Жаңалықтар

БІЗГЕ ДЕ БІР ЗООПАНТЕОН КЕРЕК

     Қалалықтардың үйлерінде (пәтерлерінде) мысық, болмаса ит ұстайтынынан хабардармыз. Кейінгі уақытта қала шетінде жүйрік ат, төбелесқой ит ұстаушылар қарасы бой көрсетіп жатыр. Жүгіретін тазы ұстаушылар да бір қауым ел болып қалды.

    Қалалық саябақтарда қыста шанамен, жазда арбамен қыдыртуды кәсіп еткендер бар. Ергежейлі жылқыдан нәпақа айырып отырғандар да бар.

   Жалпы, айтып отырғанымыз әркімнің өз ісі болса керек. Дегенмен, Бразилияда иттердің үйлену тойларын өткізеді екен деп, Индияда сиырды қасиеттейді екен деп ойымызға келгенді істей берсек не болады?

    Жақында бір танысымның үйін­де болдым. Сол төрт бөлмелі абажадай үйде отыра алсам қане? Себеп? Ол да асырайды екен. Асырап отырғаны ит те емес, ат та емес – кесірткелер. Бойым суып қоя берді. Есіме сарт етіп варан оралсын. Мен білсем олар улы. Кесірткеміз осы варанның түрлері. Әлгі танысым австралиялық ергежейлі кесірткесін қолды аяққа тұрғызбай мақтасын. Қалада менен басқа ешкімде жоқ дейді. Білгенім, зообақтың өзінде жоқ көрінеді.

   Бар байлығым осы деп қояды. Сөйтсем әлгілердің уын сауады екен ғой. Оларын керек еткен жерге өткізеді екен. Одан әрі дәрі жасайды дейді.

   Мен мынауың сұмдық екен деп қоямын. Сөйтсем, әлгі танысым қарқ-қарқ күледі. Мұнан да зорғылары бар деп. Айтып отырғаны шын болса оның бір танысы қолтырауын ұстайды екен. Қолтырауын болғанда кайман көрінеді. Бұл Америка құрлығында өсетін түрі. Оны не істейді деп сұрамаймын ба. Қанын ішеді дейді.

   Сөйтсем, қолтырауын қанын ішу деген бар екен. Адам ағзасын жасартатын көрінеді. Оны кімдер тұтынады десем, әртістер, бизнесмендер, қалталылар дейді.

    Сонымен қойшы, әлгі танысым менің көзімді ашсын. Сөйтсем экзотикалық құстар мен аң ұстайтын қарағандылықтар баршылық көрінеді.

   Мұны неге айтып отырмын? Әлгі жаны барлардың барлығы ойдан, қырдан жиылып отырған жоқ па? Африкадан, Америкадан, Аустралиядан дегендейін. Және олардың соқа бастарының ғана келмейтіні де белгілі. Кемінде өз жерінің микробын, вирусын ала келеді. Олай болса қауіп бар деген сөз. Қазақ баласы бұрын тұмауға қыңқ демейтін. Өйткені, өзінің тұмауы туғанындай болып кеткен. Ешқайдан келмеген. Қазақ жерінікі. Ал бүгінгі тұмаудан қазақ баласы көктей солып жатыр. Бұл тұмауымыз мұхит асып шетелден келген. Оның әзірге дауасы табылмай жатыр. Әлгіге деген иммунитетіміз қалыптасып үлгермеген.

    Жаны барлардан әзірге ит пен мысық ұстаудың ережесін қабылдадық. Ол ережеміздің шикілігі енді көрініп жатыр. Иттің тіркелетіні белгілі. Ал бізде бос жүреді. Саябақта. Балабақша ауласында. Бір ғажабы иесі қасында болады. Соны бір жан көрмейді. Тірі мақұлықат болған соң ол дәреттенеді. Ал иттің паразитті мақұлықат екендігін бүгінде екінің бірі біледі. Иттен ауру жұқпайды деп осыдан кейін айтып көріңіз.

    Сол ережемізде солқылдақ баптар жеткілікті. Иесіз иттер деген ұғым бар. Ал, ұстап алдық дейік. Сонсоң оны не істейміз? Иесі келгенше (табылғанша) оны қайда сақтаймыз? Жалпы, қаламызда бір де бір итқабылдағыш орын жоқ. Мұны қалай түсіну керек?

    Ит аулау деген бар, иттің көзін жою деген де бар. Бұл баптардың да мәртебесі көмескі қалған. Иттің арнайы орында жағылатыны түсінікті. Ондай крематорий бізде де бар. Күніне алпыс шақты ит пен мысық, басқа да жаны барлар жағылады екен. Соның бірін біліп жатқан жанды көрмейміз.

     Қазір жасыратыны жоқ, сүйікті құсын, болмаса итін не мысығын кәдімгідей тасбелгі қойып жерлейтіндер шықты. Ондай малқорым ТЭЦ аймағына орналасқан. Онда да бірізділік байқалмайды. Бәлкім, бізге де бір зоопантеон керек шығар.

    Сонымен мақаламыздың аяғына шыққан сындымыз. Құс тұмауынан, шошқа тұмауынан, басқа да аурулардан аман боламыз десек бізге ереже керек. Экзотикалық жаны барларды ұстау ережесі…

Төрехан МАЙБАС

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button