Жаңалықтар

Құдайменде Сұлтан

Есім хан жалғыз барып Ташкентті алған,

Құтсадақ Құдайменде жетім қалған.

(Мәшһүр Жүсіп)

       IMG-20170515-WA0012Үстіміздегі жылғы шілде айының 7-ші жұлдызында атақты Құдайменде төренің ұрпағы бабаларының бейітінің басына көктас қойып, құран оқытпақ.

Заманында даңқы Орта жүзге кеңінен жайылған Есім ханның баласы Құдайменде сұлтанның есімі бұл күндері көмескіленіп, ұмытыла бастаған. Ол туралы өткен ғасырда ауыл қариялары тамылжытып айтып отыратын ел аузындағы аңыз-әңгімелер де қалың жұртшылықтың жадынан шыға бастаған. Бірақ, біздің өткенді ұмытуға ешбір құқымыз жоқ. Ел тарихына байланысты мәліметтерді тірнектеп жинап, рухани мұрамызды жаңаша пайымдап, кейінгі ұрпаққа дұрыс түсіндіріп, зердесіне сіңіре білу – баршамыздың борышымыз. Сондықтан да, Сарыарқа тарихында табан ізі қалған ірі тұлға – Құдайменде төре туралы оқырман қауымға қысқаша мағлұмат бере кетуді жөн көрдік.

Шыңғыс ханның ұрпағы Құдайменде төре Арғын Қуандық елін басқарды.

«Руым өрдегі Алтай Қуандықты,

Көрсеткен әркімдерге жуандықты.

Аққошқар Сайдалының заманында

Бір көлден қырық мың жылқы суарыпты»,

деп Біржан сал әніне қосқан, «Ә – десең, мә – деп едірейіп тұрған Қуандығы бар, өмірінде үзілмейтін жуандығы бар» – деп, ірілігін Абылай ханның өзі мойындап кеткен, Ағыс, Қалқаман, Темеш, Бөріші, Қарпық, Алтай руларынан құралған 44 болыс Қуандық елінің билігін Құдайменде сұлтан уысынан шығармаған.

Құдайменденің әкесі Есім хан Ата заңымыздың алғашқы үлгісі «Жеті жарғыны» шығарушы кемеңгер Тәуке ханның кіші ұлы Сәмеке ханның баласы.

Сәмеке 1723-1738 жылдары қалмақтармен арадағы шайқастарда Орта жүз руларын басқарған хан. 1734 жылы 10 сәуірде Ресей патшалығының жарлығымен Орта жүздің ханы болып бекітілген.

Есім хан Түркістанды Әбілмәмбет ханмен, ол өлген соң баласы Болат ханмен бірігіп басқарғанымен белгілі. Есімханға 28 мың жылқы бітіпті деген ескілікті сөз бар.

Құдайменде Есім ханның ұлты қарақалпақ әйелінен туады. Жасынан өжет болып өсіп, есейе келе «тентек Құдайменде» атанады. Орыс архивінде сақталған Ресей саяхатшылары И.Шангиннің және Ф.Назаровтың жазбаларынан Құдайменденің Сарыарқа жерін жекедара билеп-төстеген даланың көкжалы болғандығын аңғаруға болады.

Құдайменде Ресейдің қоластына кіргенімен, толық мойын ұсынбаған. Өткен-кеткен орыс экспедицияларына салық салып отырған. Оларға әредік шабуыл жасап жүрген қазақтардың қарулы топтарына тойтарыс беруге ынта танытпаған. Ф.Назаровтың Қоқан хандығына жетпек болған экспедициясының адамдарына да жылы шырай танытпай, қаруланған сарбаздарына сырттай торуылдатып, әбден зәрелерін ұшырып, шамамен бір айдан кейін ғана қабылдауға келіскен. Сұлтанның даңқ – дәрежесін көрсету мақсатымен, ресейліктерді он шатыр тігіп, мол дастархан жайып, қарсы алған.

«Султан разбил к приему нашему 10 палаток, вмещавших в себе каждая от 30 до 40 человек. При нем было триста киргизов, вооруженных, в панцырях и кольчугах. Султан имел около 60 лет от роду, был росту среднего и видом мужественен», – деп жазады Ф.Назаров. Құдайменде бұл жолы ру билерін орыс экспедициясын қайтар жолында кедергісіз өткізіп жіберуге міндеттейді және жолбастаушылыққа төлеңгіттерімен 16 жасар баласы Қоңырқұлжаны және інісі Сары сұлтанның ұлы Бұлқайырды қосып береді.

Ресей шенеунігі, тілмаш Филипп Назаровтың Қоқан хандығына жіберілген сапары 1813-1814 жылдары орын алғаны белгілі. Демек, бұл жылдары Құдайменде шамамен 60 жаста болса, туған мерзімі 1753 – 1754 жылдары болуға тиіс.

Құдайменде төре жөнінде тасқа басылған тарихи мәліметтер аз. Дегенмен де, Ресей мұрағатында ол туралы деректер қадаушабыр кездесіп отырады. ХYІІІ ғасырдың 70-ші жылдары Обаған жерінің жұртын егін салуға баулығаны, 1784 жылғы жұттан кейін Барақ сұлтанмен бірігіп, қарақалпақ жеріне жорық жасағаны, 1779 жылы орын алған қақтығыстардан кейін башқұрттардан тұтқын ұстағандығы, 1796 жылы атаман Телятниковтың Тәшкенге шеккен сапарынан қайтарда ресейліктерден ақы талап еткендігі сияқты жекелеген деректер бар. Орыстың белгілі тарихшысы әрі мемлекет қайраткері А.И.Левшин Құдайменде сұлтан туралы өте жоғары пікірде болған. 1832 жылы жарық көрген «Описание киркиз-казачьих или киркиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегінде Құдаймендеге арналған төмендегідей жолдар бар:

«… первое место занимал султан Худайменды, сильный числом покорных ему киргиз-казаков, сильный властию, над ними приобретенною, и умом своим».

Қазақ шежіресінде Құдаймендеге 18 мың жылқы біткен деген мәлімет бар. Сұлтанның Қоңырқұлжа, Сәнияз, Бек, Бөрі, Арыстан атты бес ұлы және екі қызы болған. Бопай атты кенже қызы Әлихан Бөкейхановтың үлкен әкесі Мырзатайдың әйелі. Құдайменденің екінші қызы Бөлен сұлтанға тұрмысқа шығып, одан Жабағы, Арыстанбек, Рүстем, Тәмен сұлтандар туған.

Құдайменде өлген соң ел билігіне араласып, Ресей патшалығының шенеунегі ретінде қызмет еткен балалары:

Құдаймендеұлы Қоңырқұлжа әкесі дүниеден қайтқаннан соң Алтай – Қарпық руларын басқарып тұрған, ал 1832 жылы Ақмола приказының аға сұлтаны қызметіне сайланған. 1840 жылы полковник шеніне жоғарылатылған. Ақмола қаласының көркейіп, қалыптасуына едәуір еңбек сіңірген. 20 мың жылқы айдаған бай болған.

Құдаймендеұлы Бек 1832 – 1839 жылдары Тоқа – Қарпық болысын басқарған. Патша үкіметі тарапынан коллеж асессоры, кейінірек сарай кеңесшісі шенімен құрметтелген. Александр және Андрей ленталарына тағылатын алтын медальдермен марапатталған.

Құдаймендеұлы Арыстан Қоңырқұлжадан кейін Ақмола округіне аға сұлтан болған. Майор шенімен, Анна және Владимир ленталарына тағылатын алтын медальдермен құрметтелген.

Қоңырқұлжаның 18 баласының ішінде Бегалының және оның ұлы Жәңгірдің есімдері ерекше аталады. Бегалы атақты бай болған. Олар туралы Шөже ақын:

«Қареке Саңырақтың Қияшы бар,

Жігітке сайтан келсе жігі ашылар.

Жәңгірің бұл Сібірде асып тұр ғой,

Дәулеттің Бегалыда ұясы бар»

– деп жырлаған.

Жәңгір қазіргі Қарамұрын стансасы мен Қарлаг тұсында Красная Поляна атанған ауылдың төңірегін жайлаған. Ел арасындағы әңгімелерге қарағанда 17 мың біткен бай болған және еліне қадырлы, ауылдастарының сауатын ашу үшін мешіт – медресе салдырған, тұқым асылдандыру ісімен айналысқан көзі ашық көрнекті тұлға болған.

Құдайменде сұлтан 1825 жылы күзде қайтыс болды. Жерленген орыны Жаңаарқа ауданы Қараағаш селолық округіне қарасты жергілікті халық «Төре тамы» деп атап кеткен жер. Кірпіштері саз балшықтан құйылып өрілген шошақ моласы жақсы сақталған.

Құдайменденің есімі бейітіне жақын жердегі жатаған таулар мен Сарысу алабындағы өзенде қалды. Жалпы ұзындығы 63 шақырымды құрайтын бұл өзен Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінің солтүстік-батысындағы Айғыржал тауларынан басталып, Атасу өзеніне құяды. Алабы – шабындық, мал шаруашылығына қолайлы жер.

Құдайменде туралы ауыз әдебиетінде кездесетін ескілікті аңыз-әңгімелер көп болған. Солардың бірі – Шорман бидің Құдайменде төренің баласы өлгенде көңіл айтуы:

«Бірде Шорман би Қуандық еліне жоқ іздеп барады. Бір байдың үйіне қонып, ел жайын сұрай отырып, өзінің жоқ іздеп келе жатқанын баяндайды. Сонда бай айтады:

Әй, шырағым-ай! Жоғыңның жөні болмайды-ау, себебі Қуандық елін билеп тұрған Құдайменде төренің баласы өліп, үш күн болды ас ішпей қайғырып жатыр. Басын көтермейді, көзін ашпайды, ешбір адам көңіл айтуға бата алмайды.

Меймандар байдың үйіне қонып, ертең төренің үйіне аттанады. Ауылға жақын қалғанда аттарынан түседі. Аттарын тұсап, жаяулап келе жатқан бір топ адамды көрген бір кісі, төреге хабар береді.

Сірә, жат адамдар болу керек, аттарын алысқа тұсап, он шақты адам жаяулап келе жатыр,— дегенде төре бір көтеріліп, бір жатады. Жолаушылар үйге кіріп, төрге шығады. Құран оқылып біткен соң, Шорман былай деп көңіл айтады:

Уа, сен Құдайменде төресің,

Хақтың әміріне көнесің.

Естідік, балаң өліпті,

Құдай сені көріпті.

Түпкі атаң Барақ хан,

Елді заңға қаратқан,

О да өткен дүниеден.

Екінші атаң Мейір хан,

Тентек пенен тебінді

Төрелік беріп айырған,

О да өткен дүниеден.

Үшінші атаң Тұрсын хан,

Өтірік айтса қымсынған,

О да өткен дүниеден.

Төртінші атаң Қасым хан

Аруағы басым хан.

О да өткен дүниеден.

Дүние деген фәнидың

Өзі де өтер дүниеден.

Дос көтерер көңілді,

Мал көтерер өлімді.

Қайғырғанмен келмейді,

Ажалсыз пенде өлмейді.

Басыңды көтер, хан төрем,

Күйзелтпе бүйтіп еліңді,

Өлемін десең, міне, пышақ,

Өлмеймін десең, тұрып бақ!

Сонда хан басын көтеріп алып:

Көз таңбалы Сүйіндікте Шорман атты бір ұл бар деп еді, соның өзімісің, өзгемісің? – депті.

Болсақ болармыз, – депті Шорман».

Ібірахым (Жақан) Ісләмұлы,

өлкетанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button