АймақБұқар жырау

Бірнеше нысан бой көтереді

Қарағанды қаласының Оңтүстік-Шығыс ауданынан таяқ тастам жерде жатқан Үштөбе ауылдық округінің құрамына бес ауыл кіреді. Соның бірі осы атауды алған округ орталығы болса, қалғандары Құрылыс, Соқыр, Сарыарқа, Атамекен деп аталады. Кейінгі екеуінің аты өзгертілгеніне көп уақыт өте қойған да жоқ. Сарыарқа кезінде өз алдына бір кеңшар болған Заречныйды ауыстырса, Атамекен бұрынғы Новостройканың орнын басыпты. Бір қызығы, Атамекен ауылы 2017 жылға дейін Абай ауданының Дубовка ауылдық округіне қарап, мұндағы жұрт дәрігерге қаралып, емделуі, ең аяғы бір жапырақ анықтама алу үшін Қарағанды арқылы жол кешуіге мәжбүр болған еді. Ал, дубовкалықтар өздері қарайтын Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінен де осылайша қалалатып қатынайтын. Ақыры сол 2017 жылы екі ауылдың тұрғындары бұл қолайсыздықтан құтылып, Дубовка іргесіндегі Абайға, осы күнгі Атамекен де Бұқар жырау ауданына беріліп, жылдар бойғы мәселенің түйіні шешілді.

Атамекендегі мектеп құрылысы

Қазірде аталған Үштөбе ауылдық округінде 5110 адам тұрады. Олардың арасында жұмыссыз жүрген жанды жолықтырмайсыз. Өйткені, өндірісі өркендеген облыс орталығы дәл іргеде тұрса, екіншіден, округ аумағында шаруашылық жүргізуші субьектілерден екі қолға бір жұмыс табылады. Атап айтқанда, осында екі құс фабрикасы, 67 шаруа қожалығы, 47 жеке кәсіпкер бар. Әр ауылда бірнеше дүкен, дәрігерлік пункттер, халықтың қажетін өтеп, сұранымын қанағаттандыратын әлеуметтік-мәдени және тұрмыстық нысандар жұмыс істейді. Аулалары абаттандырылып, жолы жөнделіп, көшелері асфальтталып, біртіндеп қала тұрмысына бейімделуде.

– Биылдың өзінде біздің округ бойынша бірнеше нысан бой көтермек, – дейді Үштөбе ауылдық округінің әкімі Саят Нұрғазыұлы Шаяхов.

– Мәселен, Үштөбеде жаңа үлгідегі мектеп пен клуб, Атамекенде де жаңа мектеп ғимараттары салынып, пайдалануға беріледі. Бұл құрылыстар республикалық «Ауыл – Ел бесігі» және «Жайлы мектеп» жобалары аясында жүзеге асырылуда. Соның ішінде Үштөбедегі клуб пен Атамекендегі мектептің құрылысы өткен жылдың қазан айынан басталып кетсе, округ орталығында тұрғызылатын мектептің орны белгіленіп, енді оны салатын мердігер анықталу үстінде.

Айтса айтқандай, ауыл шетіндегі бөлінген орынға барғанымыз­да, темір шарбақпен қоршалып тастағанын көрдік.

Үштөбеде клуб салынуда

Бұдан кейін біз округ әкімдігінің бас маманы Мақсат Мұхтарұлымен бірге Үштөбеден 18 километр жердегі Атамекенге ат басын тіредік. Онда 150 балаға арналған екі қабатты мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр екен. Осынау нысанның тапсырыс берушісі «Қарағанды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы» ММ болса, оның бас мердігері «Astana Koktem Crouр» ЖШС болып табылады. Құрылыс басында тас қалаушылардың екі бригадасы қимыл жасап, кешегі күнге дейін оның іргетасын құйып, бірінші қабаттың қабырғасын қызыл кірпіштен өруде. Осындағы учаске бастығы Қайдар Қомаровтың айтуынша, құрылысшылар барлық жұмыстарды осы жылдың желтоқсан айының аяғына дейін бітірмекші. Ал, оған дейін 600-дей адам тұратын ауылдың балалары бұрынғы барак үлгісіндегі негізгі мектептің ескі ғимаратында оқи тұрмақ көрінеді. Жаңа оқу жылында балаларды қарсы алу үшін сол ғимаратта ағымдағы жүргізіліп жатқанына да куә болдық. Бұл нысан салынып біткенде онда оқу бөлмелері, зертханалар, спорт залы, жуыну, ем қабылдау бөлмелері, асхана, кітапхана, оқу шеберханалары болады деп күтілуде.

Келесі Үштөбенің өзіндегі 200 орындық клуб үйінің құрылысын да жоғарыда айтылған Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұжымы мойынға алыпты. Былтыр қазан айында басталған оның қазірде қабырға конструкциялары орнатылып, көтерілуде. Мұндағы жұмыстарды 2024 жылдың қыркүйек ауданында жоспарланған. Келешекте сәулетті ғимарат ішінде әмбебап үйірмелер, костюм, грим жасау, реквизит, эстрада, видеооператор бөлмелері мен 200 адамға арналған көрермендер залы қарастырылған.

Құрылыс алаңына айналған округ тұрғындары жекеменшік үй салу ісін де қолға алған. Өткен жылы 97 адамға жер телімі бөлініп, соның 7-і өздеріне баспана тұрғызып алған. Үштөбеде қаңырап тұрған алты бесқабатты екі үй қалпына келтіріліп, оларға әлеуметтік осал топтағы 25 отбасы қоныстанған. Ендігі қалған үйлер де өз кезегін күтуде.

Осы жұмыстар тегіс біткенде, округ өңірлері, сәулеттене түсері анық.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button