Жаңалықтар

Болған емес…

Дерекке сүйенсек, адамзаттың бір күні де соғыссыз болмаған екен. Бүгін Еуропаның қақ төрінде жүріп жатқан соғыс та соған дәлел болады. Жалпы, барша соғыстың бір-ақ себебі бар. Ол – нәпсі, өзімшілдік. Өзімшіл нәпсіге қызмет етуші – құмарлық. Тоқтауы, тежеуі, тыйымы жоқ пайда құмарлықтың жеміт көзі ең ақыры сөз патшасына да коррупция коронасын кигізіп тынды.

«Жаза баспас қадам жоқ, жаңылмайтын қалам жоқ» десек те, ақындыққа құмарлар өз пайдасы үшін поэзия сөзін, сап таза келісімді құрбандыққа шалып жібергенін мойындау қажет. Бұл сорлы, сорақы, көр, құмарлықтың нақты атын атап, түсін түстеген адам – Мұхтар Әуезов. Қазақ поэзиясы туралы сөзінде ол: «Кейбір ақындар поэзияны бейнебір оларға ғана қас мүліктей тар таниды. Ол ақындарға біз айтар едік: «Ең әуелі поэзия сіздің ғана мүлкіңіз емес. Ал, егер ол шынымен сіздікі ғана болса, ол тегі шынайы мүлік те емес» депті. Әуезов сөзі – әділет сөзі. Өйткені, шынайы мүлік ғұмырдың шынайы болмысынан шықпақ. Шынсыз шеберлік – білімсіз бейшаралық.

Ақындыққа құмарлар һақындағы шындық сөзді айтқандардың қатарында қарақалпақ әдебиетінің классигі Бердақ Қарғабайұлы да бар. Бердақ ақындыққа құмарлар мен бірге билікке құмарлар бейнесін де анық көрсете білді. Біз бірден шайыр Бердақ жырларының аса құндылығы, қымбаттылығы, қызықтылығының себебіне тоқталсақ дейміз. Бердақ Қарғабайұлы біздің Абаймен замандас. Бердақ – 1827 жылы туса, Абай – 1846 жылы туған, аралары – 19 жас. Бердақ 1900 жылы қайтыс болыпты. Абай өмірден 1904 жылы өтті. Бірақ, заманы бір, екеуі де мұң-зары тағдырлас туыс халықтар әдебиетінің өкілі. Қазақ «Алқа көл сұлама, Ақтабан шұбырындыда» да «Елім-ай!» деп жоқтаса, қарақалпақ Жиен жырау «Босқан ел» жырын боздатты. Қазақ пен Қарақалпақ – «Сөйлескенде тіліміз бір ағайын, Көріскенде түріміз бір ағайын, Сұрасқанда түбіміз бір ағайын!».

Қарақалпақ халқының қайдан шыққаны туралы әңгіме Түркістаннан Түркі қағанатынан қарай тартып, арғы сөз терең тарихқа әкететін болған соң, Тәуке ханның заманында «Жеті жарғы» заң жинағының жеті авторының бірі қарақалпақ елінің төбе биі Сасық би мен Шығыс ойының жұлдызы Шоқанның ұлы нағашы жұрты Қарақалпақ елі екеніне тоқталсақ та, жеткілікті болар.

Шоқанның атасы – Уәли Абылайдың қарақалпақтан алған әйелі Сайманнан туған. Ғалым С.Зиманов «Біз – зерттеушілер, кезінде Шоқан Уәлихановты түсінгіміз келмеді» деп шындықты айтқан еді. Шоқанды түсінгісі келмеу – Қазақ пен Қарақалпақ халықтарының мәдениетінен, әдебиетінен бас тарту еді. Екі туыс халықтың байланысының әріден келе жатқанын Қарақалпақстанның халық ақыны Садық Нұрымбетов «Абайдың лебізі, Бердақтың сесті, Бір-бірінен қашық емес-ті» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Абай сияқты Бердақ та өз бағасын да, сөз бағасын да жақсы түсінген, өз ойын жеткізіп айта да білген. «Алтын әрбір айтқан сөзім, Сөзім емес, ол бір өзім» деп сөзден өзіне ескерткіш соққан.

Тақырыпты соғыстан бастау себебіміз де Абай мен Бердаққа қатысы бар, екі ақын ғұмыр кешкен ғасыр да ақмақ патшалар бастаған соғысқа толы болды. Жоңғарлардың қанды, шаңды жорықтарынан әлсіреген қазақ еліне 1722 жылдан бастап, Ресей патшалығы қазақ мемлекетінің хандық билік жүйесін күйретіп тынды. Алайда, еркін қазақ халқы азаматтық теңдік үшін қарулы қарсылық көрсетуден бір танбады. Қарақалпақ шайыры Бердақ туған 1827 жылы Қарқаралы уезінің Қаракесек Байбөрі жұрты ақ патшаның сұлтаны Ағадай Мамановтың билігіне көнбей Ташкент асқан. Соңынан қуған әскерге қарулы қарсылық көрсетіп, 200-дей мылтықтан оқ боратады. Байбөрі ерлері бұл соғыста түріктердің мылтығын қолданған. Алматыдағы мемлекеттік орталық архивтегі (Қ.-345; т.-1; іс-229; байлам -31;) дерекке сай Түрік мылтықтарының оғы колонизаторлардың карабиндерінен үш есе артық жерге жетіп жатыпты. Сібірдің соғыс губернаторы қарулы қақтығыста қолға түсірген Байбөрі елінің малын ашық саудаға шығарып сатады. Мал саудасынан түскен бір мүлік, күміс қытайлық «ямба» – тайтұяқ 1858 жылы Петербургтің монета сарайына патша монетасын құюға жолданған. Байбөрілерге кектенген колонизаторлық үкімет бүтін бір елді бірнеше болысқа бөліп жіберген. Содан келіп, Байбөрі – Жағалбайлы, Байбөрі – Көшім, Абыралы, Дегелең болыстары пайда болды.

Абай дүниеге келген 1845 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары көтерілісі жүріп жатқан еді. Кенесары қаза болған 1847 жылдан тура 100 жыл өткенде 1947 жылы Байбөрі жерінде атом сынақ майданы ашылды. Қазір, Байбөрі бабамыздың аты ұмытылып, «Семей атом полигоны» деп аталып жүр. Дегенмен, «Орнында бар оңалар», Байбөрі бабамыздың есімі қарақалпақ пен қазаққа ортақ «Алпамыс» эпосында сақтаулы тұр. Біз Қарақалпақ елінде Төлеген Айбергеновтің кіндік кескен Қоңыратында жүргенімізде Байбөрі бабамыздың еркін де, ерлікке толы рухы Бердақ бақсының бікір қобызына көшіп кеткендей күй кештік. Өйткені, жалпы адамзатқа бірдей тиесілі «бақсы» сөзі адаспай тура ізденген, Алланың хикметін өзгелерден анығырақ сезінген ақылы мен еңбегіне сүйенген жанды білдіреді. Абайдың «Сөзімді ұғар елім жоқ, моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деген сөзі Байбөрі мен Бердақ бабалардың заманына үн қосқандай.

Абайдың сөзін өз замандасы түгіл көзі ашық деген мына заманда да терең түсініп, дұрыс ұға қою оңай болмай тұрғаны белгілі. Абайды толық түсініп, терең ұғуға бара алмауымыздың бір себебі, оның жазба күнделігін қазақта «Қара сөздер» деп, орысша «Слова назидания» деп атап кетуден басталған. Абайдың «Бірінші сөзін» ақыл көзімен оқысаңыз, қазақ Ибраһим Құнанбаев күнделік жүргізуді ұйғарған. Неліктен? Тыныштық жоқ. Көңілінің қалауына сай айналысатын шаруаларын жүргізу үшін тыныштық керек. Тыныштық жоқ жерде ой бөлінбек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған сопылық? Неге тыныштық жоқ? Оған себеп: «Бұл жер – дәрул-хәрб, яғни, «Соғыс аймағы». Абайдың сөзін тарих растайды. 1877-1878 жылдары Түрік және Ресей соғысы, Ресейдің Орта Азияға колониялдық жорықтары, 1904-1905 жылғы Жапон-Ресей соғысы. Сонымен, Абайдың «Қағазға жаза берейіні» – күнделік жүргізу. Күнделік – деректі сөз. Абайдың сөзі – соғыс күнделігі. Соғыс аймағында өмір сүрген Абай адам ұлының мінездері туралы естелік қалдырады. Сөз – соғыс. Қалам – қарауыл. Қағаз – майдан. Әр айтылған сөз – атылған оқ. Әр оқырман – жауынгер.

Өзінің «Отыз сегізінші» сөзінде Абай: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім! Сіздерге адам ұлының мінездері туралы біраз сөз жазып жәдігер қалдырайын» деп жазады. Абайдың адам мінезіне арнайы тоқталуының себебі белгілі. Өйткені, адамның, қоғамның, мемлекеттің тағдырын шешетін негізгі құрал – Құдай берген мінез. Не ұлы шабытқа, не ұры шайтандыққа алып барар жалғыз жол – мінез. Ақылды да, білімді де сақтайтын сауыт – мінез. Ақылды, арлы, артық адамның мінезі – нашар қылықтардан бойын сақтау, өзін «Жаман» дегізбеу. Бұл – үлкен мінез.

Қарақалпақ елінде ауыл ақсақалдары жат қылықты жерлестерін алқалы кеңесте қарап, түзелмесін көргесін «жаман» деген қарар да қабылдап, елден аластаған. Жаман атану – жаза. Қарақалпақта жыр бар «Не жаман?» деген, содан бір жолын ғана келтіре кетелік. «Тоғыз дегенде не жаман, төресін бұзған би жаман». Жаман би – коррупционер сот. Адамды аздыратын да – нәпсінің қу мінезі! Патшаны да, пендені де. Сол себепті, бұл ғұмырда әркім әр тілек нәпсісінен суынып, оған соғыс ашып, ұрыс қылуға міндетті.

Адам мінезі туралы біраз сөзді қарақалпақ Бердақ шайыр да жазып қалдырған. Бердақтан қалған мол мұраның ішінде Абаймен үндесіп жатқан «Болған емес» атты адам мінезі туралы өлеңі. Бердақ шайыр қосықтары бізге Абайдың кейбір ой-сөздерінің дұрыс ұғына алмай жүрген тұстарын терең, дәл, дұрыс ашып бере алуымен қызықты. Абайдың 1889 жылы жазылды деген «Қажымас дос халықта жоқ» сөзін толық ұға алмай Нөкісте жүргенімізде Бердақтың «Болған емес» қосығына жолығып, жолымыз болды. Өйткені, Абайдың осы бір «Қажымас дос халықта жоқ» сөзінің асыл астарын түсіне алмай азаптанып жүр едік. Неліктен, халықта қажымас дос болмайды? Абай кесіп айтады «Жоқ» деп. Абай ғана емес, қарақалпақ Бердақ та «халықта қажымас дос болған емес» депті.

Сонда дейміз-ау, халықта шын дос болмағаны ма, болмаса, сол болмауының себебі қайда жатыр? Оның нақты себебін Бердақ жырынан таптық да, Абайдың сөзін енді түзу ұғу мүмкін болды. Бердақтың «Болған емес» өлеңінің бірінші шумағымен таныса отыралық: «Бұл дүние дүние болғалы, Патша әділ болған емес. Шайырлар кәлем алғалы, Хатқа туурлы салған емес». Біз Бердақтың бұл жырын «Бұл адам адам болғалы, Патша әділ болған емес. Ақындар қалам алғалы, Хатқа түзу сөз салған емес» деп аудардық.

Халықта қажымас дос болмауының себебін бақсы Бердақ «әділдік» және «түзу» категорияларын пайдалана отырып түсіндіреді. «Неге әділ болған емес» деген сауалға жауапты Абайдан табамыз. Абай: «Халықтың қажымас досы бола аларлық патшада әділет ісінің алды-артын байқарлық білім-ғылымы болсын» деген. «Ел басқарам» деген адамда білім-ғылым болсын! Әділет ісінің алды-артын байқарлық болсын! Әділет ісінің. Алды- артын. Өйткені, патша аспаннан аяғы салбырап түскен әулие емес, ол да пенде, бір әлеуметтік ортадан шыққан. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Ел бағуға келген бетте өзінің әлеуметтік ортасының мүддесін алға қоя ма, әлді мен байдың бопсасына шыдай ала ма, жоқ па? Халықтың қажымас досы болмаққа ниет ете ме? Әр адам өз халқым деп іс қыла ала ма? Дүниеде түпкі мақсаты өз пайдасы болса, қолын конституцияға қойып ант берген соң, іле-шала жалт бере салар. «Айнымас серт қайда бар» деп халық қалар.

Бердақ бақсы ақындар һақында: «Шайырлар кәлем алғалы, Хатқа туурлы салған емес»деген еді. Біз, Бердақтың сөзін «Ақындар қалам алғалы, Хатқа түзу сөз салған емес» деп алуымыздың себебі – Абай сөзінде тұр: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел». Түзу сөз – әділдік. «Мен» және «сен» деген өзімшілдіктен бас тартып, «Біз» деу әділдік. Біз Абайдың «Сөз түзелді» деп отырғаны, ғалами ғылымының заңы бойынша ақын да, ақынның өлеңі де халыққа қызмет етуі тиіс. Халыққа мекен берген – Алла тағала. Халықты халық қылған – Жаратушы. Жалғаны жоқ, жалтақтауы жоқ Тәңірім. Халықтың қажымас досы – Құдай! Ал, патша мен ақынның міндеті – Халыққа адал қызмет ету! Адам міндеті – Алла туралы ойлану. Құдайдан тізерлеп, уәде құмар болып, ғибраттанушыларға тыю жоқ. Әділет барша ізгіліктің анасы-дүр. Ынсап, ұят – бұл әділеттен шығады. Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ.

Сонымен, Бердақ өз заманындағы шындыққа емес, ақындыққа құмарларды сынап отыр. Шындықсыз шеберлік-білімсіз бишаралық. Сөз де, іс те – халықтың мүлкі. Сөз бағу да, ел бағу да – тәңір тезі. Кезінде Мұхтар Әуезов ақындық туралы: «Ақын да тегінде білім- ғылымы болсын исламның Алласы емес. Сілтегені перизат, сермегені кем қойғанда адамзат болып жаратыла қала бермейді» деген еді. Расында да, еркіндеп-ақ келген сөз бен күйді хатқа түзу түсіре білу де – әділет ісі.

Абай патша жайында айтқаны: «Халық билеген патшалар, Уақыты жетсе, құлайды». Патша дегеніңіз өз еркімен кетпейді екен, құлайды екен. Себебі, Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер. Ғалами ғылымның заңы – өзгеріс. Өзгеріс – өсу, өну. Есті кісі дегеніңіз заман өзгерісін көре білмек, сезе білмек. Ақылды адам «соғыс» деген ескі сөзді архивке жіберуге тиіс. Өзімшілдікті тыйып, тез арада тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесіне көшу қажет. Бұл – жаратылыстың заңы. Еркіндік пен теңдіксіз тыныштық, татулық болған емес. Әркім, әр әкім әділетті болуға міндетті. Халық әділ болса қоғам да, мемлекет те әділ болмақ. Тек әділ жандар елі, біз-халықпыз деп айтуға құқығы бар. Анық таза елде ғана биліктің ісі, өнердің сөзі түзу шықпақ. Өйткені, адам болмысының үйі – әділет. Шіркін-ай, десеңізші, осы ойдың бәрін Шайыр Бердақ, бақсы Бердақ бір қосығына сыйғызып кеткен екен-ау…

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button