Білім

BYOD – сабақтағы тиімді технология

«Өз құрылғыңды ала кел» BYOD (Bring your own device) – бұл дәстүрлі оқу үдерісі туралы түсініктерді өзгертетін және оқушылардың назарын пәнге аударатын және танымдық қызығушылығын тудыратын технология. Мектеп оқушыларының барлығында дерлік смартфон, планшет бар. Оқушылар мектепке ұялы құрылғыларды үнемі әкеледі және негізінен ойындар үшін және әлеуметтік желілердегі байланыс үшін пайдаланады. Осы заманауи техниканың жетістігін сабақта неге тиімді пайдаланбасқа деген ой келді. Ұялы телефонның сабақта оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оятуға көмегі қаншалықты деген мәселені зерттеуге бел будым.

 

Бірінші зерттеу сабағымды «Дүниежүзі халқының тілдік әулеттері мен топтары» тақырыбында «Nearрod» бағдарламасына өткіздім. Бұл сабақ ұялы телефон көмегімен оқушылардың жеке жұмыс жасауына сай ұйымдастырылды. «Nearрod» бағдарламасының интербелсенді сабақтарды өткізуге арналған бұдан басқа бейнефильм, слайд, презентация, 3D, 360° панорама, сауалнама құрастыру, ашық сұрақтар беру, сәйкестендіру, тест сияқты тағы басқа қосымшалары толып жатыр.

Жаңа сабақ осы бағдарламада «Халықтардың этнолингвистикалық классификациясы, тіл әулеттері» тақырыбында бейнефильм көрсетуден басталды. Оқушылар «WhatsApp» тобына жіберілген сілтеме арқылы бағдарламаға қосылды. Бағдарламада бейнефильмді көрудің артықшылығы – қажет жерінде тоқтап, оқушыларға сұрақ ашылады, олар сол жерге өзінің не көріп, не түсінгенін туралы қысқаша жауап жазады. Яғни, бұл жерде кері байланыс та, жаңа ақпаратты бекіту де қатар жүреді. Оқушылардың қалай жауап бергенін мұғалім өз құрылғысы арқылы бақылап отырады. Мұғалім бейнефильм соңында оқушылардың жауаптарын толықтырады.

Жаңа сабақты түсіну, бекіту мақсатында «Тіл әулеттері мен тіл топтарын» сәйкестендіру тапсырмалары орындалды. «Шыңды бағындыр» тапсырмасы геймификация түрінде өтті. Яғни осы тақырып бойынша сұрақтарға кім тез әрі жылдам жауап берсе, сол оқушы шыңға бірінші шығады. Кері байланыс осы бағдарламада өткізілді.

Сабақтың қорытындысына келер бол­сақ, оқушыларға өзінің ұялы телефонында жеке жұмыс істегені, әркім сабақты өзінің жылдамдық деңгейінде меңгергені өте ұнады. Сабақтың геймификациялануы оқушылардың танымдық қызығушылығын тудырды. Рефлексиядан балалардың өте белсенді болғанын және тақырыпты жақсы меңгергенін, сабақтың қызықты өткенін байқауға болады.
Екінші зерттеу сабағы – «Дүниежүзі халқының діни құрамы» тақырыбы ұялы құрылғымен қатар дәптерге жұппен жұмыс істеу арқылы өткізілді. Сабақ үй тапсырмасын «Kahoot» бағдарламасы бойынша сұрақтарға жауап беруден басталды. Одан әрі бейнефильм көріп, оны талқылағаннан кейін «Merge Object» бағдарламасы бойынша Тадж-Махал мешітіне, Ежелгі майя пирамидасына «360° панорамалық виртуалды саяхат» жа­салды. Жоспар бойынша белгілі бір дінге сипаттама беру, оған қажетті ақпаратты ғаламтор желісінен іздеу әрі оны жұппен орындау сабаққа жаңа серпіліс берді.

«Ahaslides» бағдарламасы арқылы сабақ бекітілді, яғни өткен тақырып бойынша оқушылар 10 сұраққа жауап берді.

Оқушылардың жоспар бойынша іздеу, бөлісу, алған ақпараттарын сараптау, талдау, қажетін таңдап алу арқылы жұмысты орындау барысында белсенділігі артып, танымдық қызығушылығы оянып, тапсырманы толық орындап шықты және бағдарламамен өткен сабақ балаларға жақсы көңіл күй сыйлады. Ғаламтор желісінде қазақ тіліндегі ақпараттардың аздығы және ұялы телефондарда интернеттің жоқтығы және оның ескі модельде болуы сабақ барысында қиындық туғызды.

Данара МҰХТАРОВА,
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы
тірек мектебі (ресурстық орталық)
география пәнінің мұғалімі

Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button