Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жылРуханият

«Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық жыр мүшәйрасында бәйге алған ақындардың жалынды жырлары

Өткен аптада кеншілер астанасы қара өлеңнің қасиетті қағбасына айналды. Бұлай деуімізге дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдығына орай өткен «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық жыр мүшәйрасы толық негіз болмақ. Жыр жәрмеңкесі облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен осымен алтыншы мәрте жалауын желбіретіп отыр. Ендеше, аталмыш жыр додасында оза шауып, бәйге алған ақындардың жалынды жырларын Сіздер де көңіл таразысына салыңыздар, мәртебелі оқырман…

РЕДАКЦИЯДАН.

Бас жүлде Ғылымнұр КӘДІРБАЙ (Нұр-Сұлтан қаласы)

 

Бала Қасымның бақұлдасуы

Әр қабірдің басында күйіп жатқан шаңырақ,

Манар тауға ұшады көк түтіні жамырап.

Атбесіктің үстінде байғыз отыр, сұңқылы

Түн аспанын жаңғыртты кесілгірдің сұм тілі.

Өлілерді іздейді алты жасар тұлымды ұл,

Жылан соқпақ шығады қарсы алдынан бұлыңғыр.

Бара жатыр бір шеру

Қарқаралы ары асып,

Соңдарынан жүгірді қалмайын деп адасып.

Көз жетпейді шеруге көкке сіңген көш басы,

«Ей, адамдар, адамдар, ала кетші, тоқташы!»

Топ ішінен бөлініп кері жүрді бір адам,

«Ата-ау!» деді…

Ары қарай сөйлей алмай жылаған…

«Қабіріне сыймаған өлілерге шерменді,

Қалшы, қарғам, осында,

Ары қарай ерме енді»

Өксік атып оянды бала Қасым…

Мұлғын түн,

Мұлғын түннің ішіне сіңіп кеткен бір жұрты.

Құдығына Аманжол ай түнеген шақ еді,

Ағысына ғұмырдың қайшы келген шақ еді…

Ескі тамның түбінде жыртық тонын жамылып, бүрісіп ұйықтап жатқан екі ағасын оятып алмайын деп еппен басып, сыртқа шыққан Қасым әжесі қаздырған құдыққа қарай келе жатыр…

Бала Қасым тұрды үнсіз қарашығы боталап,

Жебей жүрші Көк Тәңір,

Қолдай көрші От Ана…

Қарқаралы, қарт таулар, сенен басқа пірім жоқ,

Жылай-жылай еске алам қос жанарым іріңдеп.

Тоздырғанмен уақыт саған бастар жолдарды,

Уата алмас мені ешкім!

Жұбата алмас қормал күн.

Туған жерім сен менің кеудемдегі сарысу,

Айтыңдаршы бар болса сағыныштың дәрісі?!

Саған тамған бір тамшы кіндік қаным алдымнан,

Қасіреттің теңізі болып шығар әр жылдар.

Құлының ем мен сенің, жаны – алау, іші – күй,

Қайтқан құспен күз сайын хат жазамын хұсни.

Мені есіңнен шығарма атам қонған ескі жұрт,

Пері ауылы болады саған шөккен кешкі бұлт.

Қыстауы бір көршінің ақсұңқардай баласы,

Сен есімде мәңгілік алты жаста қаласың.

Біз жүгірген кең дала, құланкөде, ақселеу,

Барлығыңды есімнен шығармаймын әсте мен.

Қарқаралы сағынба,

Қара орманым шақырма,

Айналдырдың сен мені айы шалқақ ақынға.

Азу тісім қысылған менің ағаш босағам,

Ене алмаспын қайтадан…

Хош бол енді, хош-аман.

Өлең оқып береді…

Тарқатады наласын,

Рухым кезіп бір күні

Қарқаралы даласын.

Маңдайыңа сыймадым, таңдайыма тұнды өлең,

Қаудыраған қаңқа емес өлең болып бір келем.

Көкке кеткен өлілер оралады қайтадан,

Тыңда мені сол кезде өзім жайлы айтам ән.

Күтіп мені қара жол талдырмашы қарашық,

Таң ағармай кетемін Шұбартаудан ары асып…

 

І орын Әсел ОСПАН (Алматы қаласы)

Қайда екен, қайда, сол ақын?!

«…Келемін қайтып, өлеңімді айтып,

Қайда екен, қайда, дариға сол қыз?!»

Қасым Шабыттың қонған құсы ма екен,

Күн шыққан сайын күтетін көп іс.

Өңі ме екен, түсі ме екен –

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс».

Кезің келгенде жолға шығатын,

Түсіп бермеді-ау, жолдасың атын.

… Дариға сол қыз, қайда-деп кеткен

Қайда екен, қайда, сол Қасым ақын?

Өмірің сенің, ертегі, шері,

«…қаһарын төгіп тұрса да соғыс».

Өлеңнің өрті өртеді сені

Қайда екен, қайда, дариға сол қыз?!

– Айым дер еді, күнім дер еді,

Аялап ақын армандай қызды…

«…бір нәзік сәуле дірілдеп еді» –

кешірді бастан жалғандай күзді.

Тербейді сол ән қайықта мені

– Баян боп қонған бақтай ұлыңа,

…Дариға сол қыз, Жайықта ма еді

Жетісу жақтың ақ қайыңы ма?!

Ән қанатына байланып қалам,

Менің де кезім жолға шығатын.

…Дариға қызға айналып барам

Қайда екен, қайда, сол Қасым ақын?!

 

ІІ орын Мирас АСАН (Нұр-Сұлтан қаласы)

ҚАСЫМ ДЕСЕ…

Қасым десе…

От келер көз алдыңа дауылға ерген,

Сол отқа кетер кіріп жаның керуен.

Оқыс жыр селк еткізер, бейуақта

Оятып жібергендей тәніңді өлген.

Қасым десе…

Тау келер көз алдыңа мұнар биік,

Сол тауды арқаларға шыдар ма иық?

Шыңдары мұз құрсанған қарлы қаңтар,

Етегі ыстық шілде тұрар күйіп.

Қасым десе…

Қалам емес, саусағы шүріппеде,

Шайыр тұрар алдыңда сұлық дене.

Бір қарасаң қырық құрақ жамау-қайық,

Бір қарасаң желкенді үміт-кеме.

Қасым десе…

Шайыр шығар жарқырап аспаныңда,

Тереңің де сол сенің, асқарың да!

Сөлкебайға киімі былғанбаған,

Сөрелердің кітабы – бас жағында!

Қасым десе…

Абай, Мағжан келеді ойға бірден,

Жаз боп шыға келеді, жайлау іргең.

Көз алдыңа келеді аңғал шайыр,

Ақ жейдесі желбіреп тойға кірген…

Қасым десе…

Көз алдыңа келеді отты қалам,

Отты қару сияқты шеп құраған,

Шумағынан сол қалам жазған жырдың,

Құж-құж қайнап, қып-қызыл шоқ құлаған.

Қасым десе…

Құлағыңа ән келер бір алыстан,

Қайырмасы сыңғырлап жыр ағыстан.

Шанағынан дариға-домбыраның,

Қанат қағып алты қаз жырақ ұшқан…

Қасым десе…

Елестейді тар қапас жанды қысқан,

Шын ақынға боқ дүние – мәңгі дұшпан.

Көз алдыңа келеді шерлі шайыр,

Атақты емес, намыс пен арды құшқан!

Қасым десе…

Қазақ келер көзіңе аңқылдаған.

Аңғал-саңғал қазына сарқылмаған,

Найзасына сүйенген алып батыр,

Найзағайдай жырлары жарқылдаған!

Қасым десе…

Арты жар да, шыңырау – алды құрдым,

Тарих түсер есіңе қанды қырғын,

Қасым деген сөз содан естіледі,

Қайырмасы сияқты зарлы жырдың…

Қасым демей бастаман жыр-аламан,

Қасым десем қасқайып тұра қалам.

Қасым деген – өмірдің өзі емес пе,

Қасым-Ғұмыр – екеуі бір-ақ адам!

***

ІІ орын Дәурен ТІЛЕУХАНҰЛЫ (Ақтөбе облысы)

ҚАСЫМ ТУРАЛЫ

Дауыл сынды алапат өрт үрлеген –

дертім де өлең, дариға, сертім де өлең!

Шерлі кеудем қосылып қоңырлайтын,

«Домбырамда бір күй бар…» – шертілмеген…

Сағынышым, о, бәлкім, аңсарым ба?

Сұңқылдайды сол бір күй саусағымда…

Сұм соғыстың өтінен өлмей жеткен,

Қайран өлең куәгер қанша мұңға.

Зеңбіректер тудырып заманақыр,

Жар сыйлады орамал-аманатын –

 Білегінің жарасын емес оған,

Жүрегінің наласын орады ақын.

Тән – тапанша ұшында… жан – қылышта…

Ажал-қақпа ашық тұр әр бұрышта.

«Өлем» деген үрей жоқ,

Отаны үшін – Өлең кіріп келеді қанды ұрысқа!..

Тазалығы – аққудың қанатындай,

Адал жырды кім жазды сол ақындай?..

Қайран қазақ даласы тосты сонда –

«Майдан жақтан жаңа леп соғатындай…»*

Батырлардай көтерген зіл батпанды,

Ғашық жардай аңсаған жұмбақ таңды,

«Айнымасқа серттескен ақ орамал» –

Қасым жыры – қазаққа қымбат мәңгі!..

Қасым жыры – Рух жыры, Намыс жыры ед!..

Қас дұшпанмен сол

Намыс алысты көп.

Қан майданда қарға адым шегінбеген

Бабалардай кешегі барыс-жүрек.

Баспанаға кетті оның қанша кегі,

Бақыт, бірақ, уақытпен өлшенеді!..

Осы дала – Қасымның ұлы өлеңі,

Осы дала – ақынның аңсары еді!

Қанға малған қаламның қонса бағы,

Зар-мұңын да ол заманның арқалады.

…Қасымын жоқтап тұрған секілді әлі

«Басынан бұлт тарқамас Қарқаралы?..»**

…Алтын деп ақын жырын бағалаған,

Қарсы алар жатырқамай жаңа ғалам –

Қарадауыл Қасым боп қайта келдім,

«Ей, тәкәппар дүние», қара маған!..

*«Майданнан соққан жаңа леп» (Ғ.Мүсірепов)

 **«Қарқаралы» (Мәди Бәпиұлы)

***

ІІІ орын Айзада РАХЫМЖАНОВА (Нұр-Сұлтан қаласы)

ҚАСЫМ ДЕГЕН – ҚАРА ӨЛЕҢ

Өзегінен от көсеген, жыр балқып,

Өн бойынан өлең селі тұр ма аңқып?

…Ақын рухы болған дейді, адамзат –

Аллаға арнап шалған алғаш құрбандық.

«Перизатта бола ма деп пенделік?»,

Құрбандыққа біз де бір кез сенбедік.

Төбемізден төнген бұлтқа қарамай,

Өлең іздеп жүрдік үнсіз, сенделіп…

Қызыл-жасыл шұғылаға бөленген,

Мырқымбайлар мінберге кеп, өлермен.

Қасымдардың өтті асау ғасыры,

Қасиет те кетті қара өлеңнен.

Келсе келсін!

Бердім жолды, мархабат…

Солар өтсін соқталдай сөз арқалап.

…Қасым деген қара өлең ғой, қара өлең –

Шайтанкөлде жүзген өлең шалқалап.

Қасым деген сәуле ғой ол, түнгі арай,

Өлерменге өткен сөзін былғамай.

…Сонда да бұл соры қалың ғасырға,

Құйып кетер жасым жетпей тұрғаны-ай.

Күйік те өтер…

Қасым жетпей тұрғаны-ай!

 

***

ІІІ орын Есей ЖЕҢІСҰЛЫ (Алматы қаласы)

Қасымның монологы

Дұшпан болдық екеуміз ерегескен,

Ерегескен, ажал-оқ себелескен.

Жаңа таңда түсіме ауыл кірді,

Бұлдыраған сағымға ере көшкен.

Менің ғазиз жанымды елеместен,

Таң бозынан ән айтып, баян тартқан

Қас дұшпаным, сірә, сол сен емес пе ең?

Оқ атылды, тағы да үзілді әуен,

Қою шаңнан аршимын жүзімді әрең.

Танымаймыз біріміз бірімізді,

Сен Гамбургте туғансың,

Қызылда – мен.

Ақын деген от-жалын, қызу қан ем…

Ата кегін қуғандай атысамыз,

Империялар ойыны – біздің дәурен…

Көп қиялдан өртенген, көп арманнан,

Ақын едім жанына өлең қонған.

Білесің бе, кісіні атпақ түгіл,

Бір сәтім жоқ жолына бөгеу болған.

Енді сүйреп жанымды доғалданған,

Сенің келем ізіңнен қалмай мүлде,

Асып таудан, өзеннен, көк орманнан.

Талай көрдім тағдырдың не түнегін,

Қорғаны жоқ, қоры жоқ жетім едім.

Өлең-жаным өмірге ғашық болып,

Алға сүйреп келеді көкірегім.

Сондықтан да ерлікке бекінемін,

Ленинград, Алматы, Қызыл, Орал,

Перзентіңді ұмытпа, өтінемін!

Тағы айтамын, адаммын арманым көп,

Заңғарларға тұрады самғағым кеп.

Қас дұшпаным, мен Қиыр Шығысқа да

Өз еркіммен жау іздеп барғаным жоқ.

Тіл жабысқан тостақты зорлап үрлеп,

Бой тасалап окопта жатсам дағы,

Жүректегі жырымды қаужадым кеп.

Тыныш атсын деп күтіп жаңа таңым,

Шырқасын деп шаттығын жан Отаным,

Жанымдағы жыр-өлең бітпесін деп,

Қас дұшпаным, мен саған оқ атамын!

Оқ атамын, және де боратамын,

Мен атпасам, сен мені қиып түсіп,

Ғұмыр бітер… жалт етіп дала-тауым.

Сенде, сірә, жоқ шығар ар салмағы,

Жүрген жерің әуре мен сарсаң бәрі.

Қос өкпемнен барады суық өтіп,

Киіз шинель қымтанып алсам дағы.

Сұрамайды мұнда ешкім жан-сауғаны,

Жалғыз оққа жалынып кете барды,

Екі жақтың қанша ері, қанша ардағы!

Сайын дала еркесі, еркін едім,

Қан майданда қан жұтып, тентіредім.

Нәзік жаным сезеді қаталданған –

Жеңсем ғана жауымды, серпілемін.

Қас дұшпаным, ұғып ал, сол тілегім:

Өмір үшін мен сені өлтіремін,

Өлең үшін мен сені өлтіремін!..

***

ІІІ орын Сұлтанғазы АСЫЛ (Талдықорған қаласы)

РУХ КҮЙІ (Қасым Аманжоловқа)

Шер-шанақтан шашылған бір күй едім,

Күй болған соң, кеңістікті сүйемін.

Жалын атқан, жасын құсқан қалпыңмен

Рухыма сіңіп кеттің, киелім!

Автор.

Боздашы қане, боз дала!

Өз жүрегін өлімші ғып тастап кеткен жиекке,

Менің сырқат көңілімнің күмбірі қалтылдап тұр тиекте.

Көкжиектің қызыл ерні аспан мойнын өпкенде,

Сазға жерік жан дүниемді, сауал кернер, от кернер – мүжілген тасқа қына біткен бе бетіне бедер жел салған,

Шырылдап келсе шын алып жерге қаймана үшін енші алған.

Уай, менің кенді кеудемді басқан жұмырбастының әзизі,

Тағдырың қандай бұралаң еді…

Шерменде ме едің шер сауған?!

Мұңсіңді қоңыр үніңді естіп аспаншыл тауым теңселген,

Таскешті заман зарыңды жұтса, не қайыр асқақ еңсемнен.

Қадым дәуірден тұма-жырыңа сусатып көрген емес ең,

Ұршық-ажалдың үйіргеніне көндіге бердің неге сен?!

Қайран да қайран асыл нәсіл-ау,

Қасыммын дейсің жондана,

Қыранмын дейсің қомдана, қомдануың сонда, сорға ма?!

«Қасқырмын» деп сайқал замананың жонына азу салған ең,

Тұғырыңды аңсап ұлылығыңды парықсыз депті – зарлы әуен!

Сонда сен нені көкседің екен көксеңгір көңіл жомарт жан,

Жамалына жаз қонбас теріскейдей байлығын мұңлықсың ба тонатқан?

«Баспана» құрсын, нар желісіңмен кеттің-ау кеше найқалып,

Мендік арман – қабіріңнің басына гүл болып өсу жайқалып!

Сондықтан баба, өр баба!

Жасындай жалын құсатын, жанартаудай қалпыңмен,

Абадан текті нарқыңмен тілдессем-ау дедім мен,

Зиратыңа зар жұтып бес түнеп қайтқан едім мен,

Жайықтан жылап, Арқадан ауып, еңіреп қайтқан

Еділден, Жетісудан да жырақтап кетіп, намыстан қайта оралған

Талай жатырлас Тарымда тозып, үркіншілікте жоғалған;

бәрі де бүгін Атамекенде, жырыңнан жасын-күш алып, рухыңның күйін шертіп келеді көңілін зайыр құса ғып!

Ой-хой, бабам-ай, мұсатыр мұзда буыршын тайса, сендік табан нық еді,

Сол асқақ Рухтан алты алашыңның аспаншыл күйі түледі.

…Қайран, Қасым-ай!

Ғасыр үнін саба көңілдің сарқындысындай шайқап жүрегі,

Күй болып боздап көңілдің сонау түбінде жатқан үнемі!

Басқа материалдар

Back to top button