Буллинг: әдепсіздік пе, әлде әдет пе?
Психологтар ер адамдарға қарағанда әйелдер мен балалар қатыгез келетінін айтады. Әйелдер қатыгездігінің қалай көрініс беретінін білмедік, бірақ, бала қатыгездігінің қандай екенін ЮНИСЕФ жариялаған деректен көруге болады. Мәселен, әлемдегі 150 миллион бала мектепте немесе құрдастары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Ал, Қазақстанда әрбір бесінші жасөспірім – буллингтің құрбаны. Тағы бір айта кетерлігі, тіпті сорақылығы деуге де болады, еліміздегі буллингтің нақты статистикасын анықтау мүмкін емес. Себебі, мектеп әкімшілігінің өзі мұндай жағдайларды жасырып қалуға мүдделі. Қорқыныштысы – осы. Оның үстіне, әлем балалар қатыгездігімен, атап айтқанда буллингпен күресудің әдіс-тәсілдерін іздеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенде, «елімізде «буллинг» терминінің тіпті қажеті жоқ, бұл Еуропа елдеріне ғана тән» деп, кері тартушылар да болды. Бірақ, «ауруын жасырған өледі» демекші, дер кезінде дабыл қақпаса, кез келген проблеманың салдары оқыс оқиғаға апаратыны белгілі. Апарды да. Дәл осы буллинг салдарынан өз-өзіне қол жұмсап, жетпей желкесі қиылған жасөспірім қаншама…
Жараны жасырғанмен – жарылады
Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бірақ дәл осы кезде бірқатар қазақстандық «буллинг» термині бізге керек емес, деп, шат-шәлекей шығарғаны бар. Сонда айтатын дәлелдері – бұл норма Қазақстан үшін қажет емес, тек Еуропа елдеріне ғана тән. Бұл туралы «Liter.kz» желілік басылым жазған болатын. Кейіннен заңгерлердің түсіндіруімен бұл терминнің біздің еліміз үшін де қажеттігін нақты деректермен келтіргеннен кейін қабылданған болатын.
Сонымен, Қазақстан буллингпен күресте баланы жәбірлеудің профилактикалық қағидаларын бекітіп, нақты іске кірісті. Аталған қағида Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №506 бұйрығымен бекітілген. Оған сәйкес, білім беру ұйымының әкімшілігі баланы жәбірлеуге жол бермеу үшін барлық жағдайды жасайды. Одан бөлек, жыл сайын оқу жылының басында буллингтің алдын алу жоспары бекітіледі. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы оқушыларды хабардар етеді.
Ал, егер буллингке ұшырау жағдайлары орын алған болса, жедел түрде бала туралы жедел ақпарат жиналып, сынып жетекшісі педагог-психологпен бірлесіп, буллингке ұшыраған баламен де, жәбірлеген баламен де әңгімелесу жүргізуі тиіс. Осы орайда ата-ананың да ролін айту керек.
Қарағанды қаласындағы №15 орта мектептің педагог-психологы Сәуле Амантаева ата-аналарға балалары буллингке ұшыраған жағдайда мұғалімдермен кеңесіп, тығырықтан шығатын жолды қарастыру керек екенін де ескертеді.
Өзге ел буллингпен қалай күреседі?
Мәселен, Швецияда 1979 жылдан балаларға зорлық-зомбылыққа, оның ішінде психологиялық зорлық-зомбылыққа да тыйым салынған. Баланы мүлдем ренжітуге болмайды. Ол заңмен бекітілген. «Білім беру туралы» және «Кемсітуге тыйым салу туралы» Заңға сәйкес, мектеп басшылығы баланың ешқандай қысымға ұшырамайтынына кепілдік береді. Одан бөлек, шағымдарды қарастыратын арнайы «Мектеп инспекциясы» тағы бар.
Ал, АҚШ болса алғашқылардың бірі болып, 1999 жылдан буллингпен заңды түрде күресті бастады. Мысалы, Джорджия штатында өзге балалардың көңіл күйіне нұқсан келтірмес үшін гаджеттерді қолдануға тыйым салынған. Ал, басқа штаттарда баланы қорқытқандар қылмыстық жауаптылыққа ұшырайды.
Ал, көршілес Ресейде мемлекет тарапынан қолдауға ие болған буллингке қарсы бағдарламалар болмағанымен, аталған мәселеге айтарлықтай көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, сыныптағы жағдайға және мұғалімдермен, ата-аналармен және оқушылармен атқарылатын жұмыстарға мониторинг жүргізіледі.
Буллингке қарсы алғашқы бағдарламалардың бірі – 1983 жылы енгізілген норвегиялық «Ольвеус жүйесі». Оның мақсаты – мектеп оқушыларын ғана емес, ата-анадан бастап мектеп күзетшілеріне дейін буллингті анықтауға және тоқтатуға үйрету. Бағдарлама тек Норвегияда ғана емес, Мексика, АҚШ, Литва, Ұлыбритания, Швеция және тағы басқа елдерде табысты қолданылуда. Ал, Финляндияда буллингтің куәсі болған балаларға сырттан бақылап тұрмай, жанжалды бейбіт жолмен шешуді үйретеді. Аустралиялықтар болса, жан-жақты зерделеп алмастан буллингпен күресу бағдарламасын жасау негізсіз деп шешкен. Олар алдымен мектептегі ахуалды жан-жақты зерттеп барып қана, өзгеріс жасаған. Нәтижесінде, мұғалімдер буллингке қарсы саясатты түсіндіргені үшін қосымша ақы алса, балаларға рольдік ойындар, пікірталастар, театрландырылған қойылымдар, тренингтер арқылы буллинг мәселесі талқыланады. Тіпті, оқушылардың өзін-өзі бағалауын, әлеуметтік дағдыларын дамытуға тырысады.
Нәтиже бір күнде болмайды
Елімізде буллингтен зардап шеккен оқушылар туралы жаңа деректер жоққа тән. Мәселен, 2020 жылы 300 мыңнан астам қазақстандық оқушы буллингке ұшыраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 2088 жағдайға артқан. Бұл балалар арасындағы жәбірлеу мәселесі еліміз үшін де өзекті екенін көрсетеді.
«Білім беру ұйымдарына кәмелетке толмағандар арасында мектеп буллингінің алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар» оқулығының авторы Сәуле Амантаева буллингке ұшырайтындардың дені – тойтарыс бере алмайтын оқушылар екенін айтады.
– Көп жағдайда физикалық әлсіз оқушылар буллингке жиі ұшырайды. Сондай-ақ, келбетінде өзгешелігі бар, тіпті, сырт келбеті салақ балалар да – осы қатарда. Оқу жылы басталғаннан сыныптағы оқушылардың рольдері өзара бөлініп, қарым-қатынастары бекіп болған кезде жаңадан келген оқушылар да өзінің сыныптастары тарапынан жәбірлеуге ұшырауы әбден мүмкін, – дейді педагог-психолог.
Сәуле Оңғарбайқызы жасөспірім кездегі агрессия баланың ата-ана тарапынан сүйіспеншілік пен қамқорлықтың болмауы, жыныстық және психологиялық жетілу, өзіне назар аударту салдарынан болады дейді. Сәйкесінше, отбасында зорлық-зомбылық көрген бала ашу мен агрессияға бейім.
Бүгінде жоғарыда аталған қағида бойынша облыстың оқу орындарында күнделікті алдын алу шаралары тұрақты жүргізіліп жатқанын айтады мамандар. Тіпті, кәмелетке толмағандар арасындағы буллингке байланысты құқық қорғау органдарында да ешқандай ақпарат тіркелмеген. Бұл, әлбетте, буллинг түбегейлі жойылды деген емес. Заң қабылданған күннің өзінде, ол проблеманы 100% шешпейтіні анық. Оның үстіне, мектептегі жағдай елдегі толеранттылық деңгейіне тікелей байланыстылығы тағы бар. Алайда, проблеманы мемлекеттік деңгейде мойындау – буллингке қарсы күрестегі үлкен қадам екені анық.
– Буллингтің тамырына түбегейлі балта шабу мүмкін емес. Қоғам болғаннан кейін ондағы адамдар да, олардың әлеуметтік жағдайлары да әр түрлі. Бірақ, мұғалім, ата-ана, оқушы проблеманы шешуге мүдделі болғанда ғана балалар буллингін тоқтатуға болады, – дейді Сәуле Оңғарбайқызы.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz