Жаңалықтар

Біздің өз дикторымыз!

Қарағанды қаласындағы телевидениенің ашылғанына бір жыл толған тұста оның дикторы болу әркімнің маңдайына жазыла бермейтін еді. Қазіргі уақытпен салыстырғанда ақпарат қанша аз болса, дайындауға, эфирге шығаруға талап сонша күшті болған. Суфлер де жоқ. Сол кезеңде Қарағанды педагогикалық институтының 3-курс студенті Галина Рахимоваға Қарағанды радио-телеарнасынан «Қарағандыдан сөйлеп тұрмыз», «Говорит и показывает Караганда» деп екі тілде жаңалық оқу бұйырыпты.

Журналистер күні қарсаңында Арқа жұртына аты мәлім дикторға хабарласып, әңгімелескіміз келетінін айттық. Межелі жерге барғанда сексеннің сеңгіріне шықса да сергек, ескінің көзіндей аяулы, бұрынғының белгісіндей байыпты жан бізді есік алдынан күтіп алды.

Композитор Әсет Бейсеуов қонақта

Қарағанды телевизиясының жарық жұлдызы ең алғаш эфирден теледидардан берілетін хабарлар тізбегін оқып шыққан екен. «Ол кезде эфирден бағдарлама береді, алғаш сол бағдарламаны оқып шықтым. Заман өзгерген соң бәрі де өзгерді ғой, қазір теледидардан бағдарлама бермейді», – деп бастады әңгімесін телевидение корифейі. Қазіргі жаңалықтардың өте жылдам оқылатынын да тілге тиек еткен ардагер журналист «Жаңалық бір тақырыпты ғана қамтымайды ғой, бірнеше тақырыпты баяндайды. Мысалы әлеуметтік тұрмыс, білім-ғылым, ауылшаруашылық, өндіріс, спорт деген секілді тақырыптар төңірегінде болады. Оны оқығанда, бір қалыппен оқып шықпайсың, әрқайсысына мән бересің. Мына хабар оқушыларға арналған, бұл ғалымдардың жұмысына қатысты деп соған сай ерекше мән беріп, бір-бірінен өзгеше ырғақта оқыған жөн. Біз солай істеуге тырысатынбыз. Қазір олай жасамайды. Бір нотамен бастайды, сол нотамен аяқтайды. Диктордың дауысы біркелкі болмауы керек, тақырыптың мағынасына қарай, әңгіменің барысына қарай құбылып отырғаны дұрыс», – дейді.

Қазақстанның халық артисі, күллі қазаққа аты мәлім диктор Әнуарбек Байжанбаев пен Бүкіл­одақтық радионың дикторы Юрий Борисович Левитаннан тәлім алған жан олардан үйреніп қана қоймай, өзін-өзі талмай дамытып, көп ізденгенін айтады. «Олар білгенін аямайды, айқайламайды, әр шәкіртке жеке-жеке мән беріп, осы дұрыс түсінсе екен деп барын салып үйретеді», – дейді. Галина Рахимованың өзі де сол көне заманның көзіндей асыл, байыпты, кішіге ізетті. Кәсіби мамандардан алған сабағының өміріне азық болғанын асқан ризашылықпен атап айтады.

«Қазіргі жаңалықтарды көріп отырып қарным ашады. Дикторлар люфтпауза дегенді білмейді, барлығын бір ырғақпен, сыдыртып айтып шығады. Әрбір шараның орнын, уақытын нақтылап айт­пай, жалпылама бүгін дей береді. Тым жылдам оқыған соң кейде түсінбей қаламын. Әрине, бүгінгі өмірдің салты сол. Алайда, орыс халқында «Торопись, не спеша» деген мақал бар. Студиядағы диктор оқиға орнынан репортаж жасап жатқан жоқ, ойынның қарқынына ілесу керек дейтін спорт комментатор да емес, ендеше неге асығады?.. Тілші болған күннің өзінде репортажды асықпай мән беріп жасау керек. Ақпаратты көрерменнің жүрегіне жеткізу үшін сөз өз жүрегіңнен шығу керек.

Өкінішке қарай қазір білікті мамандар шамалы. Дегенмен, телевидение ісінен аз да болса тәжірибесі бар мамандар жас дикторларға жаңалықты мәнерлеп, жеткізіп оқы деп түсіндірсе, оқитын адам да алдына дұрыс мақсат қойса… Қазіргі оқу мәнері түзеліп кете ме деген үмітім бар», – деген Арқа телевидениесінің корифейін жергілікті телеарналар шеберлік сыныбын өткізуге шақырады екен. Алайда, мұндай сабақтарға бір-екі рет бару аз, бір сабаққа 10-15 адамның қатысқаны көп көрінеді. Себебі жас жүргізушілердің жаңалық оқу мәнерін қалыптастыру үшін жеке-жеке жұмыс істеу керек. Әрқайсының мәнері қай жерде дұрыс, қай жерде олқы болып тұрғанын тәптіштеп жеке-жеке түсіндіру қажет. Оның өзінде үйренуші үйретушінің сөзін қабыл алса, өзгеріс болатынын айтады.

Анасы Бәтима немересі Русланмен

«Қазақ телевидениесі ғана емес қазір көп елде диктор деген мамандық жоқ. Журналист-редакторлардың 90%-ы эфирді өзі жүргізеді, мен редактормын, бәрін біліп тұрмын деп, сырғытып оқып шығады. Суфлерден оқып тұрған соң, ыңғайсыз болса да айтайын, дикторлардың көзі әрі-бері жүгіріп тұрғаны анық байқалып қалады. Олай болмайды! Біздің кезімізде, жаңалық шығар уақыттан 20-30 минут бұрын тексті оқып, жаттап алатынбыз. Көп дегенде қағазға 1-2 рет көз тастаймыз да, жаттағанымызды оқырманға жүрекпен жеткізетінбіз. Ал, қазір дайын тұрғанды тез-тез оқиды. Ол оқырманға жетті ме, жетпеді ол туралы ешкім ойламайды».

Халық ақпарат алатын негізгі құрал радио мен телеарна болған жылдары екі тілде хабар жүргізген кейіпкеріміздің дауысына тәнті болған мәскеулік көрермен телеарнаға хат жазып, «Анамның туған күні еді, эфирден құттықтай аласыздар ма?» деп өтінген екен. Бұл хат Галина Рахимованың есінен бір сәтке де шыққан емес, көрермен өтініші мұқият орындалғаны да жадында.

Жаңалық жүргізіп қана қоймай, облыстың экономикалық, рухани әл-ауқаты туралы бағдарлама жасап, 2-3 рет Мәскеуге апарған кейіпкеріміз арада біраз уақыт Мәскеуге көшіп барып, ол жақта да диктор болып жұмыс істеген екен. Партия қай аймаққа жіберсе сол жаққа барып жұмыс істейтін заман тәртібі әйгілі жүргізушіні өзі танылған, өскен-өнген Қарағандыға қайта әкелген.

Ал, Мәскеуге шақырылып, туған қаласын қимай, бармай қалды деген мәліметке қатыс­ты «Қарағанды телеарнасының директоры Евгений Лукич Пелещук, облыстың радио және телевидение комитетінің төрағасы Қали Әлібекұлы Аманбаев болды. Бағдарламаны Мәскеуге апарған тұста ол жақтағы телеарна басшылары біздің директордан «Сіздердің дикторларыңыз бізге ұнап тұр. Мұндай маманды қайдан таптыңыздар?» – деп сұраған екен. Мәскеуден келгеннен кейінгі лездемеде директор осыны айтып, «қайдан тапқаны несі, бұл біздің өз дикторымыз, өзіміз үйреттік, өзіміз тәрбиеледік» деп айтқанын жеткізді. Маманын мақтан етіп, оны өзге телеарнаға қимаған басшымыздың сол сөзі әлі күнге дейін құлағымда», – дейді Галина Рахимова.

Көкшетау өңірінде өмірге келіп, Қарағандыда диктор ретінде танылған жанның есімінің Галина қойылу тарихы да ерекше екен. Ол кісі өмірге келгенде әкесінің ұлты украин досы: «Атын мен қояйын, қызымдай болсын», – деп өтініпті. Досының риясыз көңілін бағалаған әке қарсы болмаған.

1959-1998 жылдар аралығында Қарағанды эфирінен түспеген қоңыр үнді диктор телеарнада қызмет еткенінің арқасында көптеген жақсы жандармен жолығып сұхбат алып, өнегесін көріп, тәлімін алғаны үшін тағдырына риза екенін айтады.

Кешегі байыпты күннің өкілі бүгінгінің асығыс адамын бата беріп, есіктің алдына дейін шығарып салды. Ал асығыс буынның өкілі қауырт күннің тірлігіне еніп кете берді.

P.S. Сырт қараған адамға бұл диалог кезең мен кезеңді кездестіргендей, жылдар мен жылдарды жолықтырғандай, уақыт пен уақытты жүздестіргендей еді. Бүгінгінің бұрынғыдан үйренері көп еді, дамылдау­ға уақыт тапса…

Назым ДҮТБАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button