ҰБТ-ға тегін дайындайды
Барлық баланың Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуда ақылы түрде қосымша оқуға мүмкіндігі бола бермейді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасының балалары да бар. Ал, «Самғау» онлайн академиясы бұл оқушыларға тегін білім алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде «Ауылдық аудандар мен халықтың осал топтарының оқушыларын ҰБТ-ға тегін дайындау» тақырыбында өткен брифингте айтылды.
Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Ерболатқызы биылғы жылы өткен Ұлттық бірыңғай тестілеудің ерекшелігін атап өтті:
– Осы жылы ҰБТ заманауи прокторинг және бейнебақылау жүйесі арқылы электрондық форматта өтті. Ұлттық бірыңғай тестілеудің тағы бір ерекшелігі – тестілеу аяқталған соң оқушылар өз нәтижелерін бірден біле алды. Жинаған ұпай саны экранда көрсетілді. Тестілеу қорытындыларымен келіспеген талапкерлер тез арада апелляция бере алды, – дейді бөлім басшысы.
Сондай-ақ, биыл ҰБТ-ға ерекше қажеттіліктері бар балалар да қатысқан. Мүмкіндігі шектеулі 10 бала тестілеу кезінде жақсы нәтижеге ие болған. Олар үшін жеке аудиториялар ұйымдастырылып, көмекшілер тартылған.
Биыл 415 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Облыс бойынша ҰБТ-ның орташа балы 67,3%-ды құрады. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5,4%-ға жоғары.
– Қарағанды қаласының №38 мектеп оқушысы ҰБТ кезінде 140 балл жинады. Ал, №61 мектеп оқушысы 137 балл алды. Облыс мектептерінің 12 түлегі Назарбаев Университетіне ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға қабылданды. 81 оқушы 120 балдан жоғары жинады.
Ал көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 691 бала грант иегері атанды, – деді Гүлдана Ерболатқызы.
Облыс бойынша қаңтар айынан бастап оқушыларды ҰБТ-ға дайындау онлайн-репетитор көмегімен жүзеге асты. Сол себепті биыл грантқа түскен оқушылар саны артты. Оқушыларды ҰБТ-ге дайындауда «Самғау» академиясы да үлес қосты. Академия директоры Ардақ Дүйсембекұлы оқушыларды тестілеуге дайындайтын орталықпен таныстырды.
– Біздің академия эпидемиологиялық ахуал басталғалы бері жұмыс істеуде. Ондағы оқу мектеп бағдарламасымен бірдей. Бізде оқушылар арнайы платформа бойынша сабақ оқиды. Бұның барлығы – балалардың сабақ оқуына ыңғайлы болу үшін жасалып отыр, – деді директор.
«Самғау» академиясында оқушылар ақылы түрде білім алады. Бірақ биылғы ақпан айынан бастап тегін оқыту мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл академияда Қарағанды облысы бойынша 110 бала тегін білім алды. Олардың 23-і грантқа түсті.
– Қарағанды облысы бойынша биыл мыңға жуық баланы тегін оқытуды жоспарлап отырмыз. Орта есеппен 8000-нан астам бала биыл 11-сыныпқа көшті. Оның ішінде, 3000-ы – ауыл-аймақтардан. Барлық баланың ҰБТ-ға дайындалуы үшін ақылы түрде оқуға мүмкіндігі бола бермейді. Оның ішіндегі мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасының балалары да бар. Сол себепті біз оларды тегін оқытуға жағдай жасадық. Бұл үрдісті ары қарай жетілдіру мақсатында Қарағанды облысының білім басқармасымен және «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен меморандум жасастық, – дейді Ардақ Жакин.
– Әрбір оқушы алдына мақсат қою білуі тиіс. Оқу бітірген соң колледжге, ЖОО-на баратындығын, болмаса шетелдік университеттерге түсетіндігін алдын ала айқындап алуы керек. Оқушылардың көбісі ҰБТ тапсырған кезде өзінің таңдаған мамандығына дайын еместігін, ол мамандықты қаламайтындығын айтып жатады. Сол себепті оқушылар «MyCollege» сайтына кіріп, өзіндік бейіміне қарай қай мамандыққа жақын екендігін біле алады. Сондай-ақ, кәсіби бағдар беретін мамандардың көмегіне жүгіне алады, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Ерболатқызы.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.