Жаңалықтар

Дүйсенбеков дүбірі

«Отан үшін от кешіп, жанын пида еткендерді өздерінің ессіздігімен өлген ақымақтар қатарына қосып, ал майданнан аман-сау оралғандарды назарға да алмайтын, керісінше, оларға «сталиншілдер», «партократтар», «отработанные материалы» деп қарайтын пиғыл пайда болды. Ол ол ма, «егер Гитлер жеңіске жеткенде біздің де жағдайымыз Германиядағыдай болар еді» дейтіндер шықты. Ақымақтық! Басқыншылықтың аты – басқыншылық. Біз қару алып Отанымызды қорғадық. Өмірімізді оққа тостық. Бізде бір-ақ мақсат болды: ол – Отанды басқыншылардан қорғау…».

Бұл – Ұлы Отан соғысының ардагері, Сталинград үшін болған қанды қырғынның қаһарманы, «Даңқ» орденінің үш мәрте иегері, І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл ту», «Знак почета», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қарағанды облысының, Қарағанды қаласының, Шет, Жаңаарқа аудандарының Құрметті азаматы, есімі аңызға бергісіз әңгімеге өзек болған Камали Жұматайұлы Дүйсенбеков­тің журналистермен болған сұхбатында айтқан пікірі. Пікірі деп айта салу жөн болмас, бұл – ардагердің жанайқайы, қайсыбір кемсана жандардың кемшін ойлауынан туған пікірге деген қарсылығы.

сурет: автордан

***
Камали Жұматайұлы Дүйсенбеков!

Бұл – бала кезімнен естіп келе жатқан есім. Жұрт «Камали Жұматаевич» немесе «Камали Жұматайұлы» деп жатпайтын. Қысқаша ғана «Дүйсенбеков» дейтін. «Дүйсенбеков шақыртыпты», «Райком Дүйсенбеков», «Дүйсенбеков келе жатыр» деген сөздер бала кезімізден құлағымызға сіңісті болған. Сол атағы жер жарған Дүйсенбековтің кім екенін, қандай адам болғанын кейін білдік қой. Аңыз адам екен.

Кәмекеңнің балалық шағы өткен ғасырдың өкпек желі өңменіңді тесіп, қиындығы қос өкпені қысып тұрған шаққа тап келген. Жоқ-жітік уақыт, жұтаң тірлік, сыз иісі қолқаңды қабатын жатағын үй, тар бөлме, тыстан келсең жаутаңдап қолыңа қарайтын балалардың кейісті жүзі… Таршылық тынысыңды тарылтқаны аз болғандай, жан біткенді жаусатып жалаңдап аштық келді. Бұл 1929 жыл еді. Басқа өңірге қарағанда тіршілік ету қолайлы жер болды ма екен, Кәмекеңнің әке-шешесі Спасскіге қоныс аударады. Бір жылдан соң «Қарағандыда шахта, завод ашылып жатыр» дегенді естіп, қалаға көшіп келеді. Мұнда көкөніс сақтауға арналып салынған барақты баспана етіп тұрады. Барақта отыздан астам отбасы қалт-құлт етіп күн кешеді. Бәрінікі де тұралаған тұрмыс. Бала Камали осы кезде науқастан, аштықтан қайтыс болғандарды көріп өсті, тауқыметті тірлік оның қабырғасын да, ішкі рухын да қатайтып тастап еді. Әкесі Федоровкадағы №1 кірпіш заводына балшық айдаушы, анасы құм карьерінде жүк тиеуші болып орналасады. Мехнаты бел қайыстырар қара жұмыста жүрген әкесінің жарақат алып, еңбекке жарамсыз болып қалуы отбасы жағдайын тіпті, қиындата түседі. Басқа түскен мына сын-сынақтан ерте есейген бала Камали: «Әкем көтерген шаңырақтың тағдыры енді біздің талабымыз бен тірлігімізге қарап қалды. Шайқалтпауым керек», – деп тастүйін боп алатын кезі де осы шақ еді. 13 жасында ол әкесінен айырылады. Бұл – балиғатқа толған балаң жігіттің белін қатайтқан қасірет еді.

Ержетіп, ес жиып, аштық пен жұтаң тірліктің салмағынан енді құтыламыз-ау деген шақта соғыс басталды. Қырық бірдің қырғыны басталғанда Камали жеті жылдық мектептің соңғы сыныбында оқып жүріп әкесі еңбек еткен кірпіш заводына жұмысқа орналасады. Ат айдаушы, жүк тиеуші болады, бос уақытында вагоннан кірпіш түсіріп, күнкөріс нәпақасын табады. Мақсаты – анасына сүйеу болу.

1942 жылы өз еркімен майданға аттанады. Жауынгер Камалидің жан әлемін астан-кестең етіп, «адам қолымен осындай да айуандық жасалады екен-ау» дегізген оқиға Сталинград үшін болған шайқас еді. Құзғындай қаптап келген жау самолеттерінің бауырынан төгілген бомба қара жер қойынын әлем-тапырық еткенін көрді. Ысқырып келіп құлаған снарядтардың алапат күшінен жер солқылдағанын сезді. Жауған оқтан жасылдай жапырылған жауынгерлерді де көзі көрді. Тұшынып тамақ ішпей, қатқан нан жеп, тіпті, екі-үш күн нәр татпай жүрген күндері болды. Сталинград шайқасы жауынгер Камалидің жігерін жаныды, қайратын шақырды, қаруын сүйіп тұрып «Қасық қаным қалғанша жаумен шайқасып, кек аламын» деген сертке байлап тастаған болатын. Оның бұдан кейінгі жорықты жолдары ерлік пен өрліктің дастанындай еді. Ол – ерлік эпопеясы еді.
4-Украина майданы 63-армиясының 13-корпусы 24-гвардиялық дивизиясының құрамында соғыс қимылдарына қатысқан Камали Жұматайұлы Курск доғасындағы қанды шеңгелді бұзып шығуға, Севастополь, Симферополь, Калининград, Херсон, Евпаторий, Картказак-1, Картказак-2, Саки, Орел, Донбасс, Воронеж, Новочеркасск, т.б. қалаларын, Қырымды, Прибалтика жерін фашистерден азат ету жолындағы кескілескен ұрыстардың бел ортасында жүрді.

Севастопольді азат ету үшін болған қанды қырғында қолына снаряд жарқыншағы тиіп, ауыр жарақат алады. 1944 жылдың 6 мамырында Красноярск госпиталіне түскен Кәмекең тамыз айына дейін емделіп, жаралы қолын кесуден аман алып қалып, елге оралады.

…Енді оны тылдағы еңбек майданы күтіп тұрған еді.

Иә, тағдыр сыйы болар, елге оралған Кәмекең екі жыл бір сыныпта оқыған Марфуға есімді қызбен табысып, тілек түйістіріп, жүрек жақындатып, бас құрап, шаңырақ көтереді. Өзі қым-қуат еңбекке араласып кетеді.

Қарағанды облысы, Ворошилов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшы болып тағайындалады. Кейін Қарағанды қаласына шақырылып, еңбек жолын бастаған кірпіш заводы директорының орынбасары болады. 1945 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-і жанындағы біржылдық курсты тәмамдап (кейін екіжылдық партия мектебінде, ҚазМУ-да оқып жоғары білім алады), саяси-қоғамдық жұмыстарға араласады. 1946 жылы Жезқазған (Қарсақбай) аудандық партия комитетінің үгітшісі, кейін Мойынты-Шу теміржолы құрылысы саласында жауапты қызметкер, 1950 жылы Ворошилов аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді. 1953 жылы Жаңаарқа аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, 1959 жылы Жаңаарқа аудандық атқару комитетінің төрағасы болады. 1964 жылы Шет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады. Он жеті жылдай осы ауданды басқарды.

Атағынан ат үркетін қызметтерді тізбелеп шығу оңай, ал сол қызметті абыроймен атқарудың қиындығы қаншалықты десеңізші. Соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстары, тұралап қалған агросекторга жан бітіру, жабылып қалған әлеуметтік-рухани, білім орталықтарын ашып, оларды мамандармен қамтамасыз ету, жол салу, мәдени ошақтардың жұмысын жандандыру, халықтың әл-ауқатын арттыратын шараларды қолға алу, тұрғын үй салу т.с.с. жанды буындарды тез арада іске қосу – бірінші басшының жауапкершілігіндегі жұмыстар. «Райком Дүйсенбеков» бұл салада да қайраткерлік таныта білді. Халықтың «Камали аға» деген құрметіне ие болды. Кәмекең ордалы отбасымен де зор дәулетке кенелді. Марфуға апай екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірді. Бірі Ұлы Отан соғысының батыры («Даңқ» орденінің толық кавалері Кеңестер Одағының Батыры атағымен теңестіріледі- авт.), бірі «Батыр ана» атанды. Олардан тараған немерелер мен шөберелер – Камали ағаның ғұмырының жалғасы.

1924 жыл 26 желтоқсанда (Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Жамбас бұлақ ауылында) дүниеге келген батыр аға 2018 жылы 1 ақпанда 94 жасында дүниеден озды. Келесі жылы Камали ағаның туғанына 100 жыл толады.

Ғазиз ЕШТАНАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button