Мәселе

Дәстүр мен дінді дүрдараз ету кімге қажет?

Дәстүр мен дін бұрындары селбесіп қатар өмір сүрсе, енді «сен» десіп қалып жүр. Сақал ұзарып, балақ қысқарғаннан бері бұл «жұптың» әні де әр түрлі шыға бастады. Жауырды жаба тоқып не қылайық: қазір таразының басында бұл «жұп» жиі арбасады. Әзірге қайсының тасты төңкерері де белгісіздеу. Өйткені, сәждеге жығылғанның бәрі діни сауатты деу артық. Құран оқығанның бәрі тағы да діндар десек, қате. Осындайда аузы дуалы, сөзі уәлі діни құзырет берілген тұлғалар ғана бұқараны адасудың көзге түртсе көргісіз қараңғы түнегінен сақтайды.

Осыдан бірер апта бұрын Қарқаралы ауданында жерлеу мен зират көтеруге қатысты даулы мәселе орын алып, әлеуметтік желіге жергілікті азамат түсірген бейнежазба тарады. Өңір түгілі, елдің төрт тарабын түгендеп кетті. Иісі қазақтың шамына тиіп, жанына батқаны да рас. Онда бейнежазба таратушы Қарқаралы ауданында жаңа қорымға жерленетін марқұмның қабірі жарты метр, басына бейіт енді көтерілмейтінін, тіпті, таза қоршалмайтынын айтады. Мұсылман бауы­рын соны ұстануға «үндеді». Бұл  «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді өлгенше ұстанған жұртты жақтан шапалақпен сарт еткізіп салып жібергендей еді. Елді елең-алаң қылған мәселе қайдан шықты?

Ашындырған әңгіменің төркіні неде?

Бабасына зират көтеріп, оған зиярат еткен қазақ үшін «Бейіт салма» деу – оған «атаңды есіңе алма» дегенмен пара-пар. Бейнежазбадан жұрттың шошығаны да сондықтан. Онда «Бұдан былай бейіт соғылмайды. Қазылуы да басқаша. Енді Жаңанегіз ауылы (Қарқаралы ауданындағы ауыл – автор) осы үрдісті ұстанайық», деген үндеу жариялаған Қарқаралы ауданы Жаңанегіз ауылы тұрғынының шын мәнінде, неге сүйеніп айтқаны бізге беймәлім. Десек те, жұрт арасын әжептәуір абыржытты. «Кең көсіліп жататын екі қадақ жердің осынша өлшенгені несі? Дәстүр қайда қалды?», дес­кен жұрт. Мұның бәрі өлгенін далада емес, молада қалдырған қазаққа тым жат көрінген-ді. Ашық күнде елді  осынша ашындыр­ған әңгіменің төркіні неде?

Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев бейнежазба таратқан ауыл тұрғынының халыққа дұрыс жеткізбегенін айтып отыр. Одан соң Қарқаралыда бас имам Естай Айтуғанұлының қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүріпті. Әкім орынбасарының сөзіне сенсек, сол жиында халықтың өз еркі өзінде екендігі айтылған. Мұнда мәжбүрлеу жоқтығы мәлімделген. Яғни, марқұмның басына  тас қойса да, бе­йіт көтерсе де, ерік – елдің өзінде.

− Иә,  видео таратылды. Оның авторын білеміз. Ол – осы жергілікті жамағаттың өкілі. Әрине, видеоны таратқанда да өзінің кемшіліктері бар шығар. Бұл өзі сондай бір нәзік тақырып қой, жалпы. Осы себептен біз арнайы облыстан бас имамды шақыр­дық. Ол кездесуге жергілікті имамдар, жалпы Қарқаралы өңіріндегі қауымдастық өкілдерін, белсенді ақсақалдарды шақыр­дық. Сол кісілердің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.  Әр түрлі пікірлер айтылды. Біреулер келісетін, енді біреулер келіспейтін тұстарын айтты. Бірақ, меніңше бір мәмілеге келді. Ол – әрбір адам өзіне қалай ыңғайлы, солай әрекет ететіні. Бұл – адамның өз таңдауы. Түсіндіру жұмыстарында осы нақты айтылды. Шариғат тұрғысынан, дәстүр тұрғысынан да. Ең алдымен, біз өзіміздің дәстүрге сүйенеміз  ғой. Осының бәрі келтіріліп, түсіндірілді. Ешқандай дау-дамайсыз. Бұл арада шариғаттың нақты талаптарын айта алмаймын, – дейді Дархан Жиенбаев.

Қорымның жері 2019 жылы жергілікті әкімдіктен бөлініп, заңдастырылған. Аумағы – 5 гектар. Темір шарбақпен қоршалған. Әкім орынбасарының айтуынша, мұнда зерттеу, сараптау жұмыстары өтіпті. Қорым талаптарға сай екен. Ескі қорым қазіргі күні толған.

– Мұндағы басты мақсат – ретке келтіру, бірізділік. Егер әркім қалай болса, солай сала берсе, бұл қорым да жылдам толып кетеді, – дейді Дархан Жиенбаев.

 

Бұқара нені көксейді?

Тілдескен біраз тұрғынның аузынан «Адам өлген соң топырақпен  топырақ болып кетуі тиіс», дегенді бірнеше мәрте естідік. Жасырып қайтейік, естідік те, тағы таңдандық. О дүниелік адамның топыраққа айналуы бейіттің биік-аласалығына не қатысы бар екенін ақыры түсінбедік. Одан соң алдымыздан шыққаны «трендтегі» сөз – ысырапшылдық. Көптің сөзіне көңіл қойсақ, оның тоқетері мынау екен. Осы күні жұртшылық бір-бірінен қалмаймын деп, жарыса күмбездеп бейіт көтеруге кірісіп кетсе керек. Ол әркімді әліне қаратпайтын әлекке салыпты. Қайсыбіреулер несие алады. Енді біреулер тас таппай сандалады екен.

Сондықтан да, Қарқаралыдағы «Құнанбай қажы» мешітінің имамы Митератбек Құблайхановтың айтуынша, жергілікті жұртшылық бірізділікті көксеген шешімге келіскен. Ал, әкімнің орынбасары жалпақ жұрттың бейіт салу-cалмауы өз таңдауында дейді. Бір жиында қатар отырып, екеуі екі түрлі естігеніне қарағанда, әркім өзіне қолайлы ұсынысты ғана қабылдаған сыңайлы.

Жалпы, имамның айтуынша, қазіргі уақытта діни басқарма ұсынған жоба негізінде жерлеу облыста Саран, Сұрыптау стансасында жүріп жатыр екен. Енді Қарқаралыда қолға алынбақ.

– Діни басқарманың бұл жобасын халықтың көпшілігі қолдады. Ортақ шешімге келді. Діни басқарма ұсыныс ретінде  айтады. Дінде мәжбүрлеу жоқ. Былайша айтқанда, халық «Қамқор – Шарапаттың»  ортақ шешіміне келісті,  – дейді Митератбек имам.  

Имамның мәлімдеуінше, қабір сол бая­ғыша қазылады. Мәселе бейітке байланыс­ты. Біз барған жаңа қорымда бұған дейін жерленген 95 жастағы кейуана дамыл тауып жатыр екен. Имамның сөзіне сенсек, марқұмның қабірі бұрынғы дәстүрмен қазылып, баяғыша жерленген.

 

«Біз арабқұл емеспіз»

Қарқаралы аудандық мәдениет үйінде бас имамның түсіндіру кездесуіне жиналған халықтың саны шамамен 60-қа жуық болыпты. Ол алпыстың құрамында әр ауыл имамдары, ауыл әкімдері, біршама ақсақалдар ғана бар. Қарқаралының басында 9 мыңға жуық адам тұрады. Жиынға келгенінің саны санаулы ғана. «Телеграм канал арқылы хабарланды. Келгені осы», – деп алақанын жайды жергілікті атқарушы  билік. Шыны керек, маңызды мәселе қозғалып жатқанда, бұқараның бұлайша бейқам қалғанына іштей қайран қалдық.

Қарқаралы ауданының тұрғыны Ермағанбет Темірғалиев та – бас имаммен кездесуге қатысқан көптің, өз тілдерінде айтқанда, жамағаттың бірі. Ерте ме, кеш пе, өзекті жанға – бір өлім. Қарқаралы  тұрғыны күні өткенде басына белгі ғана қойдыратынын аманаттап кетерін тастүйін айтып отыр. Туыстарын да сол ұстаныммен жерлеуге әзір. Ел шулап жатқандай «Арабқұл емеспіз» дейді.

– Біз «Ханафи» мазхабын ұстанамыз. Мешітке барамыз. Намазымызды оқимыз. «Зират және зиярат мәдениеті» деген құжатты біз  имаммен жиналыста көрдік.  Құдай басқа бермесін,  өлік-тірік әр отбасында болады ғой. Мен өз басым «Көктас қой, болды» деймін. Неменеге туыстарыма ондай жүк артамын?  Бәріміздің Аллаға баратынымыз хақ қой. Туыстарым қайтып жатса да, солай істеймін. Мысалы,  Баянауылдан тас әкелу, оны қалайтын кісі бар, жолы, бәрі  бес-алты миллион теңгеге шығады. Оған біреудің шамасы келеді, біреудікі келмейді. Несие алып жатады. Несие пайызбен. Пайыз – ол харам. Пайызға алған ақшаның күнәсі қайтыс болған адамға тиіп жатады, оның не пайдасы бар? – дейді Ермағанбет Темірғалиев.

«Өлген адамға үйдің керегі не?» дегенді де естідік. Әрине, марқұм оны қайтсін?! Мәселе онда емес. Мәселе – өліге құрметте екенін меңземей ме дәстүр?

 

«Біз ешкімді мәжбүрлемейміз»

2020 жылдың 10 желтоқсанындағы «Зират және зиярат мәдениеті» құжаты негізінде дәстүр мен дінді сабақтастыра жерлеу  рәсімдері туралы кітап жарық көріпті. Облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы жерлеуге қатысты барлық рәсімдердің соған сай жүргенін айтады.

– Сол кітап аясында жұмыс істедік. Өзімнің облыстың бас имамы болып келгеніме жеті ай болды. Қарқаралыда жаңа зират ашылғаннан кейін соны аудан әкімінен бастап, барлығы  қолдап, ауылдың ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері «өте дұрыс» десті. Анау жерде көп пікірді жазып, шулатып жатқандар тәңіршілдер деп естіп жатырмын.  Дәл қазіргі наным-сенімге кірген адамдар деп айтып жатыр. Ал былай халықпен сөйлестік. Халық толықтай қарапайым болғаны дұрыс деп келісіп отыр. Ешқандай бізден қарсылық жоқ деп қабылдап жатыр ғой. Келген халыққа «Жаназа және жерлеу рәсімдері» деген кітап таратылды. Сол кітапта бәрі жазылған. Сол кітапта шариғи тұрғыда көрсетілді. Қазір түрлі ескерткіштер қойып, неше түрлі мүсіндер жасап, биік бейіттер салып, сондай бір әркелкілік кетіп бара жатқан уақыт. Сурет қою да айтылды. Соның бәрін бірізділікке түсіруді үндеу мақсатында мүфтият ұсынған. Біз ешкімді мәжбүрлемейміз. Жалпы  насихат ретінде айтамыз. Әрі қарай кім қандай шешім қабылдайды, өз еркінде негізінде. Мәжбүрлік жоқ. Қазір халық арасында қоғамның айтып жатқаны – бейіттер мешітке ұқсап кеткені. Сосын жерлеу рәсіміне ең кемі бір жарым, екі миллион ақша кетеді. Кірпішіне, қазір қымбат қой. Бұл қажет пе?  Шариғаттың құптайтын амалы негізінде қабір қарапайым болуы керек. Басында ортақ қоршау болады. Мал кірмес, адам таптамас үшін. Бел тұсына дейін, немесе тізеден сәл жоғарырақ  фундамент көтеріп, топырағы шашылып кетпес үшін бір-екі қатар кірпіш қаланады. Басына белгітасы қойылып, аты-жөнін, туған жылын, руын, қайтыс болған жылын жазып қояды. Қазір сол қорымға үш кісі жерленіпті. Халық өзі барып көріп жатыр екен. Ешкімде қарсылық жоқ. Ең бастысы ортақ қоршау бар. Осыдан артық керегі жоқ деп халық айтып жатыр екен.  Мұнда секторға бөлінеді. Ортада жаяу жүргіншілер, көлік жүретін жолы болады. Қасында қоймасы, қазып беретін, құрал-сайман сақтайтын орны салынады. Мүфтияттың «Қамқор – Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы болады. Ең басты мақсат – бірлікке шақыру, бірізділікке шақыру деп қабылдасаңыздар, – дейді бас имам.

Сонымен қатар, сол қорымға бейіт көтергісі келгенге де еш қарсылық жоқтығын алға тартты имам. Демек, жерленген туған-туысына жұрт бейіт көтерем десе, ешкім тек демейді. Себебі, ұсыныстың заңдық негізі жоқ. Ол небары ұсыныс қана.

 

Құжаттар тіл қатқанда

2020 жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қабылдаған «Зират және зиярат мәдениеті» құжаттамасында нақты бейіт соқпасын деген жазу жоқ. Онда да ұсыныс ретінде айтылған. «Зират көтерудің мәдениеті» тармағында «6. Шариғат заңдары зираттарды сәндеуді, үлкен ескерткіштер орнатуды талап етпейді. Керісінше мұсылман зираты барынша қарапайым болғаны жөн. 7. Қорымға қойылатын құлпытастарды бір-бірінен асып түсетіндей етіп әсіре сәндеу немесе оған мол шығын жұмсау ысырапқа жататындықтан, шариғат мұны құптамайды. Дініміз ондай әрекетке тыйым салады», – деп жазылған. Ал «Зират құрылыстары» тармағында «1. Зираттың жалпы көрінісі ешбір артық құрылыссыз, барынша қарапайым болғаны дұрыс. 2. Зиратты жан-жануарлар бұзып, тапталмауы үшін сыртына қоршау жасалған жөн»,– делінген. Бұған қазақ та келіспейді емес, келіседі. Реттілік болғанына қарсылығы да жоқ. Бейіт басындағы құрылыстарға заңдық негізі бар құжаттар да рұқсат етеді.

Облыстың Дін істері басқармасының басшысы Жанболат Сектайдың айтуынша, жерлеудің тәртібі арнайы ұйымдардың құжаттарында айқын жазылған.

− Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекіген «Жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидалары» және облыстық мәслихаттың шешімімен бекіген «Қарағанды облысында жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидалары» бар. Сонда нақты жазылған. Пікірдің бәрін қоғам қалыптастырады. Қоғам деген халықтың өзі.  Яғни, жергілікті тұрғындар қалай деп шешеді, солай болады. Ешқандай да мәжбүрлеу жоқ. Ерікті түрде.  Дін тұрғысынан имамдар да кездесуде өз пікірлерін айтты. Бұл арада бәрі ерікті негізде. Ал, зират мәселесіне келгенде, халықта түсінбеу­шілік бар. Ол – «Мемлекет тарапынан  шектеу қойылып, бейіт саламын десе, салдырмай қоюы мүмкін» деген сыңайдағы күмән. Олай емес. Мына «Қарағанды облысында жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларының» «Жерлеу орындарын абаттандыруды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстау тәртібі» «Жерлеу орындарын абаттандыру және оларды күтіп-ұстау» деген төртінші тарауының 12-тармақшасында «Жерлеуге бөлінген учаскенің шекарасында: табиғи тастан немесе бетоннан жасалған қабір үсті ескерткіштер мен құрылыстар, гүлзарлар мен орындықтар орнатуға; қабір басында гүл, кейіннен қырқылып отырылатын сәндік бұтадан қоршау отырғызуға жол беріледі» деп жазылған, – дейді басқарма басшысы.

Көріп отырғанымыздай, құзыретті ор­ындардың тасқа түскен қағидаты қазаққа бейіт салма демейді. Ешқандай шектеу жоқ оған. Яғни, әркім жағдайына қарай әрекет етуі тиіс.

 

Қазақ бейітті неге салған?

Аруақ деп атқа қонған елдің ұрпағы үшін бейіт қастерлі екенін айту – парыз. Ол – дәстүр. Қазақ ел болғалы қанына, сүйегіне сіңіп кеткен. Этнограф Төрехан Майбас соңғы қазақ қалғанша бейіт соғыларына сенімді.

«Қазақ бейітті неге салған? Бейіт қазақ үшін барлықтың, биліктің, я болмаса құрметтің өлшемі емес. Көп ел  солай ойлайды. Әрине, ол да бар. Бірақ, негізгісі ол емес. Бейіт дегеніміз – бұл қазақ баласы үшін  аруақ. Бейіт деген – бұл қазақ баласы үшін аруақпенен тілдесудің құралы. Қазақ баласының үй салмауы мүмкін. Бірақ, бейіт салмауы мүмкін емес. Үйсіз-күйсіз, жайсыз жүрген қазақ болуы мүмкін. Бірақ, бейітсіз қазақтың болуы мүмкін емес. Олай болса, қазақ баласының бейіттен айырылуының жөні жоқ. Қазір мешітті «құдай үйі» деп жүрміз ғой. Құдайға мешіттің бес тиынға керегі жоқ. Оны шығарып алып жүрген біз. Олай болса, бізге де айтуға болар еді «бейіт – аруақтың үйі» деп. Бейіт қазақ баласының жағырапиялық тұрғысынан айтқанда, орналасуын көрсетеді. Қазақ баласының көшін, қоңын айқындап тұрады. Өйткені, әрбір қазақ баласы, әрбір әулеті, әрбір қазақ руы, әрбір қазақ тайпасының өздерінің бейіт салу үлгісі болады. Біреулер  «күмбез бейіт» дейді. Біреулер «шошақ бейіт» дейді. Біреулер  «төрт құлақ бейіт» дейді. Осыған қарап, мына жердің кімнің жері екенін анықтауға болады.

Патшалық Ресей кезінде қазақ шекараны  тастармен белгіледі. Ол тастарды «далып» дейтін. Сол сияқты қазақтардың ұлттық-рулық шекараларын  белгілегенде, осы бейіттер шекара бағандарының орнына жүрген. Қайда  қазақ баласының бейіті – сол қазақтың жері деген сөз. Осыған байланыс­ты бейітке қатысты көп жайтты айтуға болады. Бейіт салынған жерде су бар. Су бар жерде ауыл бар дегенді білдірген. Қазақ бейітті көзінің қарашығындай қорғайды. Ешқандай айқай-шусыз өмір сүретін қазақ бейітке келгенде көтере алмайды. Өйткені, онда аруақ жатыр. Қазақ  даласындағы үлкенді-кішілі соғыстың барлығы да сол бейіттерден басталған. Яғни, бейітті бұзудан басталған. Бейіт қалай бұзылады, солай соғыс басталады. Қырғыз бен қазақ соғысы солай басталған. Бәріне көнген қазақ бұған көне алмаған. Сондықтан,  қазақты бейіт салудан айыру деген – бос сөз.

Естеріңізде болса, 87 жылы ма, жоспарлы «Тұрғын үй-91» деген бағдарлама болған совет заманында. Қазақ басшылығына Колбин келіп, бағдарлама орындалмауын қазақтың құрылыс материалын бейітке жіберуінен көрген еді. Соған байланысты қаулы да шыққан. Құрылыс материалдарынан, кірпіштен бейіт салмау жөнінде. Оған қазақ көнген жоқ. Қазақ баласы сонда да салды. Бейіт салу әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Олай болса, бейітпен жарысудың жөні жоқ. Ақырғы қазақ қалғанша, әке-шешесіне бейіт салатын болады», – дейді этнограф-жазушы Төрехан Майбас.

Сонымен қатар, этнограф мұсылман дінінің екпіндеп кіруінен, неше түрлі ағымдардың қойыртпақ пәтуаларын ұсынып жатқанын да тілге тиек ете кетті.

 

Басқаның дәстүрін телу – бізге жат

Облыстың Ақсақалдар алқасы қоғамдық ұйымының төрағасы Жексен Абдрахман жалпы салт-дәстүрді әр ұлттың тұрып жатқан географиялық нүктесіндегі климаттық жағдайына байланысты мыңдаған жылдардың жемісі деп біледі.

«Бір мың емес ол, бірнеше мың жылдың елегінен өткен, сұрыпталып, сарапталып, осында жеткен дүниелер. Ұлттық тағам, ұлттық киім, ұлттық дәстүр оның климаттық географиялық жағдайына байланысты туындайды. Арабтың құмында сәлде орайды. Не, араб бөрік тіккен қазақтан ақымақ па? Әлде еуропалықтардан кем бе, шляпа ойлап тапқан? Өйткені, сәлде салқын үйдің ішінде оралады. Оның әр бүктемесінде салқын ауа қалады. Олар үшін сәлденің екі-үш мәні бар. Біріншіден, ол сәлде күннен қорғайды. Екіншіден, олардың құмы майдалылығы сондай, ол желмен ұшқанда көзін, бет-аузын құмнан сақтап, орайды. Ол сәлде – фильтр, сүзгі. Ал, енді, сол сәлдені мына Сарыарқаның сары шұнақ аязына таққан дұрыс емес деп ойлаймын. Сарырақада қыста түлкі тымақ, жазда  күн өтпесін деп пұшпақ бөрік киген. Басқаның дәстүрін бізге әкелуге болмайды.

Иә, адам баласы дәстүрін, көзқарасын өзгертіп отыратын сәттер болады. Алайда, мынау ритуалға келгенде ештеңе өзгермейді екен. Біздің жерлеу тәсіліміз сонау сақ  заманынан, одан бұрынғы қола дәуірінен жалғасып келеді. Сол уақытта қалай жерлесе, бүгінге дейін қазақ солай жерлеп келеді. Оны археологиялық қазбалар көрсетіп отыр. Ал, енді тек ислам келгеннен өзгергені – жерлеу кезінде біз құран оқимыз.

Араб елінде күн елу градус ыстық. Сондықтан олар мәйітті ұстап отыра алмайды, бірден жерлейді. Қазақ үш күн ұстайды. Өйткені летаргиялық ұйқы болуы мүмкіндігін білген қазақ. Әрі алыс-жақыннан туыс-туғанын келуін күткен қазақ.

Сондай-ақ, дәстүрде қонақ асы деген бар. Бұл «қонағына берілген соңғы асы» дегенді білдіреді. Қазақтың түсінігі бойынша, адамның жаны өлмейді. Шаңырағында бір жылға дейін жүреді деседі. Соның құрметіне үшін, жетісін, қырқын, асын берген. Біз ас беруді парсының «асхана» деген сөзімен шатастырып алдық. «Ас беру – адамның жанын Тәңір иесіне беру» дегенді білдіреді, – дейді Жексен Абдрахман.

 

Түйін

Дәстүр діннен  бұрын пайда болып, дін келгенде халық оның өзіне қажеттісін алып, салтына енгізгені мәлім. Тұрмысына бейімдеп алғаны да шын. Солай ғасырлар бойы жалғасып келді. Содан дәстүр мен дін осыған дейін дәл бүгінгідей шарпыса қоймаған. Бір-бірін толықтырып, тіршілік кешіп жатқан жайы  бар-ды. Тек кейінгі жылдары ала қойды бөле қырқу біраз тығырыққа тірей бастады. Оның арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін тәсілі әзірге әмбеге тағы белгісіз болып тұр. Дін мен дәстүрді алшақтату кімге қажет? Әсілінде, Шерағаңның «Қазақ діндарлары ұлттық шеңберде қызмет етуі тиіс», – дегенін еске тағы бір мәрте салып өтсек, мұның еш артықтығы да, сөкеттігі де болмас еді.

ҚАРАҒАНДЫ – ҚАРҚАРАЛЫ – ҚАРАҒАНДЫ

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button