Бас тақырып

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жеткен қарағандылық спортшылар марапатталды

Қарағанды облысынан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Аңсаған Қожанәсіп пен Ажар Салықова қатысты. Олар бес медаль жеңіп алды. Спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын тамаша нәтижемен облыс әкімдігінде құттықтап, оларға ақшалай сертификаттар табыстады.

Қарағанды облысында ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда. Бүгінде өңірдің 36 мыңға жуық тұрғыны 11 спорт түрімен айналысады.  Олар: тоғызқұмалақ, саятшылық, бәйге, жекпе-жек, қазақ күресі, асық ату, теңге алу, аударыспақ, көкпар, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үздік өнер көрсеткені үшін спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына алғысын білдірді. Ол қарағандылықтардың Қазақстан құрамасының жеңісіне зор үлес қосқанын атап өтті.

– Сіздер медаль жеңіп алып, Қазақстанның намысын абыроймен қорғап, еліміз бен өңірімізді қуанттыңыздар. Біз бәріміз сіздерді мақтан тұтамыз. Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін ғана маңызды емес, бұл жарыстар мәдениет пен дәстүрлерді де насихаттайды. Сіздерге жаңа биіктерді бағындыруды тілеймін, ал біз барлық жағдайды жасап, жеңістеріңізге қуанамыз, – деді Әлібек Әлденей.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аңсаған Қожанәсіп Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарында төрт медаль жеңіп алды. Ол тоғызқұмалақта күміс пен алтын жеңіп алып, екі рет овариде жүлдегер атанды. Әлемнің 89 елінің ең мықты спортшылары арасында үздік атану күрделі болды, деп мойындады ол.

– Мен ойындарға мұқият дайындалдым. Жарыстарда жеңіске жету үшін көп күш жұмсауға тура келді. Тоғызқұмалақта ең мықты қарсыластар Қырғызстан мен Моңғолиядан болды. Овари африкалық ойын болғандықтан, Антигуа мен Барбуда, Гана спортшылары мықты ойнады. Овариді алғаш рет 2017 жылы Прагада ойнадым. Ойын қызықты, сондықтан мүмкіндік болған кезде мен қатысамын. Ал, тоғызқұмалақ – бұл менің 9 жасымнан бергі құмарлығым. Көз алдымда үлгі ретінде ағам болды. Ол тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әрқашан көмектеседі және қолдайды. Қараша айында әлем чемпионаты өтеді. Қазір барлық күш-жігерімді осы жарысқа дайындалуға жұмсаймын, – дейді Аңсаған Қожанәсіп.

Қарағандылық Ажар Салықова Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бірінші жарыс күнінде кураш күресінде күміс медаль жеңіп алды. Спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері және джиу-джитсудан ұлттық құрамаға кіреді. Ажар Салықова – күрестің бірнеше түрі бойынша ҚР бірнеше дүркін чемпионы, дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Самбодан Әлем чемпионатының қола жүлдегері.

– Кураш бойынша жарыста екі жылдан бері өнер көрсетіп келемін. Өзімді жайлы сезіну үшін мен барлық ережелерді жаттап алдым. Кілемге шыққанда, күрес бірдей болып көрінеді. Алайда айырмашылықтар бар. Джиу-джитсу – партерадағы күрес, ал кураш – өзіңді ұстау. Кураш бойынша алтынға жетуге сәл ғана қалды, жаттығулар жеткіліксіз болды. Жоспарда Азия ойындарына қатысу бар. Өткен жылы мен үшінші орын үшін отандасыма ұтылдым. Бұл жолы мен джиу-джитсудан алтын алғым келеді, – дейді спортшы.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан 112 медаль жеңіп алып, бірінші жалпы командалық орынға ие болды. Оның 43-і алтын, 32-сі күміс және 37-сі қола. Екінші орында Қырғызстан құрамасы, үшінші орында Ресей құрамасы тұр.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button