Жаңалықтар

Болат Тәкіш: Шертпе күйдің отанына шертпе күй орталығы керек

Домбыра – қазақтың жаны, күй – ұлттың тағдыр-тарихы. Сарыарқаның самал желімен бірге есіп, Тәттімбет пен Тоқаның үнімен өрілген шертпе күй мектебінің бүгінгі сабақтастығы қай деңгейде? Ұлттық домбыра күні қарсаңында белгілі өнерпаз, бүгінде аңыз күйші Аққыз Ахметқызының аманатын арқалап жүрген жиені, Республикалық күйшілер одағының облыстық филиалының төрағасы Болат Тәкішпен Сарыарқа күйшілік өнерінің бүгінгі ахуалы мен көкейкесті мәселелері төңірегінде аз-кем әңгіме өрбіткен едік..

Сурет автордан

– Қарағанды өңірі – шертпе күйдің алтын бесігі дейміз. Бүгінгі таңда осы мұраның дәріптелуі көңіліңізден шыға ма?

– Шынын айту керек, біз шертпе күйді әлі де жеткілікті дәрежеде дәріптеп жүрген жоқпыз. Осы бағытта шертпе күй орталығын ашсам деп біраз жылдан бері ізденіп жүрмін. Талай есікті жағаладық. Ойымыз – осы істі аяғына жеткізу. Орын да ұсынған кездер болды. Бірақ, көбіне қала шетінен, өнер адамдары мен жастарға қолайсыздау жерлерден ұсынылады. Ал, шертпе күй орталығы жұрт еркін келетін, ақсақал күйшілер де, студенттер де, өнерге құмар жастар да бас қосатын жерде болғаны дұрыс. Өз басым Дос­тық үйінен бір орын берілсе, өте орынды болар еді деп ойлаймын. Өйткені, ол жердің рухани орта қалыптастыруға мүмкіндігі бар.
Шертпе күйдің отанында арнайы орталық болуы керек. Ол жай ғана кабинет емес, нағыз руханият ордасы болса деймін.

– Арқа шертпе күй мектебі дегенде көбіне Тәттімбет пен Тоқаның есімі аталады. Десе де, бұл мұра бізге бірнеше буын арқылы жетті ғой. Осы дәстүрді жалғаған, тасада қалып бара жатқан тұлғалар туралы не айтасыз?

– Әрине, Арқа күйшілігінің іргесін Тәттімбеттен бастасақ, одан әрі Қыздарбек, Әбди, Сембек, Тоқа, кейін Аққыз деп жалғастырамыз. Бұл – үлкен тізбек. Сол тізбекті үзбей, бүгінге жеткізген шежіре адамдар болды. Соның бірі – Дәулетбек Сәдуақасов ақсақал.
Дәулетбек ақсақал Шет ауданының тумасы еді. Қыздарбек, Әбди, Сембек, Мақаш сынды көне күйшілердің мұрасын жақсы білді, дәріптеді. Ол кісі тек орындау­шы емес, ескі әңгімені, күйдің шығу тарихын, әр қағыстың мәнін білетін шежіре адам болатын. Мен ол кісіні өзіме ұстаз тұтамын.
2007 жылы Аққыз әжеміздің күй кешін өткізгелі жүргенде, Дәулетбек ақсақалдан ақыл сұрай бардым. Домбыра жасап отыр екен. Үйге кіргізді де, қолыма домбырасын ұстатып: «Қане, күй тартшы», – деді. Мен оркестрде тартып жүрген желдірме күйлерімді орындай бастадым. Бір уақытта тоқтатып: «Сен кімнің күй кешін өткізгелі жүрсің? Кімнің жиенісің?» – деді. «Аққыздың жиенімін» дедім. «Ендеше неге Аққыздың күйін тартпайсың? Өз бабаңның төл өнерін, шертпесін жандандыр», – деп тапсырма берді. Міне, содан бері шертпе күйге біржола бет бұрдым.

– Сонда Арқаның күй мұрасы толық түгенделді деп айта алмаймыз ғой?

– Толық түгенделді деп айту қиын. Шертпе күй жоқ емес, бар. Бірақ, соны іздеуіміз, дәріптеуіміз, жүйелеуіміз кемшін болып тұр. Ел ішінде ескерусіз жатқан күйлер де, есімі көп аталмай жүрген күйшілер де болуы мүмкін. Әсіресе, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы өңірінде әр күйдің өзіндік орындаушылық ерекшелігі сақталған.
Мысалы, Аққыздың қағысы бөлек, Тәттімбеттің иірімі бөлек, Қыздарбек пен Сембектің іліп тартатын ерекшелігі бөлек. Кейбіреулер Қыздарбек пен Сембектің күйлерін шерте де алмайды. Сондықтан, күйді нотаға қарап қана үйрену аз. Оның мінезін, тынысын, ішкі иірімін сезіну керек.
Бізде Қалкен ақсақал бар. Төлеутай Асқаров деген әнші, күйшілікке де қарымы бар азамат бар. Жастардан Мадияр Сүлейменовті айтуға болады. Шертпе күйдің шебері, республикалық деңгейде аймағымыздың айбынын асырып жүр. Манап Ақынбеков Ақтоғайдағы Мағауия Хамзин мұрасын дәріптеп, өзі де күй шығарып жүрген өнерпаз. Осындай азаматтарды бір ортаға топтастырып, Арқа күйінің бүгінгі келбетін жүйелі түрде көрсетуіміз керек.

– Ұлттық домбыра күні қарсаңында осы мәселе тіпті өзекті көрінеді. Мерекелік концерттерде Арқа шертпесі қаншалықты орындалып жүр?

– Осы жерде көңілді күпті қылатын бір жайт және бар. Жыл сайын Ұлттық домбыра күніне елге белгілі күйшілер шақырылады. Оған қарсы емеспін. Бірақ, қарап отырсам, ішінде өзіміздің өңірдің күйшілері көп көріне бермейді. Ал, біздің күйшілер олардан еш кем емес.
Шертпе күйдің отанында отырып, бір шертпе күйдің орындалмауы күйінішті-ақ. Өз өңіріміздің күйшілерін неге ұмыт қалдырамыз? Осында туған, осында қалыптасқан, Арқаның қоңыр үнін сақтап жүрген өнерпаздар бар ғой. Ұлттық домбыра күнінің мазмұнын байытамыз десек, ең алдымен, өз топырағымыздан шыққан күй мұрасын төрге оздыруымыз керек.

– Аққыз Ахметқызы туралы бөлек сұрамасқа болмайды. Сіз ол кісінің көзін көрген адамсыз. Әрі жиенісіз. Аққыздың күйшілік болмысы қандай еді?

– Күйшілік өнер маған нағашыларымнан дарыды деп ойлаймын. «Жігіттің жақсысы нағашысынан» дейді ғой. Аққыз апамның көзін көрдім. Бала кезімізде Ақтоғай ауданына қандай игі жақсылар келсе де, бірден әженің үйіне жиналатынбыз. Қаратал ауылына барамыз. Сонда апама: «Күй шертіп беріңізші», – деймін. Біздің көңілімізді қимай, сексеннен асса да домбырасын алып, күй шертіп беретін.
Шерткенде де қандай! Бала күнімнің өзінде зарлы үнмен тартатыны есімде. Өз шешем кейде жақтырмай: «Зарлы тартады», – дейтін. Бірақ, сол үн менің төбе-құйқамды шымырлататын. Ол күйдің ішінде адамның тағдыры, елдің мұңы, заманның ізі жатқандай сезілетін.

– Аққыздың кеш танылуына не себеп болды деп ойлайсыз?

– Оның бір себебі – заманның озбырлығы. Аққыз байдың қызы болған. 1928 жылдары әкесін кәмпескелеп, жер аударған. Ол кездегі жағдай белгілі ғой. Байдың тұқымы деген таңба өнер адамының жолын да бөгеді. Шеттетілді. Бертінде ғана Ақселеу ағалардың, зерттеушілердің арқасында қайта таныла бастады.
Жарқын Шәкәрім студент кезінде-ақ, әжемізден сұхбат алған. Қазір Аққыздың тоғыз күйі нотаға түсті. Үш-төрт күйін оркестр орындайды. Бірақ, мұнымен бәрі бітті деп айтуға болмайды. Аққыздың тағы да күйлері болуы мүмкін. Жанғали Жүзбай осы бағытта зерттеп жүр.

– Консерватория мен колледждерде төкпе күй мен шертпе күй қатар оқытылады. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Ә дегеннен оған қарсылығым жоқ. Себебі, өзім де алғаш Алматыда оқып жүргенде Нұрғисаның күйлерін жақсы көретінмін. Төкпе күй де – қазақтың ұлы мұрасы. Бірақ, әр мектептің өз табиғатын жоғалтпау керек.
Қазіргі білім беру бағдарламаларында Тәттімбет пен Құрманғазыны қатар үйретеді. Бұл дұрыс шығар. Бірақ, шертпе күйдің өз ерекшелігін, қоңыр үнін, қағысын, ішкі философиясын бөлек түсіндіру қажет. Әйтпесе, бәрі бірдей желдірме, сахналық сипатқа кетіп қалуы мүмкін.

– Қазір күйлерді оркестрмен орындау жиі кездеседі. Бұл Арқа шертпесінің табиғи болмысына әсер етпей ме?

– Кей күйшілер оркестрді жақтырмайды. «Оркестр күйді құртты» дейді. Мен олай ойламаймын. Оркестр құртпайды. Мәселе қалай орындауда.
Домбыра, қобыз, дауылпаз, шаңқобыз – бәрі ұлттық аспаптар. Ұлттық колорит бар. Әрине, оркестр жеке орындаушының иірімін дәл сол күйінде бере алмауы мүмкін. Бірақ, бояуын қанықтырып, түрлендіріп жеткізе алады. Егер жеке орындаушы мен оркестр қатар жүрсе, еш әбестігі жоқ.
Мысалы, Секен Тұрысбек оркестрмен орындағанда өзі бастап келеді де, бір мезетте оркестр қосылып кетеді. Нұрғиса да солай істеді. Сонда өте әдемі шығады. Құрманғазы, Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрлері бүгінде небір кесек туындыларды құйқылжытып орындап жүр. Аққыздың күйлері де солай шықса, мен қарсы емеспін. Күй – мәңгілік.

– Өзіңіз үшін домбыраның үні, аспаптың табиғаты қаншалықты маңызды?

– Өте маңызды. Домбыраның үні күйшіге тікелей әсер етеді. Бір қызық оқиға айтайын. 2017 жылы Аққыздың 120 жылдығында Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасына Секен Тұрысбек ағамен бірге шақырылдық. Бір күн бұрын Астанаға барып, Секен ағамның үйіне түстім. Дайындық кезінде сол кісінің домбырасымен күй тарттым.
Эфирге шығарда Секен ағам: «Күйлерің осы домбырамен жақсы шықты, эфирге осымен шық», – деді. Эфир біткен соң: «Сенде қалсын», – деп домбырасын маған берді. Содан бері үлкен сахналарға сол домбыраны қалдырмай алып шығамын. Ол домбыра мен үшін өте қымбат.

– Қарағандыда Күй аллеясының ашылуы да осы бағыттағы бір бастама болды ғой…

– Иә, ол жақсы бастама болды. Осыдан бірер жыл бұрын Қа­рағанды ұлттық зерттеу универ­ситетінің ректоры Нұрлан Дулатбековтің бастамасымен Күй аллеясы ашылды. Жастар көп жүретін жерде орналасқаны дұрыс болды. Онда жергілікті күйшілердің де, танымал күйшілердің де шығармалары шертіліп тұрса, жас буынға ерекше әсер етеді.
Мұндай жобалар көп болуы керек. Бірақ, тағы айтамын, шертпе күйдің өз орталығы болса, тіпті жақсы болар еді. Бұл – бір адамның ғана арманы емес, Арқа күйін қадірлейтін көп адамның тілегі.

– Сөз соңында, бүгінгі ұрпаққа не айтар едіңіз? Шертпе күйді түсіну үшін адамға ең алдымен, не керек?

– Ең алдымен, ықылас керек. Күйді жай тыңдау бір бөлек, оны түсіну бір бөлек. Шертпе күй – асықпай тыңдайтын, ішіне үңілетін өнер. Оның әр қағысында тарих, тағдыр, мінез бар.
Біз шертпе күйдің отанында отырмыз. Сондықтан, бұл мұраны өзіміз қадірлемесек, өзгеден талап ету қиын. Тәттімбеттен, Қыз­дарбектен, Әбдиден, Сембектен, Тоқадан, Аққыздан жеткен қоңыр үнді жоғалтпау – бәрімізге ортақ аманат.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет! Мереке құтты болсын!

Әңгімелескен Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button