Жаңалықтар

Биыл «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жарық көргеніне – 95 жыл

Ақпарат ауаны смартфонның сиқырлы экраны арқылы жарық жылдамдығымен тарайтын заманда газеттің киелі парағы сыбдырының өзінде бір тылсым бар. Газет тек хабар таратпайды. Дәуір мен дәуірді бір-біріне жалғай алатын қасиетке еге. Биыл торқалы 95 жылдығын атап өткелі отырған «Ortalyq Qazaqstan» облыстық қоғамдық-саяси газеті – ұлт мұратының мұрагері.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Орталық» жөнекей басылым емес. Тұтас Түркістанның тарлан тарихын көздей өтерімізде Орталық Қазақстандағы жанды шежіресі де шернамасы! «Орталық» пен Қарағанды – егіз ұғым. Кешегі кеңестік дәуірдің индустриялық алыптарынан бастап, цифрлық болашаққа нық қадам басқан ұлт жолын айна-қатесіз сабақтай білген шарайна.

…1931 жыл. Қарманған Қарағанды көмір кеніші ретінде енді ғана бой көтере бастаған шафқатты шақ. Шахта шаңы ауада қалықтап тұр. 4 қазанда «Қарағанды пролетариаты» деген атпен бір елдің бір газетінің алғашқы саны жарық көреді. Газет айқармасының сырлы бедерінде жігерлі жұмысшының, игілік көксер инженердің, арманшыл жастың қарапайым, дегенмен, өргек үні таңбаланған. Атаулы күн кездейсоқ таңдалмаса керек. Ол Қазақстанның Одақтың «өнеркәсіп ұстаханасына» айналған индустрияландыру кезеңінің шарықтау шегіне тұспа-тұс келген-тін. Газет алғашқы күннен-ақ өміршең өзгерістердің жылнамашысына айналды. Әуел баста көмір тиеген алғашқы вагондардан бастап, кеншілердің ерлікке толы күнделікті еңбегіне дейін қамтыды. Қызықтысы, сол жылдарғы баспасөз бетінде тек өндірістік жалаң есептер ғана емес, жұмысшылар өз өмірін машиналардың ырғағымен ұйқастырған өлеңдер де жарияланған. Ал, алғашқы редакторлардың бірі «Забойдан жеткен үн» атты айдар енгізіп, кеншілердің өз әңгімелерін жазуына мүмкіндік берген деседі. Демегіміз, лайк пен репостсыз-ақ жүзеге асқан, сол кезгі заманауи оқырман контентінің алғашқы өзгеше үлгісі еді «Орталық».

Ғасырға жуық уақыт ішінде газет бірнеше мәрте атауын өзгертті. Алғашқы атауы «Қарағанды пролетариатынан» кейін 1938-1963 жылдардағы «Советтік Қарағанды», бүгінгі «Орталық Қазақстан» атауы өзгергенімен, ұстанымы бұлжыған жоқ. Әр атау бір-бір тарау секілді. Соғыс жылдарында басылым майдан жаңалықтарын жеткізіп, ерлікке үндеген болса, 1950 жылдары тың игеру науқанын жырлады. Қазақ даласы ынта-жігерге толы жандардың қолымен гүлдене түсті. Тың игеру жылдарында газет облысқа келген түрлі республикалардың жастары «жасыл армиялар» туралы арнаулы репортаждар сериясын жариялады. Ал, 1990 жылдары басылым жаңа ұлттық болмысты қалыптастырудың жаршысына айналды. Қазақ тілі, мәдениет пен экономикалық реформалар туралы мәйекті мақалалар өңір тұрғындарының өзін біртұтас ұлттың бөлшегі ретінде сезінуіне оң ықпал етті. Бүгінде медиа кеңістігі бөлшектенген заманда газет біріктіруші факторы болып, Астанадан ауылға дейінгі төл тарихымыздың біртұтас екенін еске салумен келеді.

«Орталық» – қазыналы Қарағандыны мәдени орталыққа айналдыруға үлес қосқан таланттар ұясы. Қарашаңырақ. Ал, бажайлап қарағанымызда жалған ақпарат шырмауықша шырмаған осы күнде «Ortalyq Qazaqstan» ресми ақпарат көзінің санаулыларының бірі де бірегейі болып отыр. Қоғамдық пікір қалыптастырудағы рөлі зор. Бұл – бір тәуелсіз елдің гүлденуі үшін оның тарихы адал әрі жүректен жазылуы керектігін үйрететін баспасөз.

…Тоқсан бес жыл. Ғасырға жуық уақыт бойы қағаз бетіндегі ақиқат, ұмыт қалмаған дауыс пен намыс жаңғырығы менмұндалайтындай. «Ortalyq Qazaqstan» – газет бетіндегі Қарағанды. Газет пен гаджет бір арнаға тоғысқанында газеттің бәсі бәрібір басым. Бір елдің бірегей газеті, мерейлі межең мүбәрәк болсын!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button