Жаңалықтар

Құбылыс

Болмысы бөлек, бірегей дарын, қарағайға қарсы біткен бұтақтай, сақи мінез, қажырлы қадір-қасиет иесі, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, гитарашы Қорабай аға ЕСЕНОВ те жетпіс атты желді биікке шығып қалыпты. Жарты ғасырға жуық уақыттан бері өзінің ешкімге ұқсамайтын өзгеше әлемімен, қазақтың сары даласындай сыршыл әуендерімен барша бұқараны әдемі әсерге бөлеп келе жатқан танымал тұлға турасында ертелі-кеш жазылған дүниелер, баспасөз материалдары, теледидар, радио хабарлары шоғыр-шоғыр.

Тіпті кітап та арналды (Т.Әлжантегі. «Саусағынан саз сауған», Алматы: Үш Қиян, 2012). Қазақ әншілерінің, ақын-жазушыларының, өнер зерттеушілерінің оның шығармашылығына назар аудармағандары кем де кем. Оларда аптал азаматтың өмірі мен өнеріне қатысты барынша жазылды, айтылды деп білеміз. Басқасын былай қойғанда, Қорабай ағаның визиттік карточкасы іспетті «Жас қалам» әнінің шығу, таралу тарихы туралы бірнеше мақалалар жарық көрді. Қашаннан қазаны ортаймаған қазақ өнерінде тұтастай бір мектеп қалыптастырған сырбаз өнерпаз туралы толғамдар алдағы уақытта да әлі талай әңгіменің арқауы болатыны кәміл.

Соның бір мысалы, «Орталықта» осы жылдың сарша тамызының ортасында жарық көрген жезқазғандық қаракөк қаламгер, ағаның рухани інілерінің бірі Базарбай Әлеухановтың «Қазақтың Қорабайы» («Орталық Қазақстан», 16.08.2018 ж.) атты эссесі болды, білем. Өнер иесінің өмір, еңбек жолымен қатар өрілген шығармашылық сонарына еркін барлау жасалған толымды дүние азаматтың болмыс-бітімін барынша ашып қана қоймай, талай-талай жүректердің қылын шерткендей екен… Ойды ой қозғайды. Сол үрдіспен Қорабай ағаның өмір, өнербаянына қосымша ретінде, біз де бір-екі жайтты айта кетуді жөн көрдік

Мен де Базарбай аға шыққан қасиетті Қараағаш ауылының түлегімін. Ағадан төрт-бес көйлек кейін тоздырған көкөрім жастардың бірімін. Өзі айтатындай: ол кісілердің қыздарға қырындап, комсомол болып қайрат көрсетіп жүрген бозбала шағында біздер әлі оңы-солын танып үлгермеген ұр да жық пионерлер едік… «Алдыңғы толқын ағалар» демекші, адам алдындағы үлгі аларлық, арқа тұтар ағаларына қарап бой түзейді, ой жинақтайды. Базарбай ағалар Әбілкәкім, Рүстем, Қанат, Қорабай ағайларды қалай көрсе, біз де Мағжан, Мұзафар, Базарбай, Атымтай ағаларды солай көріп өстік.

Жоғарыда аталған мақалада: «…Ендігі жерде ол (Қ.Есенов – авт.) ауыл өнерпаздарын жанына ертіп, бұрынғыдан бетер белсенділік танытты. «Дала гүлі» ансамблін ұйымдастырды… Бір қызығы, ансамбльде кәсіби аспаптар болған жоқ. Ол кезде гитара деген қат, қолға түсе бермейді. Амал нешік, Қорекең Галя жеңгейдің жасауымен келген қоңыр шифоньердің екі есігінен екі гитара ойып шығарды. Атышулы әнші-гитарашы інісі Бекен Оспанов пен ісмер-өнерпаз әрі үлкен суретші Ғабиден Рақышев жез шылапшіннен дауылпаз жасап, радио бөлшектерінен дауыс зорайтқыштар құрастырды. «Дала гүлі» дүрілдеп кетті, жалпақ елдің аузына ілікті…» деген жолдар бар .

Әлгінде айтқандай, ол кез біздің мектеп табалдырығын енді аттаған, ақыл-есіміз енді кіре бастаған бала кезіміз. Сол жез шылапшынды төске салып түзеп жатқан көрініс жақсы жадымда қалыпты. Содан кейін оны темір істікке шаншып, болтпен бекітті. Дауылпаздың қалған бөліктерін пионерлердің барабандарымен байытты. «Дала гүлінің» алғашқы концерті де есімде. Алақандай ауыл клубына адам сыймай кетіп еді. Біз, балалар сахнаның алдында қаз-қатар тізіліп, тізерлеп отырып тамашаладық.

«Дала гүлінен» кейін мектептің жоғары класс оқушылары ұйымдастырған «Жас түлек» деген ансамбль болды. Бір сөзбен, Қорабай аға негізін салған көркемөнерпаздар ұжымы ұзақ жылдар бойы желісін үзбей, сәтті жалғасын тапты. Ол кезде ауылға теледидар келіп үлгермеген, есті-басты деген, ертеңнен үміті бар жастардың кітап оқу, газет-журнал қарау, хат жазудан басқа ермегі жоқ. Кешкілік бір уақыт доп тепсе, түн баласы топ-топ болып жиналып алып, бір-бірінен гитара шертуді үйренісетін. Екінің бірінің десек те артық емес, шамалы болсын гитарадан сауаты болатын. Міне, осының бәрі Қорабай ағаның алғашқы мектебі еді. Кейінде солардың арасынан мықты деген музыканттар көптеп шықты. Ауыл өнерпаздары түрлі смотр, байқауларда жүлдегер, жеңімпаз атанып жүрді.

Қорабай ағаның көпшілік біле бермейтін, назар аудара бермейтін бір қыры – гитараны басқаларға ұқсамайтын бөлек бұраумен тартатындығы. Жалпы, гитараның құлақ күйі алты бұрау, жеті бұрау деп екіге бөлінеді. Алты бүкіл әлемге кеңінен тараған, барлық виртуоз гитарашыларға тән қасиет. Ал жеті – сирек кездесетін, жеке дарындар ғана қолданатын үрдіс. Мәселен, барша халық білетін бард әншілердің бәрі осы жетімен ойнайды. Айталық, Окуджава, Визбор, Высоцкий, Ким т.б. Қазіргі таңда Розенбаум ғана ғой деймін. Қорабай аға да өз әуендерін осы жетімен сүйемелдейді. Оның ішінде, Қорабай аға сияқты жетінші ішекті іліп тартатын өнер иесін өз басым күні бүгінге дейін көрген емеспін…

Осы тұрғыда гитараны ғылыми тұрғыда зерттеп, бірқатар мақалалар жазған белгілі өнер шебері, актер, гитарашы Қадырғали Көбентайдың мына бір пікірі айрықша назар аудартады: «…Бізде гитараны таза қазақша орындаушы – Қорабай Есенов. Оны тыңдағанда, домбыра таба алмай, амалсыздан гитарамен ән айтып отырған қазақ елестейді. Қорабайдың ерекшелігі сол – гитараны домбыраны тартқан сияқты ұрып та, сабалап та ойнайды. Қорабайды гитарадан қазақша үн шығарған бірінші адам деп есептеймін…» («Гитара қазаққа қалай келді?». «Ақ желкен» журналы, Тамыз, 2018 ж., №34).

Тағы бір айта кетерлік, бесенеден белгілі жайт – еліміздегі гитарамен ән салатын өнер шеберлерінің бәрі Қорабай Есеновті өздеріне ұстаз санайды, пір тұтады. Олардың арасында небір тамаша таланттар, сазгерлер, орындаушылар бар. Біразы Қорабай ағаның есіміне, өнеріне қанықтығы болмаса, өзін тіпті көрмеген де.

Осы орайда, ақиық ағасын «Қорабай – қазақтың гитара падишасы» деп бағалаған ақтаңгер ақын, бір өзі бір мектеп қалыптастырған дара дарын, бард әнші, өнер көгіне жасындай жарқ етіп шығып, жұлдыздай ағып түскен Табылды Досымовтың Қорабай ағаны сонау Алматыдан Жаңаарқаға арнайы іздеп келіп, сәлем беруінің өзі бір хикая. Деректі дүние болсын, көркем дүние болсын жазуға сұранып тұрған тақырып.

Ол сапардың барысы жайында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Соның бір үзігі мынау. Алыстан ат терлетіп келген інісін Қорабай аға зор қошеметпен қарсы алыпты. Қонақасына қойды місе тұтпай, келістіріп жылқы сойыпты. Сырлы әңгіменің тиегі ағытылып, сыршыл гитара кезек сөз алып, ғажайып бір кездесу болыпты. Содан түннің бір уағында барлығы демалуға жатса керек.

Табылдыны Алматыдан, өзінің өтініші бойынша, Ғалым аға, бүгінгі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғ.Жайлыбай бастап алып келген екен. Ғалекең шамалыдан соң оянып кетіп қараса, қасында жатқан Табыл ұшты-күйлі жоқ дейді. Даладан, үйдің маңын байқайды, үй іші болса болмаса, көрінбейді. Бойында батыстың қаны бар қызу рухты қонақ түн ішінде қайда кете қойды, бірдеңеге ұрынып қалды ма деп қатты абыржиды. Сөйтсе, Табыл түкпір жақта жатқан Қорабай ағаның жанына барып, жүзіне үңіліп, алакөлеңке бөлмеде жым-жырт шоқиып отыр дейді.

  • Ой, мұның не? – дейді ғой Ғалекең абдырап.
  • Тыныш, аға… Қараңызшы, Қорағаның ұйықтап жатқанда да жүзінде нұр ойнап тұр емес пе?! Осы қалпын да санама, жанарыма сіңіріп алайыншы…

Міне, бұл да болса, хас өнердің, оның шын шеберлерінің бөлек болмысынан, айтуға тіл жетпейтін, тіл жетсе қадір-қасиетінен айрылатын текті мінезінен бір көрініс.

Қандай ән-әуенді болсын өзіндік өрнегіне салып, тың тұрғыда орындайтын, өнерге қатысты барша өзгерісті әлі күнге аса кірпияз қабылдайтын, соның бәріне сері шатыс өткір сезіммен қарайтын Қ.Есеновтің ғажайып өнері, сөз жоқ, қайталанбайтын құбылыс. Қазақ байтағын қарапайым қоңыр даусымен сандаған жылдардан бері үздіксіз әлдилеп келе жатқан сирек дарынға деген ел құрметінің бірде-бір толастамауы да, оның өнерінің осындай өмірдің өзіндей шынайы, боямасыз, артық әсерсіз, жанға жақындығының, жағымдылығының арқасы. Алыс ауданда жатқан алып өнерпаздың ой-санасы қашанда сергек, шабытты, наркескендей нұрлы рухқа толы.

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button