Бас тақырып

Дәрігер біліктілігі – бірінші орында

ҚР Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында азаматтардан алынған ұсыныстарды орындау шаралары қатарында медициналық қызметтер сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағыты бар. Салауатты ұлт қалыптастыру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға үлкен қадам жасалады. Ол үшін медициналық қызмет сапасы жақсарып, қарапайым халықтың қолы жететіндей болуы шарт. Медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру әрі маман тапшылығын жою – аталған межеге жетудің тиімді жолы.

Medicine doctor hand working with modern computer interface as medical concept

Жалпы, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтер сапасы басқа да бірқатар факторларға байланысты. Мәселен, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы, медициналық құралдармен жабдықталуы, қаржылықэкономикалық жағдайлары аса маңызды орын алады. Дегенмен де, халық үшін маңыздысы – барлық маман дәрігерлерге деген қолжетімділік. Әсіресе, білікті мамандарды әркімнен бір сұрап, шаммен іздегендей болатанымыз рас.

Бүгінде аймақтың денсаулық сақтау саласында жалпы саны 14 601 медициналық қызметкер бар. Оның 4475-і дәрігерлер болса, қалған 10 126-сы – орта медициналық қызметкер. Бұл көрсеткіш тек мемлекеттік медициналық мекемелердің қызметкерлеріне қатысты. Бұдан бөлек жекеменшік клиникалардағы мамандарды қосыңыз. Осының барлығында кадр мәселесі – үнемі назарда.

Уақыт ілгерілеген сайын ұрпақ алмасатыны сынды мамандар да бір-бірін алмастыратыны анық. Өмірін бір салаға арнаған мамандардың орнын жастар басуда. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, былтыр өңір дәрігерлері 333 маманмен толыққан. Оның басым бөлігі, яғни, 260-ы – жас мамандар. Ауылдық жерлерге кеткендері де жоқ емес. Маманмен қамтамасыз ету үздіксіз жүріп жатыр. Олардың білімдері мен шеберліктерінің деңгейі – басқа мәселе. Білікті маман қай жерде де сұранысқа ие екені белгілі. Алайда, сол деңгейге жету үшін тың білім, сол білімді іс жүзіне асыруға мүмкіндік керек. Бұл ретте аймақтың денсаулық сақтау басқармасы кейінгі жылдары медициналық кадрларды оқыту бойынша жұмыстарды жүйелі жолға қойған. Себебі, өз ісінің шеберлері саналатын маман қалыптастырудың маңыздылығы күн тәртібінен ығысар емес.

  • Бізде 2014 жылдан бері қажеттілік байқалатын мамандарды резидентурада мақсатты түрде оқыту жүргізіліп келеді. Оған қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінеді. Соның нәтижесінде биылғы жылы 58 маман резидентурада оқып жатыр. Оның 13-і биылғы жылы жұмысқа кіріссе, қалғандары оқуларын келесі жылы аяқтап, еңбекке кірісетін болады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, мамандарды оқытуға емдеу мекемелерінің қаражаты тартылады. Осы арқылы олар да өздерінде тапшы мамандарды даярлап алуға жағдай жасайды.

Резидентурадан бөлек медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау үздіксіз жүзеге асырылады.

– Бұл бағыттағы жұмыстарға республикалық, жергілікті бюджет, сондай-ақ, медициналық ұйымдардың да қаражаты тартылады. Дәрігерлер ғылыми, тәжірибелік, ақпараттық тұрғыдағы түрлі шараларға қатысады. Осындай шаралар арқылы 6700 қызметкер республика көлемінде ғана емес, алыс-жақын шет елдерге барып өз білімдерін арттыруға мүмкіндік алды,– деді Ержан Нұрлыбаев. Шетел мамандарының қатысуымен ұйымдастыратын шеберлік сағаттары да жаңаша білім жинақтап, көкірек көкжиегін арттыруға септігін тигізеді. Тәжірибе уақыт өте келе қалыптасады дегенімізбен, медицинаның бүгінгі таңдағы мүмкіндіктері білімді де, білікті де дамытуға жетеді. Мамандыққа адалдығы алдыңғы орында болуы тиіс.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button