Жаңалықтар

Бокс өнерінің біртуары

 «Миландағы әлем чемпионатында көрдім. Техникасы өте мықты. Көбі мұның сол қолынан секемденетін. Керілген арқанның төрт бұрышын түгендеп, талай қарсылас қаша жұдырықтасуға мәжбүр болатын. Азияда орта салмақта бұл боксшыға тең келер қарсылас жоқ. Біздің боксшылардың да бұл спортшыдан үйренері көп. Менің ойымша, биылғы Лондон Олимпиадасында алтын алуы тиіс. Оған күші де, техникасы да жетеді», – деген еді үнді бапкері Гурбакшсингх САНДУ ел мақтаны Серік СӘПИЕВ туралы.

Токиодағы қазақстандықтар кешкен «қола дәуірден» еңсеміз түсіп, салымыз суға кеткені рас. Таңдай қағып, тамсанар алтын алмадық. Әй, бірақ, бұған да қанағат. Десе де, алтын алып, абырой асқақтатқан чемпион ұлдар еріксіз еске түседі. Жерлесіміз Серік Сәпиев солардың бірі һәм бірегейі.

Ол 1983 жылы Абай қаласында дүниеге келген. Боксқа 11 жасынан қызығушылығы туып, бапкер Александр Стрельниковтің тәрбиесін көрді. Талабынан танылған жас шәкіртті көзі қырағы бапкер бірден таныды. Қағылез, ұяңдау болғанымен көзіндегі жалынды байқамау мүмкін емес еді. Боксқа бейімділік оның қанында бар. Серіктің немере ағасы Бақтай да кезінде еліміздің қабырғалы боксшыларының бірі болған.

– Уақыт оза байқасам, өнері аздап ағасына келіңкірейді. Бақтай да техникалық арсеналы өте бай, жылдам боксшы болатын. Қасиетер қатары Серікте де бар. Сол кезеңнен-ақ мен бұл жігіттің адымы алшақ, шабысы ширақ болатынын байқағанмын – дейді бапкері Александр Стрельников.

Серік әкесінің ақылымен Қарағандыдағы дарынды балаларға арналған Ә.Молдағұлова атындағы спорт интернатында білікті бапкер Сайын Аратаевтың да тәлімін көрді. Интернатты тәмамдай сала өзінің бапкері Александрға қайта келеді.

2004 жылы әскерилер арасында өткен халықаралық додада 60 келі салмақта алғаш әлем чемпионы атанып, жұлдызы жанады. Алғашқы жеңісі жас түлекті тастүлекке айналдырғандай-ақ. Қарсыластарын рингте қуып жүріп сабайтын деңгейге жетеді. Ал, 2005 жылы Мәскеуде өткен байрақты бәсекеде қазақстандық құрама жалпы командалық есеппен III орын алғанымен, Серік бірде-бір жекпе-жегінде есе жібермеді. Ауқымды додадағы тырнақалды кездесуінде африкалық боксшыны нокаутқа түсіріп, жартылай финалда кубалық Йорданис Эрнандесті – 46:35 есебімен еңсерді. Содан бері Серік кездесулерінің бәрін өз еншісіне шешті. Сол жылы Алматыда болған оқу-жаттығу жиынында қолынан жарақат алса да, Бас жүлдені қанжығалап қайтқаны тағы бар. Айтулы жарыста словак Тибор Главацкиді – 37:13, америкалық Карл Даганды – 37:26, украиналық Николай Семенягуды – 27:15, әзірбайжан Эмиль Магеррамовты – 41:23 ұпайымен және өзбекстандық Дилшот Махмутовты – 40:21 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды.

2007 жылғы Әлем чемпионатында Серіктің өнері мінсіз болды. Бастапқы кездесуде Милан Пипескиді 26:6 есебімен ұтты. Одан кейінгі үш айқасты да мерзімінен бұрын аяқтады. Никарагуалық Мендоза Мендес, канадалық Кевин Бизер, ирандық Мұртаз Сепахванд, жапон Масатусид Каваши қандасымызға қарсылық көрсетуге қауқарлары жетпеді. Серік оларды рингте басқара білді. Соққыларын арбап та, алдап та өткізіп, қарсылас жігерін құм қылды. Ақтық айқаста Геннадий Ковалевты 20:5 есебімен артқа тастады. Бұл – қазақстандық боксшыны алғаш әлем боксының мамандары таныған сәт болды. Сөйтіп, алыстағы АҚШ-та алтын медальді жеңіп алған Серіктің есімі бокс шежіресінде екі мәрте Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық боксшы ретінде тіркелді.

Сәтсіздіктердің де санын бастан кешірген Серік «Мен сайысқа түскенде жеңемін деп түсемін. Алайда, кей тұстарда асығыстық танытып, жеңіл соққыларды көп өткіздім. Бұрын сол соққыларды дарытпаудың дауасын тауып, басқа тактикамен келесі кезекке кірісетінмін. Бұл жолы бейне гипнозда болғандай әсердемін», – деп өз жеңілісіне баға да берген кездері аз емес.

Бакуда өткен әлем біріншілігінде күміс алған Серікке сәттілік серік болды. Лондонға жолдаманы иеленді. Төрткүл дүние тамашалаған алаңда Сәпиев жапон Ясухиро Сузукимен жұдырықтасып, 25:11 есебімен ширек финалға жол ашты. Мұнда венесуэлалық Габриэль Маэстре Перезді 20:9 ұпай санымен ұтты. 2012 жылы финалда алаң иесі Фредди Эвансқа жолыққан Серік 17:9 есебімен жеңісті жұлып алды. Осы бір бәсекені бағына шешпек үшін Сәпиев 17 жыл аянбай жаттығу жасап, тер төкті. Қазақстан ғана емес, әлем боксының жарық жұлдызына айналып үлгерген ол Олимпиаданың ең үздік былғары қолғап шебері атанып, Баркер кубогін қоржынға салды. Тактикасы тың, қорғанысы тас былғары қолғап шеберінің шыңға шығуы маңдай тер мен тынымсыз жаттығу арқасында еді.

Иә, Серіктің рингтегі көрсетер өнері өзгеден ерек. Жасындай жарқылдаған жылдамдық, табанасты тапқырлық, аса сақ қорғаныс, аңшыға тән айла осының бәрі бір Серіктің бойында бар қасиет. Бағы бабына серік болған Серіктің алаңдағы талай айқасы бокс шежіресінде алтын әріппен жазылды. Қазақ боксы тарихында мұндай сайыпқырандар әлі талай туары сөзсіз!

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button