Cұңқар Сәкеннің әкесі

    Биыл қасіретті 1937 жылдың, қызыл империяның отызыншы жылдардағы сұрқия қанды қол саясатының мейлінше күшейіп, ерекше сипат алған қуғын-сүргін шараларының 80-жылдығы. Өткен ғасырдағы сталиндік қатал тәртіптің жазықсыз жандарды қырып-жойған зорлық-зомбылығының шырқау шыңы деп осы 1937 жылды атауға әбден болар.

Бұл жылы қуғын-сүргін құрбанына айналған қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі – Сәкеннің әкесі Сейфолла Оспанұлы еді. Әкесі Оспан 23 жасында қайтыс болғанда Сейфолла бесікте қалып, Оспанның ағасы Мақажанның қолында өскен. 19 жасында Алсай Ақбура Тышанбайдың қызы Жамалға үйленіп, екеуі Сәкен (Сәдуақас), Мәлік (Мәлгаждар), Әбен (Әбумүслім), Мәжит (Ғабдулмәжит) атты ұлдарын, Рақима, Қалима, Сәлима деген қыздарын тәрбиелеп өсірген. Әбен дейтін баласы жасында өлген.

Мәжит пен жұбайы Әминадан – Орынбек, Амангелді, Төлеген деген ер балалар, Рымжан, София атты қыз балалар туған.

Рымжан Мәжитқызы – биология ғылымдарының кандидаты. Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, сол институттың доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. С.Сейфуллин атындағы мәдени-ағарту, мейірімділік қорының төрайымы. 60-тан астам ғылыми еңбектің, екі анықтамалық монографияның, бірнеше ғылыми-өндірістік нұсқаулық кітапшалар, оқу-әдістемелік құралдардың авторы. София — ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Сәкен Орынбекұлы Сейфуллин «Фуд-Мастер» компаниясының бас директоры, «Альянс Полис» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Сеймар Альянс Қаржы Корпорациясы» АҚ-ның басқарма бастығы, ҚР шахмат федерациясының құрметті президенті, Алматы технологиялық университетінің құрметті профессоры болды. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Сейфолланың Жамал дүниеден өткеннен кейін алған әйелі Сәлимадан Сапар атты ұл туады. Сапардан тоғыз ұл-қыз бар.

Сейфолланың ата-бабалары текті адамдар болған. Сәкеннің «Бабаларыма» өлеңіндегі:

Ескене, Бәйбек, Жәнібек – бергі атам,

Қайырлы деуші еді ғой берген батаң,

деген үш бабасынан Енең Тоқасы елінің билігі, болыстығы кетпеген. Бәйбек, Жәнібек бойына кісілік біткен, терең ойлы, зиялы жандар болған. Ауыл тұрғындарын дінге тартып, ескіше сауатын ашуды мақсат тұтқан Жәнібек Байбекұлы Нілді болысының басқарушысы болып тұрған шағында 1858 жылы Ақмола уезінің бастығы подполковник Фроловқа хат жолдап, Қотыраба дейтін жерден мешіт салуға рұқсат алғандығымен белгілі.

Бұл мешіттің құрылысы 1869 жылы Жәнібектің баласы, Енең-Тұңғатар болысының басқарушысы Мұстафаның тұсында аяқталған.

Жәнібектің Мұстафасы заманында белгілі, зерделі, шешен адам болыпты. Сейфолланың әкесі Оспан да сөзге жүйрік, әңгімешіл болған.

Сейфолла ауылы әрдайым ойын-сауықтың, қызық-думанның ортасы, Арқаға аты әйгілі өнерпаздардың соқпай кетпейтін жері болған. Сейфолланың өзі де сауықшыл, домбыра мен гармонда бірдей ойнап, ән салатын сері адам болыпты. Сейфолланың «Қос шертпе» атты күйін Созақтың Құлтас деген күйшісі ел аралап жүріп үйренген. Кейіннен інісі Файзолла Үрмізов дейтін күйшіге үйреткен.

Сәкен бір әңгімесінде былай дейді: «Әкем саятшы, аң аулағыш, домбырашы, ақ жарқын жайдары адам. Шешем әңгімені жақсы айтушы еді. Кешке жақын әкем аң аулап келгенде, от басында отырып әңгімелесетін едік. Әңгімеде аңшылық жайын айтып, оның ақырын домбыраның зарлы күйімен бітіретін. Әкем мен шешемнің үлгісі бойынша ел аузындағы әңгіме, қызықты ертегілерге мен де бой ұрып, қиялды жүгіртуші едім».

Сейфолла туралы ел ішінде Сәкеннің әкесі болғандықтан ғана 71 жасында жазықсыз ұсталып кеткен деген пікір қалыптасқан. Алайда, архив мәліметтері мен ІІХК (НКВД) деректері Сейфолланың қоғам қайраткері деңгейіндегі ел қамын жеген біртуар азамат болғанын дәлелдейді.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Қазақстанда болған алғашқы ашаршылық кезінде Жаңаарқа ауданының көлемінде түрлі ел дүрлігулері мен наразылық көріністері жиі орын алып отырған. Оларды ұйымдастырушылардың қатарында Сейфолланың немере інісі Дәулетбек Мұстафаұлының есімі аталса, дем берушілерінің бірі Сейфолла Оспанұлы болған. Бұл жылдары Сейфолланың ел ішіндегі беделі аса жоғары болған. Және бір айта кететін жағдай: кеңес үкіметі тұсында Сәкенді кедейдің баласы ретінде суреттеу мақсатында әкесінің тұрмыс жағдайы жұпыны болған деп түсіндіріліп келді. Ал, шындығында Сейфолла дәулетті адам болған. ІІХК (НКВД) құжаттарында «известный влиятельный бай Жана – Аркинского района Оспанов Сейфолла» деген жолдарды кездестіруге болады.

Жезқазғандық ғалымдар Т.Алланиязов және А.Тәукеновтің Қарағанды ішкі істер басқармасының архивінен іздеп тауып, белгілі зерттеуші М.Әбсеметовтің Сәкеннің Халық Комиссариаты Кеңесін басқарып тұрған кезеңі туралы кітабында жарияланған Сейфолла туралы деректер қызығушылық туғызады.

1930 жылы Новотроицк қаласында қазақ халқының аса көрнекті азаматы, Алаш зиялысы Жақып Ақпаев құрылтай шақырып, Тельман, Шет, Жаңаарқа, Шұбартау, Қоңырат, Шу, Мойынқұм аудандарынан және Алматы, Фрунзе қалаларынан елдің бас көтерер беделді азаматтарын жинаған. Бұл жиынға араларында Алашорда үкіметінің мүшелері Әлімхан Ермеков, Имам Әлімбеков, Бодаубек Райымбеков, қоғам қайраткерлері Орынбек Беков және Ілияс Ахметов, Сейфолланың руласы, кезінде Петерборда оқыған Тақай Жәкенов, Шұбартау болысының билеушісі болған Исағұл Меңаяқов, Ағыбай батырдың шөбересі Мәулен Ібішұлы, Иманжүсіптің жақын туысы Мұқаш Нарбаев, Жанғұтты бидің немересі Аманбек Тәттібеков, әйгілі күйшілер Әбди Рысбеков және Әбікен Хасенов, кезінде Керенский партиясының мүшесі болған Құсайын Қожамберлин бар, 40-тан астам адам жиналады. Жаңаарқа ауданынан делегат болып баласы Мәжитті ерте келген Сейфолла Оспанов қатысады. Құрылтайдың күн тәртібіне екі мәселе қойылады: көтеріліс ұйымдастыру және мал-жандарымен Қытай шекарасынан арғы жерлерге қоныс аудару.

Аталған жылы Сейфолла Алматыға барып, екі айдай Сәкеннің үйінде жатады. НКВД тергеушісі Рязанцевтің Топан Тәшікбаевтан, Қайырберл Оспановтан, тағы басқа Шет ауданының тұрғындарынан алған жауаптарына қарағанда, Сейфолла барарында және қайтарында Шұбыртпалы болысының бұрынғы басқарушысы Еркебек Дүйсеновтың үйінде бірнеше күн қонақта болған. Елге алда келе жатқан ашаршылық нәубетін түсіндіріп, Қытайға көшуге үндейді. Сәкеннің де көтерілісшілерді қолдайтынын сездіріп, Еркебек Дүйсеновке хат және наган беріп жібергенін айтады.

Нәтижесінде, «Еженің еспесі» деген жерде Кәрсөн, Керней, Әлтеке, Сарым, Қояншы, Тағай, Қыпшақ, Жалайыр, Шұбыртпалы, Дадан-Тобықты, Тоқа, Алсай, Нұрбай, Сайдалы, Тарақты, Тама, Алшын, Шеркеш, Жағалбайлы рулары Еркебек Дүйсеновті ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Кенесары мен Ағыбай батырдың туларын көтерген жігіттер ББСБ (ОГПУ) қосындарын шабуылдайды. Нашар қаруланғандарына қарамастан, Еркебектің сарбаздары Стамқұлов бастаған комвзводпен 7 сағатқа созылған ұрыста жеңіске жетеді. Көтерілісшілерге соққы беру үшін үкімет кәсіби әскерге қоса зеңбіректерді де пайдаланады. Алайда, Дүйсеновтің отряды қатты шығынға ұшырамай, бір жылдай соғысады. Тек опасыздық жасаған руластарының арқасында ғана ББСБ (ОГПУ) көтеріліс басшыларын қолға түсіріп, 1931 жылы этаппен Алматыға жөнелтеді. Көтеріліске қатысқан күйші-композитор Әбікен Хасенов осы оқиғаға арнап, «Қоңыр» атты күй шығарады.

Еркебек Дүйсенов басқарған халық көтерілісі аяусыз жаншып басылғанымен, елдің бір бөлігі Қытай жеріне көшіп үлгеріп, жаппай қырылудан аман қалады.

Жаңаарқа ауданы Киров атындағы колхоздың мүшесі Сейфолла Опанов 1937 жылы 8 желтоқсанда ІІХК (НКВД) үштігінің шешімімен ату жазасына кесілді. Онымен бірге 8 желтоқсан күні жаңаарқалықтар: №4 ауылкеңестің төрағасы Қайып Аязбеков, №3 ауылкеңестің төрағасы Көшкімбай Есембаев, Жаңаарқа ауданы байланыс бөлімінің меңгерушісі Мәдікен Жартыбаев, аупарткомның насихатшысы Мүрсәлім Ысқақов, Жанайдар Сәдуақасовтың әкесі Сәдуақас Жалмақанов, ақын Өксікбай Матышев, ТОЗ төрағасы Әлімұса Сырттанбаев, қатардағы колхозшылар: Мәжібек Сырттанбаев, Мәнсұр Әужанов, Жарұлла Мақанов, Молдаәкім Берғожин, Есжан Мәлтіков, Түсіп Тоқсанбаев, Жұмаділда Шалқарбеков, артель жұмысшысы Беспек Рымбеков, теміржол жұмысшысы Ерубай Өтебаев – барлығы 18 адам өлім жазасына кесілді.

Қарлаг тұтқындарын ату рәсімі төмендегідей тәртіппен орындалып жүрді. Лагердің орталығы Долинка кентіндегі Қарлаг басқармасының ғимаратына таяу І оперчекистік бөлімнің жертөлесіне өлім жазасына кесілгендерді қамайтын болған. Үкім шығысымен сол түнде оларды қазіргі Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайынан 3-4 км жердегі күні бұрын басқа тұтқындардың қолымен қазылып, дайындалған терең ұраға алып барып, тізерлеп отырғызып, желкесінен пистолетпен атып, шұңқырға құлатып отырған. Әрбір шұңқырға 3 қатардан қол-аяқтарына рет сандары жазылған қаңылтыр білезік кигізген 15 өлікті көмген. Сейфолла мен оның жерлестері де Долинка кентінің төңірегіндегі қамауда болғандарға арналған 4 қорымның бірінде жерленген болуы керек.

Қарлаг тұтқындары көмілген осы қорымдар қоршалып, естелік тақталар қойылса дұрыс болар еді. Аталған 4 қорымның тым болмаса біреуін шартты түрде белгілеп, шарбақ орнатса, оларды есте тұту үшін әрбір әкімдік өз ауданынан атылған саяси тұтқындардың аты-жөндері жазылған стелалар тұрғызса, сауапты іс болмақ. Бұл қорымдар болашақта ұрпақтары тәу етіп барып, дұға оқып қайтатын киелі орынға айналар еді.

Ібірахым ІСЛӘМҰЛЫ,

өлкетанушы.

One thought on “Cұңқар Сәкеннің әкесі

  1. Армысыз! Сейфолланың екі күйін үйренген Мәлік төре, оны жақын інісі Файзолла Үрмізовқа үйреткен. Сосын 1975 жылы шыққан «Қаратау шертпелері» атты кітапқа нотасын кіргізген Жаулыбай Иманәлиев еді. Осы жерді өзгертсеңіз деген тілек. Ал Құлтас домбыра шертпеген, шешен болған. Созақтағы тама елінің болысы болған. Сейфолламен кездескені туралы дерек жоқ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.