Шет

Дәуірмен үндес басылым

   Осыдан 80 жыл бұрын газетіміздің алғашқы саны латын қарпінде “Sotsialistik tabs” деген атаумен жарық көрген. Содан бері басылым күні бүгінге дейін халықпен бірге етене қауышып келеді.

Кешегі кеңестік дәуірдің отызыншы жылдарындағы солақай саясаттың соққысы аудан газетін де есеңгіретті. 1937 жылдың ауыр кезеңінде латын қарпімен жарық көрген газетіміздің алғашқы редакторы Біләл Рысаев жалған жаламен айыпталып, ұсталып кетті. Сол бір қиын жылдарда газетке Жүніс Ыбышев, Әбдірахман Нұршин басшылық жасады. Одан кейінгі жылдары Қазыкен Түсіпов, Шәкен Мұсаханов, Бақытжан Атшабаров, «Ильич туы» атауымен Іскендір Тәженов, Зәбира Әлікеев, Хамит Лұқпанов, Қасым Орынбетов, Бағдат Мекеев, Қадыкен Бижанов басқарды. Ел егемендігін жариялаған тұста газетке редактор болып жазушы Кәмел Жүністегі жетекшілік жасап, «Ильич туы» атауы жаңа дәуірге, жаңа заманға сай «Заман» атауын иеленді.

Газеттің өткен жылдарғы жауапты хатшылары, әрі редактордың орынбасарлары болып еңбек еткен Орынбасар Дулатбеков, Саябек Айнатайұлы, Халел Дәулетбекұлы, Рымтай Зауатбайұлы, Жағыппар Қарабалаев, бүгінде ҚарМУ-да профессор Мұхамедқали Әбдуов, Тыныштық (Есен) Орынбеков, Балтабай Уақасов, Қамаш Сейталина, бұрынғы «Ақадыр таңы» және «Заман» газеттерінің редакторы, жазушы Төрехан Майбас сияқты қаламы қарымды журналистерді мақтан етеміз.

2005 жылы газетке редактор болып Қызғалдақ Айтжанова келді. Тұңғыш әйел редактор Қызғалдақ Асқарқызы газеттің сапалы әрі көркем болып шығуына үлкен мән беріп, газеттің беделін көтеруге бар күш-жігерін жұмсады. Одан кейінгі жылдары газетке Серғазы Әбдібеков, Болат Тойшыбек басшылық етті.

Штаттан тыс тілшілеріміз де бар. Серік Қамбар, Әуесхан Аманжолов,  Егінбай Кенжебаев ағаларымыз газетпен қоян-қолтық араласып жұмыс істеуде.

2007 жылы қараша айында газеттің 70 жылдық мерейтойында конкурс жарияланып, атауы «Шет шұғыласы» болып өзгерді. Сол атаумен 2008 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін жарық көріп келеді.

Бүгінгі таңда газетіміздің шағын ұжымында ұзақ жылдардан бері Болат Тойшыбек, Салтанат Тұяқбайқызы, Ұлболсын Қадырқызы жемісті еңбек етуде. Сонымен қатар, басылымның Ақадыр өңірі бойынша тілшісі Шыңғыс Мұқаев, газетіміздің есепшісі Айгүл Мадалиева, жарнама жөніндегі маман Арайлым Ысқақты атай кеткеніміз жөн.

Шежірелі Шет өңірінің төл газеті аудан өмірін айшықтауға үлес қосып, өз дәуірінің жаршысы бола беретініне бек сенімдімін.

 

Мейрам СӘДУАҚАСОВ,

«Шет шұғыласы» газетінің редакторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button