Бас тақырыпМәселе

Блогерге иланасыз ба?

«Ертең тағы күн келмек. Күннен кейін түн келмек. Сенсіз жаным интернет, қазақ қалай күн көрмек» деген Ақберен Елгезектің бір шумақ өлеңін біреу білсе, біреу білмес. Қазір әрбір адам – media. Сіз бен біз блогерліктің айналасында ой қорытып көреміз. Осындай web-мүмкіндіктер дәуірінде, Сіздің де әп-сәтте танымал болып, блог жүргізіп кетуіңіз кәдік. Оған жұрт неге әуес? Әлеуметтік желінің құлағында ойнап, кейде қарақан жұрт пен билік өкілдерін әбігерге салатындар немен айналысып, ақшаны қайдан табады. Шолу жасап көрелік.

Блог сөзіне әркім әртүрлі анықтама беруде. Қаракөз қазақ мамандарының ішінде журналист Төлен Тілеубай «Блог (интернет журнал, онлайн күнделік) – мазмұны тұрақты толығып отыратын жазбалардан (пост), суреттерден,. мультимедиадан құралатын web-кеңістік», – деген анықтама келтіріпті. Бұл пікірді айтулы блогер Айсұлтан Жақып та қостайды. Әу баста бәрі wordpress сында «күнделік» платформалардан бастау алған. Кейінірек әлеуметтік желінің ықпалы арта бастады. Жұрт көштен қалмау үшін «жаға ұстататын» жаңалықтарды жазып, не оған пікір білдіруге көшкен. Енді әу бастағы сауалымызға қазақ блогосферасының атасы Асхат Еркімбай қарапайым жауап бере салды. «Блогер дегеніміз – жеке көзқарасын өзінің белгілі бір ресурсында жариялап отыратын интернет қолданушы». Әлемде орташа есеппен 2 миллионға жуық блогер бар. Яғни, дәстүрлі ақпарат таратудан желілік жазбагердің ұстанар қағидасы өзгеше. Не дегенімізбен, блогтың сандық дәуірдегі бұқаралық коммуникацияның тетігі екендігін жоққа шығара салу қиын.. Қысқасы тұтас зерттеуді қажет ететін ауқымды сала. Ауызекі тілмен айтқанда, «партизандық журналистиканың» кәсіби журналистикамен қандай байланысы бар дегенге мамандар ой қорытуда. Көзқарас сан алуан. Көбінеки «кез келген блогер журналист бола алмайды» деген пікірлерге саяды. Жасырары жоқ, кейде ресми БАҚ оқырманның қажетін өтей алмай қалған кезде блогосфера өкілдері іштегі. «запыранды» сыртқа шығаруға. таптырмас құрал.

– Блогер – азаматтық журналистиканың сардары. Қазір олар қоғамдағы түйткілді мәселелерді бүкпесіз жайып салып, кері байланыс арқылы оңтайлы шешеді. Сондықтан, әкім-қараларымыз блогерлерден ығады да тұрады. Шыны керек, осы азаматтық жолымнан «таяқ жеген» кезім көп. Мемлекетшіл азамат болу – санаулылардың қолынан келетін. жалқы іс. Қайнап тұрған қоғамдық сауалдарды алға тартам деп «жексұрын» болдық. Блогер – ешкімнің саясатына байланбаған еркін суретші. Media-сарбаз.

Өзі – автор, өзі – редактор. Әлеуметтік желі – екі жүзді қанжар. Блогер – қасапшы. Қоғамды қан қақсата берген кімдерге ұнай қояды дерсіз. Білесіз бе, мобильді ақпараттың жаршысы болып жүргенімізде қастандық қылған әлдекімдер істемегенді істеді. Қызметтен қуылдық. Көрсетіндімен нақақ жалаға ұшырадық. Тіпті, көлігіміздің төрт дөңгелегін бірдей жарып кеткен кез аз болмады. Билік бізбен еріксіз санасады. Әлбетте, «тапсырысқа» жазып жүрген киберкиллерлер де баршылық. Бар мәселе жеке адамның ұстанатын позициясында, – деп қорытты сөзін Айсұлтан Жақып.

Бұл пікірмен айтулы қоғам белсендісі Бақтияр Омарханов та келіседі. Сөзінше әуел баста жұрттың мұқтажын желіде жариялай бастағанда туған-туыс, жаранның бәрі «бауырым, денің сау ма?» деген сұраулы жүзбен қарсы алатын болыпты. «Кейінірек бұл коммуникацияның жаңа түрі екендігіне көзі жетті», – дейді Бақтияр.

Төлен Тілеубай «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты кітабында қызық статистика келтіреді. Қазір ел тұрғындарының 38%-ы жаңа медиаға сенетінін айтса, соның ішінде 18-30 жас аралығындағы азаматтардың 78%-ы толық сенеді. Ал, 31-45 жастағылардың 49%-ы осындай пікірде. Тек 60 жастан асқан азаматтардың 81%-ы теледидарға, газеттерге ғана қалтқысыз сенетіні анықталған.

Әлқисса, «нені көрсем, соны әнге қосамын» дейтіндер ендігіде жауапкершілік арқалайды. Блогерлердің заңдық тұрғыдағы мәртебесі айқындалмады. Бұл – уақыттың меншігіндегі сұрақ. 2017 жылы Қазақстанда коммуникациялық саланы реттейтін арнайы заң қабылданып, заңнамаға 200-ден астам түзету. енгізілген. Нәтижесінде блогерлер қызметін бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірмеу шешімі қабылданған. Себеп: желілік алаңдар – шетелдің меншігі. Есесіне желідегі жазбалар қадағаланбақ. Заңға қайшы келетіні бұғатталады. Бұл турасында Ақпарат және қоғамдық даму экс-министрі Аида Балаева мәлімдеген еді.

Кейінгі кезекте youtube.com арнасындағы блогерлер, вайнерлер белсенді. Белсенді дейміз-ау, олардың А.Птушкин, Ю.Дудь сынды кәнігілері миллиондаған аудитория жиып, жаһан дидарының көзайымына айналғалы қашан. Ондай платформадан қыруар табысқа да кенеліп жататынын өздері жасырмайды.

Бұл жолда біздің қаракөздеріміз де қалыс қалып жатпағанға ұқсайды. Алайда, «даудың басын Дайрабайдың көк сиырынан» бастағысы келіп тұратындардың көптігі көз аштырмай тұр.

Сонымен, бұл феномен де қазақ санасына сыналап енуде. Не десек те, жаза алатындар саны мен сапасы артқан сайын қоғамның да кіл сұрапылдары сұрыптала беретіні даусыз. Тиісінше виртуалды әлемнің жасанды зердесінің артында адам тұрғанын ұмытып кетпедік пе екен осы. Көре-көре көр боп кеткен көзіміз жақсы мен жаманды айырса екен деген ой… Көңіл күйін көрмеге қойған көрнекілеріміздің көкжиегі адамзаттың алдағы күнін айқындамақ…

Түйіндеп келгенде, бізде блогер тұрмақ қазақ ғаламторы мен торапханасы турасында іргелі ғылым саласы әлі қалыптаспай тұр. Біз әлі күнге дейін блогер мен әлеуметтік желінің белсенді қолданушысын айыра алмай жатқан кембағал хәлдеміз. Қазақстан веб-кеңістікті қолдану тұрғысында жаһанның көшбасшы мемлекеттерінің қатарында болғанымен, өзінің медиа-тауары тапшы ел.

Дегенмен, әлемдік сананы сатып алған алпауыт компаниялар медиа-кеңістігінде өз дегенін жүргізетіні аян. Сондықтан, жол-жөнекей медиа-тазалық, медиа-сауат деген тіркестердің көлденең келетіні айтпаса да түсінікті. Алақаныңызда қандай ақпарат жатыр? Мән бере жүрелік.

Ерқанат КЕҢЕСБЕК

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button