел жолын түзейді

Қадым заманнан жол ел дамуының деңгейін анықтайтын негізгі факторлардың қатарында тұр. Сондықтан, өсемін деген жұрт әуелі жолын жөндейді. Өйткені, жолыңыз тегіс болса, алысыңыз жақындайды. Алыс-беріс жанданып, табысыңыз артады.

Біздегі жол сапасына жауапты бірден-бір мекеме – Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы. Тіпті, өзіңіз тұратын көшеде немесе ауылда салынып жатқан жолдың сапасына көңіліңіз толмаса, осы орталықтың қызметіне жүгіне аласыз. Көрші-қолаң жиылып, аталған мекеменің Қарағандыдағы филиалына шағым түсірсеңіз, жеткілікті.

Мердігер төсейтін асфальт филиалдың зертханасында сынақтан өтеді. Мамандар сынақ қорытындысына сәйкес ұсыныс әзірлейді. Алда-жалда асфальт құрамы нормативтік құжаттарда көрсетілген талаптардан ауытқыса, салынған жол сүріліп, қайта төселуі тиіс…

Зертханашы Ділдар Шайқыбеков, сарапшы Бауыржан Кәрімбеков пен инженер Зәуреш Оспанова әр сынаманың қалыңдығын өлшейді

Қысы-жазы жол үстінде

Қарағандылық филиал қызметкерлері қысы-жазы тыным таппайды. Аптап ыстықта, ысқырған боранда жол үстінде жүргені. Асфальт жабынының жайын қарайды, жол жиегіндегі белгілердің бар-жоғын тексереді. Филиал директоры Айбол Бидайбековтің айтуынша, орталық құрылған үш жыл ішінде инженерлер 2232 рет сапарға шығыпты.

– Аймақ бойынша 1947 шақырымдық автомобиль жолдарына диагностика және паспорттау жүргізілді. Оның 1876 шақырымы – республикалық, 71 мың шақырымы – облыстық жолдар. Қызметкерлеріміз үш жылдың ішінде 2232 рет тексеріспен шығып, 398 учаскеге барды. Жол құрылысы материалдарынан 5 мың сынама алды. 1255 сынаманың талапқа сәйкессіздігін анықтады. Осылайша, мыңдаған олқылық дер кезінде түзетілді, қыруар қаржы үнемделді. Білген адамға өте ауқымды және күрделі жұмыс, – дейді филиал басшысы.

Бұл істе жылжымалы зертхананың зор көмегі тиіп отыр. Зертхана сынама сапасын алынған жерінде анықтап, шұғыл шара қолдануға мүмкіндік береді.

Заманауи зертхана жабдықтары

Қазіргі уақытта зертхана жабдықтарын жаңартуға күш салынуда. Заманауи құралдар қолданысқа енгізілуде. Мысалы, жол белгілерін қаптайтын пленкалардың жарықты қайтару көрсеткішін анықтайтын RetroSign GRX ретрорефлектометры, жолдағы белгілер мен жолақтарды тексеретін LTL-XL ретрофлектрометры, нормативтік көрсеткіштерді бақылайтын құрылғылар, асфальт-бетон жабынын тексеруге арналған жаңа жабдықтар сатып алынды. Мамандар осы аппараттарды пайдалана отырып, жолдан алынған сынаманың ыстық-суыққа, жүк салмағына, қысымға және суға төзімділігін, беріктігін сынайды. Биыл жер-жердегі асфальт жабындарынан 400 кемшілік анықталды. Соның 191-і жойылды.

Орталық қызметкерлері ауқымды жобаларға ерекше назар аударады. Мәселен, «Қарағанды-Балқаш» тас жолы құрылысы. Филиалдың құрылу уақыты құрылыстың тұсауы кесілген мерзімге дөп келді. Содан бері филиал мамандары осы құрылыстың басы-қасында жүр.

Жаңа жеткізілген сынама

Аталған көлік дәлізі 1В санатына жатады. Төрт жолақты. Сметаға сәйкес, жабын сапасы жоғары болуы тиіс. Және қауіпсіздік тұрғысынан келгенде көңілге қуаныш ұялатады. Қазір ел арасында бұл жолдың қауіпсіздігіне қатысты шағым көп. Әрине, алып жоба болған соң кемшілік те баршылық. Бастысы – кемшіліктер уақытында анықталып, жойылып отыр.

«Жолдың «жауы» көп»

«Жолдың «жауы» көп. Біріншісі – су, екіншісі – жүк көліктері», – дейді филиалдың бөлім басшысы Асхат Сахаев. Тілсіз жаудың залалы белгілі. Ал, жүк көліктері одан да үлкен зиян тигізіп отырғанын айтады маман.

– Қырық тонналық техника кез келген асфальттың тоз-тозын шығарады. Қазір облыс аумағында кетеуі кеткен жолдар баршылық. Бұл, біріншіден, өндіріс ошақтарының тығыз шоғырлануымен байланысты. Мәселен, кен тасыған жүк көліктері «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тас жолын іске алғысыз етіп, асфальтты ойып тастады, – дейді инженер.

Ақтоғай мен Ақсу-Аюлы арасындағы тас жол да осы кепті кигені белгілі. Сол уақытта халық шу көтеріп, белсенділер әкімдікке шағым жазды. Бұл жерде мердігер ұйымның салғырттығынан мыңдаған адам жол азабын көріп отыр.

Екі ауданның орталығын жалғайтын жолдың 16 шақырымын жөндеуді қолға алған мердігер жүз шақырымды ойран қылды. Яғни, құрылысқа қажет материалды Ақсу-Аюлы ауылының маңынан тасыған. Қырық-елу тонналық техника жан шыдатсын ба?! Қазір бұл жолмен жүру мүмкін емес. Енді, мердігер залалдың орнын толтыруы тиіс. Алдағы жылы 50 шақырымы жөнделеді деп күтілуде.

– Біздің мекеменің мәселеге қатысты тексеріс жүргізуге тікелей құзіреті болмаса да, көлік инспекциясы мамандарымен бірлесіп, рейдтерге шығып тұрамыз. Сондай-ақ, тұрғындардан жол сапасына қатысты шағым түссе, тексеріс жасауға құқылымыз. Ол жерге мердігерді, тапсырыс берушіні, шағым білдіруші тарапты шақырып, сараптама жасаймыз. Тиісті органдарға хаттамалар жіберіледі. – дейді Асхат Сахаев.

Кадрды мектептен іздейді

Жол сапасын қадағалауда аяққа тұсау болып тұрған тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Бүгінде елімізде жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ел бойынша 4 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар жолда жұмыс қызып тұр. Кәсіби мамандарға сұраныс зор. Бульдозер мен экскаваторларды жүргізетін адам жетіспейді. Дәнекерлеуші мамандарды жол құрылысындағы компаниялар талтүсте шаммен іздеп таппайды. Кейбір фирмалар өздері оқытып, баулиды. Жергілікті тұрғындар арасынан көбірек тартуға тырысады. Алайда, Айбол Жасұйымұлының пайымынша, бұл – уақытша шешім болғанымен, тығырықтан шығар жол емес.

– Сапалы жол қажет десек, сала мамандары сол қызметті жүргізуге біліктілігі сай болуы тиіс. Біз кадр тәрбиелеу ісіне баса мән береміз. Үш жыл ішінде сегіз студентті ақылы өндірістік тәжірибеден өткіздік. Қазір олардың бірнешеуі орталықта жұмыс істейді. Бұдан бөлек, жасөспірімдерге кәсіби бағдар беруді жолға қойдық, – дейді директор.

Кәсіпорын «2000 мектеп» бағдарламасын қолға алды. Яғни, осы бағдарлама аясында филиал мамандары мектептерді аралап, оқушыларды жол құрылысы саласына тартады. Шалғай ауылдарға барып, мамандықтың қыр-сырымен таныстырады, оқуға түсу тетіктерін түсіндіреді.

Филиал үш жылда жүзге жуық білім ошағымен әріптестік байланыс орнатты. Жыл басынан бері мамандар 94 мектепке арнайы барып, жеткіншектермен кездесті. Техникалық жоғары оқу орындары студенттері үшін «Ашық есік күнін» де өткізді. Ұрпақ сабақтастығы деген – осы.

Жол адамға аяқ біткеннен бар. Күн сөнгенше табан астында керіліп жата беретіні де аян. Ал, оның сапасын бақылау – қай заманда да қажет. Айбол Жасұйымұлы бастаған ұжым келешек үшін тер төгіп жүр.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Суреттерді түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Басқа материалдар

Back to top button