Болашақтың бағбаны
Қазақ руханиятының өткен ғасырдағы көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы…» деген екен. Арада бір ғасыр өткенде, Алаш арысының бұл сөзі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ақжал кентіндегі Ш.Батталова атындағы жалпы білім беретін орта мектепте балаға білім үйретіп, тәрбие тағылымын дарытып келе жатқан ұстаздар көп.
Мысалы, Ш. Батталова атындағы жалпы білім беретін орта мектептің ұстазы Данагүл Сәтмағанбетова – мектептің жанына айналған тұлға. Үлгілі ұстаз орнықты ісімен, тағылымды сөзімен ерекше.
Кеншоқы ауылының тумасы 2000-2006 жылдар аралығында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың математика және физика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1999 жылдан бастап Шет ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектепте бастады. 2005 жылдан бастап осы Ақжал жеріндегі Ш.Батталова атындағы ЖОББ мектебінде математика пәнінің мұғалімі. 18 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз математика пәні бойынша теория-практиканы бірге алуды сабағына мақсат етіп, 7, 9, 11 сыныптарға, физика пәнінен 8-інші сыныптарға сабақ береді. Сондай-ақ, Ш. Батталова атындағы жалпы білім беретін орта мектеп ұжымында математика-физика бағытында білім беретін Саягүл Карина, Мақпал Хамитқызы, Гүлнәр Құсайынова секілді ұстаздар қызмет атқарады. Осындай білікті ұстаздардың арқасында мектеп оқушылары «Жас зерттеуші» оқу-зерттеу жұмыстарының аудандық байқауына оқушы дайындағаны үшін, сондай-ақ, PISA тапсырмаларын құрастыру алгоритмі бойынша мақтауға ие болып жүр.
Ал, Данагүл Сәтмағанбетова дайындаған оқушылар математика пәнінен Н.Қайырбаев атындағы IX аймақтық олимпиадаға, Ж.Ақылбаев атындағы Математика пәнінен қашықтықтан оқыту мектебін өткені үшін дипломмен марапатталып жүр. Осындай жетістіктер кез келген ұстаз үшін зор қуаныш деп білемін.
– «Менің жұмысымда сабақты мейлінше дұрыс, әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, оқушыларды жалықтырмайтындай етіп өткізуге тырысамын. Математика пәнін ұнатпайтын бала ілу де шалу. Сондықтан, келешекте де осы ісімді тек қана оқушылармен жалғастырып, бар жігерімді саламын. Келесі оқу жылында оқушыларымды биіктерден көрсетіп, олар мені мақтан тұтар дәрежеге жету – басты мақсат, – дейді Данагүл Сәтмағанбетова.
Әлбетте, ұстаздар қауымы – қоғамның әрбір жаңалығын жылы қабылдап шәкірттердің бойына жеткізе білуімен ерекшеленеді. Оқушылардың парасатты болып шығуы жолында тынбай еңбек етеді. Сондықтан да дана халқымыз «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» дейді.
Серік ҚАМБАРҰЛЫ,
ақсақалдар алқасының
төрағасы.
ШЕТ ауданы.