Бас тақырып

Дала дәмі қалада

«Ауыл Береке» жәрмеңкесі ел ішінде жарнамаға зәру емес. Қоңыр күзде қоңды малын, сүт-қаймағы мен көкөнісін көпшілікпен бөлісу ауылдықтар үшін дәстүрге айналған. Өткен сенбіде Қарағанды қаласындағы «Global City» көтерме-тарату орталығының аумағында кезекті «Ауыл Береке» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге келген жұрттың қарасы қалың.

 

Бұл жолы жәрмеңкеге аймақтың жүзден астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп отырған жерлестер келді. Оның ішінде, шаруа қожалықтарымен қатар, жекелеген шаруалар, қайта өңдеу өнеркәсіптері де бар. Бағасы да әдеттегідей базардан әлдеқайда төмен. Нақтылағанда, жәрмеңкеге келген жұрт өнімді 10-15 пайызға төмен бағамен алды. Ет, картоп, көкөніс, сүт өнімері, балық, жұмыртқа секілді күнделікті қажетті азық-түлікті қамтыған жәрмеңке халықтың қалтасын қақпайды. Сапасы – таза табиғи өнім. Ең бастысы, бағасы бұқара көңіліне қонымды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, жәрмеңкедегі өнімнің көлемі – 560 тонна екен. Оның ішінде, 53 тонна ет, 360 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімі, 8 тонна балық және балық өнімі бар. Ал жеткізілген жұмырт­қа саны 175 мың дана. Бұдан бөлек, 1 тонна өзге де өнімдер саудасы сәске түске дейін қыза түсті. Жалпы, жәрмеңке қала тұрғындарына қолжетімді бағамен сапалы азық-түлік сатып алуға және қысқа өз қорларын толықтыруға мүмкіндік беретінін ерекше атаған абзал.

 

Бұған дейінгі алғашқы жәрмеңкеде де ауылдықтар осынша тонна өнім әкелген болатын. Расында, жәрмеңкеде ет өнімі мол болады. Қысты соғымсыз елестете алмайтын жұртымыз осы жәрмеңкеде соғымын ойдағы бағасына алуда. Ен далада еркін жайылып, экологиялық таза өнім ретінде аса жоғары бағаланатын ауыл өнімінің кері қайтқан кезі жоқ. Әдетте түске дейін сөрелер босап қалады. Бұл жолы да осы үрдіс үзілген жоқ.

Қарағандылықтар жәрмеңкенің тиім­ділігін ұдайы айтады. Бағаның қолайлығы өз алдына, оның еш қоспасыз табиғи тазалығына тәнті.

 

– Мен өзім жәрмеңкеге үнемі келемін. Қажетті азық-түліктің негізгісін осы арадан аламын. Оның үстіне, ауылды да сағынасыз. Мұнда келіп, ауылдағы ағайынның біразын көріп, емен-жарқын боламыз. Қалаға ауыл көшіп келгендей, – дейді өзін Бижамал деп таныстырған қала тұрғыны.

Әр аудан өзіне тән шаруашылықтарды қамтыған екен. Мал шаруашылығы жақсы дамыған аудандар еттің ең шимандысын сөреге тізсе, көкөніс өсіріп, көпке аты шыққан өңірлер көкөністерді тонналап-ақ әкеліпті. Ұқсатушы кәсіпорындар мен балық шаруашылығындағылар да барымен бөлісті.

– Жергілікті БАҚ-та жәрмеңке туралы хабарландыруды асыға күтетіннің бірі мен шығармын. Өзіміз пәтерде тұрамыз, күзде өнімін жинап алар саяжайымыз да жоқ. Өйткені, қалада жұмысбастылықпен саяжай ұстауға уақыт тапшы. Ал, жәрмеңкенің арқасында сол олқылықтың алдын алып, қамбаны керек азық-түлікке толтырып жатырмыз. Картоп, ет, өзге де көкөніс­терді жәрмеңкеден алып жүрміз. Бағасы базардан да арзан әрі өте сапалы, – дейді Нина есімді тұрғын.

 

Қазы-қарта, жал-жая, ірімшік, құрт-май­ды жемейтін жұрт жоқ шығар. Базар аралап, шаруалармен саудаласып жүргеннің біршамасы өзге ұлт өкілдері. Қазақы дәм таңсық болса керек, әрі оның дәмі тіл үйірсе, алмағанда қайтеді?! Асылында, бертін келе қала халқын осы бір «Ауыл Береке» жәрмеңкесі қуантып-ақ келеді. Тіпті, кей тұтынушылар тауарды тегін алғандай разы болады. Бұндайды қазақтың дала дәмінің құны құлынды биеге бергісіз екені ашық көрінеді. Базар жұрты мәре-сәре. Саудаларына көңілдері тоқайып, қайтуға да қапаланбады. Себебі, оларды төрт бағытта қоғамдық көліктер тосып тұрды. Көліктер Сұрыптау ауданы, Пришахтинск, Михайловка, Оңтүстік-Шығыс бөліктеріне жүрді. Бұл қала тарихындағы дала дәмінің иісі аңқыған есте қалар жәрмеңкенің бірі еді.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button