Бюджеттік заңнама – қатаң бақылауда
Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру ұйымдарында тәрбиеленуші және білім алушы балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес, сатып алу процедурасын жүргізген уақытта заң бұзушылықтарды азайту мақсатында, облыстың білім беру ұйымдарында мониторинг пен талдау жүргізді.
Қағиданың 8, 36-тармағы 2 тармақшасының және 2,3-қосымшаларының талаптары сақталмаған, конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіге ұсынылған техникалық тапсырма үлгілі конкурстық құжаттамалардың №3 қосымшасына сәйкес жасалмаған, қағиданың талаптарында көрсетілмеген әлеуетті өнім берушіге автокөлікпен тамақ тасу, коммуналдық қызметтер (суық су, электр қуаты, кәріз) шығындары қосып жазылған. Керісінше, әлеуетті өнім берушілер техникалық тапсырмада жекелеген оқушыларды жеңіл тамақтандыруды ұйымдастыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін өнім беруші тамақтандыруды ұйымдастыру шеңберінде тамақ өнімдерінің кемінде 80%-ын тауар өндірушілерден сатып алу жүзеге аспайды.
Қағиданың 28, 57-тармақтарының талаптарына сәйкес, өз құзыреті шегінде мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың және ата-аналар жұртшылығының өкілдері келісім бойынша конкурстық комиссия құрамына енгізілуге тиіс болатын. Егер, конкурсқа екі және одан да көп әлеуетті өнім берушілерге рұқсат берілген жағдайда үлгілік конкурстық құжаттамаға 7, 8-қосымшаларға сәйкес көрсетілетін қызмет берушіні немесе тауарларды жеткізушіні таңдау өлшемшарттары қолданылады. Кей жағдайда аталған талаптар орындалмайды.
Қағиданың 48,53,59-тармақтарына сәйкес, әлеуетті өнім беруші конкурсты ұйымдастырушының банк шотына банктік кепілдік немесе кепілдік берілген қаражат жарнасы түрінде конкурсқа бөлінген соманың бір пайызы мөлшерінде конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізуге тиісті болатын. Алайда, бұл талаптар да орындалмаған және конверттерді ашу хаттамасына комиссия мүшелері әрбір парағына және соңына қолдарын қоймағанын байқадық.
Жеңімпаз болған әлеуетті өнім берушілердің өтінімдеріне жасалған талдау арқылы анықталған заң бұзушылықтардың көпшілігі конкурстық комиссияның ескеруінсіз қалған.
Атап айтатын болсақ, қағиданың 18-тармағына сәйкес, санитариялық қағидаларға сүйеніп, әлеуетті өнім беруші шығарылатын өнімнің ассортимент тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінде бекітуге тиісті болатын, ол тапсырмалар орындалмаған.
Қағиданың 6-қосымшасына сәйкес, әлеуетті өнім беруші қызметкерлерінің біліктілігі туралы мәліметтерде қызмет көрсететін мамандардың еңбек өтілі, жеке медициналық кітапшаларының көшірмесі, жұмыс істеуге рұқсат берілгендігі туралы мәліметтер жетіспей жатады және еңбек өтілін есептейтін құжаттар, еңбек кітапшаларының көшірмелері конкурсқа ұсынылмайды.
Үлгілік конкурстық құжаттаманың 6-қосымшасына сәйкес, нысан бойынша әлеуетті өнім беруші қызметкерлерінің біліктілігі туралы мәліметтер тапсырғанда конкурстық өтінімдер құрамында төлем шоттарының көшірмесі тапсырылып жатады. Қағида бойынша олардың түп нұсқасы тапсырылуы керек болатын.
Әлеуетті өнім берушілер конкурсқа қатысу үшін әрбір лотқа жеке-жеке өтінімдер ұсынады. Алайда, конкурсты ұйымдастырушылар конкурстық құжаттамада қағиданың талаптарын сақтамай, барлығын топтастырып өткізетін фактілер де кездеседі.
Мониторингтің қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамаларына сәйкес, тауарларды сатып алу қағидаларында жіберген кемшіліктерін алдағы уақытта қайталаму үшін ұсыныс хат жіберіледі.
Гауһар ҚҰЛАТАЕВА,
Қарағанды облысы бойынша
ішкі мемлекеттік аудит
департаменті № 1 мемлекеттік
сектордың аудиті бөлімінің
басшысы.