ӘБІШ ЕКЕУМІЗ

Құрметті оқырман!

Атлант мұхитын асып Мұхтар Мағауин ағатайым Алматысына келіпті. Иіліп сәлем беріп бару қаза­қы дәс­түріміз. Сәлемімізді алды. Жалғыз барғам жоқ. Мирас Асан бауырын ертіп бардым. Әбіш пен Нұрмахан достары туралы жазғандарын алып қалу үшін.

Газет беті көтермейді. Бәрін басуға. Солай болған күнде Нұрмахан Оразбековтей редакторымды жарияламай қалсақ, сүйекке таңба. Қабыл алыңыздар!

Мағауия Сембай.

Мұхтар МАҒАУИН, Нұрмахан ОРАЗБЕКОВ Қарқаралыда

2010 жыл, жаз

      …Әбішті алғаш рет мінберде, мағналы сөз үстінде көрдім. 1957 жыл. Мен орта мектепті медальмен, үздік бітірген оқушы ретінде, Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне емтихансыз түскем. Июнь айының соңғы күндері. Арада апта өтпей, бүткіл университет бойынша қабылданған медалистер қатарында іргелес Жамбыл ауданы һәм Отар стансасында астық дайындау науқанына жегілдік. Қызыл қырмандағы, элеватордағы ертеден кешке дейін созылатын ауыр жұмыстан шаршасам да, жаңа өмірдің бастауы, шамасы сексен-тоқсан күндік бейнеттен соң, Алматыға көтеріңкі көңілмен оралған едім. Бір аптадан кейін, 14 октябрьде оқуымыз басталмақ. Сабақтан үш күн бұрын, жұма, әлде сенбі, Пушкин атындағы Орталық кітапханаға бардым. Бәлкім алдынала естідім, анығы – көлденең сәйкестік, сол замандағы қазақтың ең атақты жазушысы Сәбит Мұ­қановпен кездесу болады екен. Үлкен оқу залы, жапырлаған жастар. Бәрі де студент қауымы. Мен алдыңғы бір қатардан орын таптым. Әуелі Сәбеңнің өзі сөйледі. Өте тартымды, әсерлі, қызғылықты. Содан соң қол көтеріп тіленген оқырман жұртқа сөз берілген. Әуелгі бір балалардың лепесі мадақты, тамсанысты, бірақ мәнсіздеу шыққан. Мен сөйлесем бе, сөйлемесем бе деп, дүдәмал көңілде отыр едім. Екі, әлде үш жігіттен соң, жазушы және кітапхана басшылығы жайғасқан столмен қатарлас жұпыны мінберге шашы жалбыраған, көзі ойлы, қара-торы бала шықты. Міне, нағыз шешен. Бар лепесі мағналы. «Өмір мектебінен» бастап, «Ботагөзге» түсті. Шын мәнісіндегі халық жазушысының өзіндік ерекшелігі, тіл байлығы, шынайы суреткерлігі туралы төгіліп бір сөйледі дейсің. Бұдан соң кезек тиген оншақты жастың ішінде жақсы пікірлер болды, бірақ қара баланың әуезі бәрінен мазмұнды, бәрінен астам шықты. Иә, қара балаға жете-қабыл, бірақ артық әсіресіз, салмақты бір сөз болды, жасы бізден үлкенірек, ақсұр жігіт екен, жоғарғы курс студенті деп шамаладым. Енді мен Сәбең туралы сөйлеуден айныдым. Мына екеуінен асырып айта алмайсың, оның үстіне, қанша бағаласам да, табынбайтын жазушым және бірталай кемшін пікірім бар, мәселен, «Ботагөздің» соңғы тарауларындағы шартты жасандылық, дәп осы арада бықсытып жату орынсыз, ол замандағы менің ең үлгілі жазушым – Мұхтар Әуезов болатын, Сәбит Мұқановтан өлшеусіз жоғары санаймын (қазір екеуін теңгермесем де, «Өмір мектебінің» ақырғы беттерсіз Бірінші кітабын «Абай жолының» алғашқы томымен қатарлас классика ретінде танимын). Сонымен, көзі тірі, әрі даңқты жазушымен алғашқы кездесу – мереке іспетті үлкен оқиға болды.

***

      Арада екі-үш күн өткенде уни­верситеттегі дәрістеріміз басталған. Әуелгі сабақ – тіл-әдебиет және журналистика бөлімдерінің жетпіс бес студенті жинақталған үлкен аудиторияда өткерілді. КПСС тарихы. Мен мұндағы балалардың ілкіде қатарлас түсіп, бірге жұмыс­таған екі-үшеуінен басқасын танымаймын. Бірақ бәрі дерлік өзім қатарлас, өрімдей жас. Төрт-бес қыз ғана көрінді, қалғаны әрқилы, көбіне тым жұпыны киінген жігіттер. КПСС тарихының маманы – мәнерлеп, нығыз сөйлейтін, белгілі кісі екен, бірақ сабағына қарай, дәрісі де қызғылықсыз шықты. Қырық бес минуттан соң үзіліс. Міне, осы кезде көрдім, әуелгі бір қатардан алдыңғы күнгі қара бала көтерілді, сол заманда «вельветка» аталатын, қоңыр барқыт кеудешесі бар. Мен ортадан шыққанша, қарсы, бетпе-бет келіп қалыппыз. Бірден-ақ қол ұсынып амандастым. «Алдыңғы күні Сәбит Мұқановпен кездесуде болдыңыз ғой деймін?..» Мойыл көзін төңкере, маған байыптай қарады. «Иә болдым», – деді сүлесоқ кейіпте. «Өте жақсы сөйледіңіз», – дедім. Ри­зашылықпен, бейқам жымиды. «Сіз?..» «Мен… бұрынырақ қабылданып, жұмыста басқа жақта болып едім.» «А-а.. медалист…» – деді жадырай күліп, иығымнан қақты. Әбіш – Мұхтар. Мағауин – Кекілбаев… Соңынан байқадым, орта мектепті алтын, күміс медальмен бітіріп, «еңбексіз» оқуға түскен балаларды кейінгі, қатаң сынақтан өтіп қабылданған студенттер тым ұнатпайды екен, сын көзімен қарап, өздерінен ешқандай артықшылығы жоғын, тіпті, кемшін түспегін әй­гілегісі келіп тұрады екен. Әбіш мені бірден-ақ іш тартып, риясыз пейіл танытты. Бір топта екенбіз, бұдан былай көбіне қатар отырып, еркін әңгімелесіп жүрдік. Айтпақшы, кешегі кездесуде жақсы сөйлеген құбақан жігіт те сол күні біздің аудиториядан табылған. Сәл кейінірек таныстық, журналистика бөлімінің студенті, есімі – Нұрмахан Оразбеков; орыс басқан Рудный қаласы, металлургия заводында екі жыл жұмыс жасап келген екен, бізден небәрі үш жас қана үлкен, алайда, өмірді таныған, сақа жігіт болып көрінді.

     Көп ұзамай, осы үшеуімізді және курстас басқа да балаларды біржола жақындастырған төтенше оқиға болды. Факультет комсомолының жылдық, есеп беру – сайлау жиналысы өткізілмек. Филология және журналистика бөлімдерінің орысы мен қазағы шамалас жеті жүз елу студентінің басым көпшілігі үлкен акт залына шоғырланған. Жиналыс орысша басталды, есепті баяндама орыс тілінде жасалды, жарыссөз тағы да орысқа кетіп барады. Мен ыза, ренішім ішіме сыймай, сөз сұрадым. Үш-төрт кісіден кейін тиді. Қазақша сөйлеймін, деп бастадым. Орысшам жетіп тұрса да ана тілімде айтар едім. Осында отырған студенттердің басым көпшілігі – қазақ бөлімінен. Біздің оқу орнымыз – Қазақ университеті аталады. Еліміз – Қазақстан, Қазақ республикасы. Ал манадан бері бір ауыз қазақша сөз естімедік. Егер қазақ тілі соншама қажетсіз болса, біз неге қазақ бөлімдері аталып, қазақша оқып жатырмыз? Комсомол секретары – орыс филологиясы, екінші курсқа жаңа шыққан Әділбек деген аққұба, көрікті жігіт екен. Жаңылмасам, сойы – Сауытбеков. «Ол былай ғой», деп, таза қазақша сөз қыстырып еді, «Сөзімді бөлмеңіз, – дедім. – Берілген бес минуттан аспаймын. Және ме­нің бар айтқанымды орысшаға аудармаңыз. Өзімізді өзіміз түсініп алсақ та жетеді». Бұл Әділбек, кейін аңдадым, өте бір дарынды, жасына жетпей ақылы толысқан, байыпты, салауатты жігіт еді, университеттен соң орыс әдебиеті кафедрасында қалдырылған, арада екі-үш жыл өткенде, КГБ-ның қатысымен, шовинист әріптестері ұйымдастырған көлденең жалаға ұшырап, сегіз жылға сотталып, содан біржола жоғалды. Осы Әділбек енді маған ишара жасады да, орыс жағына бір ауыз түсінік берді, біздің қатарымызға жаңа қосылған студент өзінің ана тілінде сөйлейді және орысшаға аударуды қаламады, деп. Мен бұдан әрі, біз қазақ болғандығымыз үшін, осы университет қабырғасының өзінде көптеген кемшілік жағдайда жүріп жатқанымызды айттым. Ең басты кесел – орыс бөлімі студенттерінің астамдығы. Әуелде, анау күнгі ауыл шаруашылық жұмыстарында байқадым. Мен үздік оқушы ретінде университетке емтихансыз түскен едім. Қатарлас қазақ балалары да солай. Ешкімнен кем емеспіз. Алайда, орыс тілді жігіттер мен қыздардың бізге әлдебір мұхит аралындағы жабайылар сияқты, тым жоғарыдан қарағанын көрдім. Әрнеден сылтау тауып, кеміткісі, қорлағысы келіп тұрады. Ұлттық намысқа тиген жағдайлар да ұшырасты. Ол – далада, еркін өмірде болса, университет аумағында да дәп осылай. Орыс бөлімінің жігіттері кеуделеп жүреді, дәлізде қарсы келсең, жол беруің қажет сияқты, қағып, соғып өтеді, қыздары қашанда мазаққа бейім, көбіне кекетіп, мұқатуға әуес. Түйіндеп айтқанда, біз Совет Одағының тең құқұқты азаматы болмай отырмыз, бүгінгі, бастан-аяқ орыс тілді жиналысымыз соның нақты айғағы, дедім. Осыдан соң ию-қию басталып кетті. Залда емес, мінбеде. Біздің курстас жігіттер қатар-қатарымен, бірінен соң бірі сөйлеген. Кейінде орта жолға жетпей, тұрмыс жағдайымен, әлде басқа бір себеппен оқудан кеткен, бойы ортадан биік, иықты, аққұба жігіт бар еді, атын ұмытыппын, Ақберген сияқты, алдымен сол шықты. Менің сөзімді одан әрмен, біраз жерге апарып тастады. Одан кейін Сейтжанов Бақыт – қазбалай сөйлеген. Үш, әлде төрт кісіден соң Әбіш. Бар сөзі кейіс, түңіліске құрылды, мұндай ахуал заң, тәртіп аясы тұрыпты, адамгершілік моральға сыйыспайтынын айтқан. Тағы екі-үш жігітіміз. Ақыры Нұрмахан Оразбеков. Қазақша бастап, орысшаға көшті. Жеткізіп айтқан. Адам баласы, оның ішінде әлемнің алдында тұрған совет азаматтарының құқықтық тең жағдайда болуы шарт екені, бұл мәселе ССРО Конституциясының өзінде бекітілгені, Лениннің ұлы орыстық шовинизмді айыптаған сөздері. Нұрмахан аяқтаған кезде жиынның әр тұсынан әрқилы дауыстар шығып жатты, енді орайсыз әңгімеге жоғарғы курс студенттері де араласатын сияқты. Жиналыстың биік сахнадағы, факультет басшылары һәм университет партия ұйымының өкілдері отырған төр­алқасында үлкен абыржу байқалған.

***

    Өзара өте татумыз. Әзіл-қалжыңда шек жоқ. Қайсымыз туралы болса да бір емес, әлденеше күлкілі анекдоттар бар. Және лақап ныспы. Мен – Бұзау. Тұрғанбай – Лақ. Әбіш – Ешкі. Базарғали – Даукес. Марат – Робеспьер. Дидар – Әтеш. Оразбек – Бозбүйрек. Бақыт – Академик, толық нұсқасы – Қыртология ғылымдарының академигі. Әрбір жанама есімнің өзіндік негізі бар. Бақыт өте көп біледі және өзара отырыста тоқтамсыз көп сөйлейді, Академик – Тұрғанбай берген есім. Ал Тұрғанбайдың өзін Лақ атаған осы Бақыт болса керек, бұл досымыз бірінші курстағы балалардың ішіндегі ең нәзігі, әрі бойы кішкентай, шашын маңдайға түсіріп қоятын; екінші курстағы жазғы жұмыстан соң күрт өсіп, бойы ортадан жоғары, аса сымбатты жігіт болып шықты, бірақ Лақ атауы берік орныққан. Маған ат қойған – Нұрмахан, әлдебір туған күнге барғанда, бұл бала арақ ішпейді деп, сүт алғызған, содан бастап Бұзау болдық. Ешкі – Әбіштің алғашқы жылы ауыл шаруашылық жұмыстарына барғандағы епетейсіз қимылына орай берілген мәртебе, Бақыт қойыпты. Марат – советтер тұсындағы ең көп тараған, революциялық есім, бізге Робеспьер артығырақ көрінсе керек. Әтеш – Дидарбектің шашы аса қайратты, әрі қалың, сүйем өскенде әтештің айдарындай, тікірейе ұйысып тұ­ратын және бұл жігітіміз қашанда тіке, тура сөйлейді. Бозбүйрек – Оразбектің бүйрегі үнемі ауырып жүреді, өз бүйрегі өзіне бөтен екен. Даукестің жайы түсінікті. Бізге осы лақап аттардың бәрі де өте тауып, дәлме-дәл қойылғандай көрінетін. Үйреншігі сондай, өзара отырғанда айтыла қалса, «Әу», «Иә» деп жауап қайырған жағдайлар да ұшырасатын. Тек Бақыт қана Академик мәртебесін мойындамай жүрді, тұпа-тура аталса, арсалаңдап алыса кететін. Жас кезде, уайым-қайғы, қамсыз күндерде бәрі қызық.

4713cd307ca5553252ab6a47673dee4b

     Мен ұлт мәселесі және басқадай кеселді жағдаяттар туралы тек Әбішпен ғана пікірлесер едім. Көлденең куәсіз, екеуара оңашада ғана. Ал бейсауат жұртпен қашанда тұйықпын. Тек әуелгі, балалық кезеңде ғана емес, ел таныған азамат болған заманда, тәуелсіздік дәуіріне дейін. Тіпті, мектепте бірге оқып, бірге өскен, әдебиетке қатарлас келген достарымның өзі­­мен ұлттық мәселе, советтік құрылым төңірегінде пікір алмас­қан емеспін. Бұлардың бірінің адал­дығына күмәнім бар, екіншісінің адамдығын біле тұра, ашыла сөй­лесуді артық көрем, менікі – арам, бөтен пиғыл атаулыға се­зік қана емес, өзімнің әуелден берік қалыптасқан, пенделік қор­ғанышым. Ал Әбішпен арада еш­қашан да тыйым тақырып жоқ. Әдетте, озғындап, мен сөйлесем керек. Дәйектеп, дәлелдеп. Көп ұзамай-ақ екеуіміздің бар ойымыз бір арнаға тоғысты. Ұлт мәселесі, саясат тақырыбы ғана емес, әдеби таным, дүниеге көзқарас. Міне осы, екеуіміз бар жағынан жарастық тапқан, бірге жүрген алғашқы кезең – 1958 жылдың екінші жарымында Әбіш мәнді, мазмұнды, әрі көркем бірталай өлең жазды. Нұрмахан түсірген, ойлы, мұңды қалыптағы әдемі бір суретінің сыртына:

«Жыр шабытын төлдеген

Өзіммен бірге тербеген,

Өрен ойлы досыма –

Өлеңқұмар пендеден», –

деген бір шумақ жырымен маған сыйлаған еді. Біздің екінші курсымыз, 1958 жылдың қара күзі; айы, күні есімде жоқ. Бұл сурет Әбіш екеуіміз бірге түскен басқа да суреттермен қатар, Алматыда қалды, орайы келсе, кейінде жарыққа шыға жатар.

     Әбіштің жолы басынан-ақ оң еді. Жиырмаға толар-толмаста тақау төңірегімізде үлкен атаққа жетті. Өзінен гөрі мен көбірек сүйінсем керек. Жалғыз мен ғана емес, аралас достарымыздың бәрі де құрмет тұтады, осы ретте екі-үш жас үл­кендер, мәселен оқуы қатарлас, кейінде танымал журналист, аудармашы, баспагер Нұрмахан Оразбеков айрықша іш тартады, туған інісіндей көреді, екеуімізді бөле-жармай, «балақан» деп еркелетіп жүретін. Бұл Нұрмаханның ол заманда қолға түспес «Фэд» дей­тін қымбат фотоаппараты бар, әуесқойдан өткен, нағыз профессионал, қаншама суретке түсірді. Бірінші курстағы жаңа жыл кешінде, екінші курстағы жатақхана кезінде, кейінірек, пәтерде жекелей және бірге түскен әлденеше суретімізді шығарды, солардың үшеу-төртеуі бүгінге сақталып, Алматыдағы үйде тұр. Межелі бір уақытта жарыққа жетуге тиіс.

      Әрине, Алматыда әдемі бойжеткен көп. ЖенПИ түгелімен. ҚазПИ жарым-жартылай. Университет те қызсыз емес. Әбіш бұл жағына қан­шама сүлесоқ болғанымен, ерекше көз тартатын. Танитындар дарынды жас ақын екенін біледі. Танымал еместер тағы да ұнасымды қасиетін аңдаса керек. Бірақ Әбіш ешқайсына көңіл бұрмады. Оның үстіне, Музаның қалт еткізбей бағып отырған ақ-адал сақшысы бар. Әйткенмен, өзгеше бірер жағдай. Оқуға жаңа түскен кезімізде Әбіш курстас Л. дейтін қызымызды ұнатса керек. Аса өңді болатын. Және мінезі биязы, жұғымды. Тәрбиелі отбасынан шыққан. Бұл қыз да теріс көрмес еді, алайда, бірге оқитын, әрі тым жақын, дос-жар Б. деген жігітімізбен жарасып қойған. (Ақыры оған да бұйырмады.) Кейінде Нұрмахан айтады. Әбіш тым тәуір көріп еді, мені сылтау етіп, біздің ауылға дейін іздеп келді. Қыз да кет әрі болмайтын еді, Әбіштің өзі тартынып қалды, Б. досының алдын кесу – опасыз аярлық көрінген сияқты, деп еді. Маған айтылмаған хикаят. Б. – Әбіш екеуіміздің ортақ досымыз, ыңғайсыз көрсе керек.

    Әбіш қашанда жақсы киініп, таза жүретін. Айттым, ол кезде жалпы жұрт жарлы-жақыбай, студенттер қауымы да кедейшілікте ғұмыр кешеді. Біздің жігіттердің біразы демалыс күндерінде теміржол вок­залына барып, вагон түсіріп, бір кеште он сом ақша тауып қай­татын. Көпшілігі жарым айда ашқұрсақ жүреді. Киім де түгел емес. Әбіш екеуіміздің жағдайымыз басқашарақ болды дедім. Алғашқы жылы күнделікті сабаққа және кі­тапханаға ол замандағы студент, жастар арасына кеңінен тараған, вельветка аталатын, ықшам, ың­ғайлы, барқыт кеудеше киеміз. Әбіш екінші курстың басында Комсомол мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы сән ательесінен елеусіз қоңыр жолағы бар, сұрғылт, қымбат матадан қонымды тігілген костюм алды. Мен кітапханада жүрсем керек, екеуімізге де қамқор аға есепті Нұрмахан бастап апарыпты. Менің Алматыға келген бетте, қисынсыздан сәті түсіп, Көк базардағы әлдебір шағын дү­кеннен сатып алған, кейінірек, Университеттің бірінші күні суретке түскен көксұр костюмім бар еді. Енді сол Нұрмаханның нұсқауымен, әлгі ательеден жаңасын алдым. Келісті қара-көк. Екеуіміздің де костюмдеріміз ең соңғы модамен тігілген. Яғни, жалпы жұрттан ала-бөтен. Кеудесі тарта түймеленіп, тырсиып тұрмайды, шалбарының балағы тар. Ол заманда советтік үлгі – қынама, тар пенжек, далаңдаған кең балақ шалбар болатын. Студенттер қауымының арасында «тар балақ пен кең балақтың», яғни «ескішілдер мен жаңашылдардың» қызу айтысы жүріп жатқан. Ол кездегі жастар да ақымақ емес, бірақ көпшілік қауымның қалыпты пікірі бойынша, жаңаша үлгідегі киімге әуестік – буржуазияшыл аз­ғындық көрінісі саналады. Университетте, институттарда тұтас бір кештер өткізіліп, «тар балақшылар» мен «кең балақшылардың» арасында бітіспес айтыстар жүріп жатады, оның кейбірінің толық есебі «Лениншіл жас» газетінде тұтас бір бетте жарияланып, тар балақ шалбар – капиталистік, буржуазиялық жат идеялар салқыны ретінде әш­кереленеді. Соған қарамастан, бір­талай жастар таза еуропалық үлгіге көшкен. Әбіш екеуіміз өз ортамызда елдің алды болып бұзылдық.

***

      Шет жағасын айттым, алдыңғы жылы Тыңға барғанда бұдан да өткен сұмдық бола жаздаған. Бір емес, әлденеше жігітке зәбір, жа­рақат, бәлкім қаза, ал қыздарға былапыт зорлық. Әбіш екеуіміз тіл-фольклор экспедициясында жүр­­генде. Бәрімізді де құдай қақты дер едім. Ақмола, Көкшетаудың бірі. Біздің балалар демалыс күнгі кино, оған жалғас би кешінде көрші бригададан келген орыс механизаторларымен байланысып қалады. Айналдырған үш-төрт қызымызды кезегімен шақырып, билеп қана қоймай, анайы, оспадар мінез көр­сетеді ғой. Ақыры, қыздардың бірін далаға сүйремек болады. Әлбетте, төбелес шыққан. Орыс жігіттері таяқ жеп, кейін қайтады. Арада үш күн өткенде, тапа-тал түсте бір машинаға тиеліп келіпті. Жиырма шақты содыр. Қолдарында шынжыр, кастет және темір таяқтары бар екен. Біздің балалар түскі үзі­лістен соң, қырман басында отырған. Аналар машинадан төгіле түсіп, кәдімгідей ұрандап, тұра ұмтылды дейді. Біздің жігіттердің саны шамалас, тайсалмай кірісіп кетеді. Абырой болғанда, бидай күрейтін, сабы ұзын, басы жал­пақ ағаш күректері бар. Бастау­шы, ұйыстырушы көсемдері – Нұрмахан. Қарсы ұран салады. «Аттан, Аруақ!…» Ұзын бойлы, иықты, қайратты Сапархан Мырзабеков: «Күректің қырымен!..»– деп айқайлап, шабуылшы бұзықтарды мойыннан, иық пен сирақтан ұрып жайпай бастады дейді. Университеттің ауыр салмақтағы чемпионы Марат Тоғатаев деген боксер жігітіміз, құр қолмен ұрып құлата берді дейді. Қалған жігіттер де қарап қалмаған. Қолда күрек, қарымдары ұзын. Ақыры, бес-он минутта шайқас тәмам болады. Орыстар тым-тырақай шегінеді, төртеу-бесеуі жығылған, сұлаған күйі орындарынан тұра алмай қалыпты. «Біз жеңдік, жаралы бұзықтарыңды алып кетіңдер!» – дейді Нұрмахан. Алайда, бар шаруа осымен бітпесі анық. Алматыға қайтуға бір апта ғана қалған. Жігіттер үнемі сақ, жиын отырады. Ақыры, ертең кетеміз деген жексенбіде, түн түсе, үш тараптан бірдей аңдыздаған үш машинаның жарығы көрінеді дейді. Бас қолбасы Нұрмахан түгелдей ағаш, темір күректермен қаруланған әскеріне қуат беріп, таймай соғысуға үндейді. Бәрін күргейлей қатарға тұрғызып, ең алдыға Фадли Фазли-оғлы деген қоңқамұрын түрігімізді шығарыпты. «Сен жер-әлемді жаулаған ер түріктің тікелей ұрпағысың, қалғанымыз саған қарап соғысамыз!» – дейтін көрінеді. Қатер үстіндегі қалжың. Ал Фадли момын жігіт, қорқып дір-дір ететін көрінеді.

***

     2015, 11 желтоқсан. Әбіш фәни дүниеден көшті. Бірге бастаған, қатарлас жасаған қайран Әбіш. Бар ісіне Тәңірі таразы. Ғазапты жер бетінде жетпіс алты жыл және бес күн ғұмыр кешіп, бақиға кетті. Қаншама жыл бойы алған барлық атақ-дәрежесі, марапат пен мадақ, жұлдызды сөлкебайлар түгелдей жоққа айналған. Артында күнделікті, үздіксіз, тынымсыз, беймаза қызмет астында жүріп, қалт еткен шектеулі уақыт, ұйқысыз түн, аралық демалыс күндері, жарым ай, үш-төрт апталық тыным кездерінде, байлау мен құрсаудан босаған дарқан көңілмен, баянды ақ қағаз бетінде тізбелеген шығармалары ғана қалды. Әдепкі өмірде – ұл мен қыз, немерелер. Және, үлкен есепте – қара орман халқы. Пендесінің де, тұлғасының да нақты, түпкілікті бағасы – келешек үлесінде.

Мұхтар МАҒАУИН

30.VІІ – 20.VІІІ.2016.

Роквилл, Мэриленд, АҚШ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.