Жаңалықтар

Бірліктің бірегей құралы

Медиация – тараптар арасындағы дауларды бейтарап үшінші тұлғаның қатысуымен, өзара келісімге келу арқылы шешуге бағытталған процесс. Еліміздегі медиация қызметі 2011 жылдан бастап, арнайы заңмен реттеліп келеді және бүгінде азаматтық, еңбек, отбасылық және қылмыстық істердің бірқатар санаттарында белсенді қолданылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында медиацияны дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталып, оның қоғамдағы бірлікті нығайтудағы рөліне баса назар аударып келеді. Президент: «Дауларды бейбіт жолмен шешу – елдегі тұрақтылықтың негізі. Медиация институтын кеңінен дамыту – қоғамдағы бірлікті нығайтудың басты құралдарының бірі», – деп атап өткен болатын.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Қоғамдағы басты құндылықтардың бірі – келісім мен бейбітшілік. Мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуы азаматтар арасындағы өзара түсіністік пен құрметке тікелей байланысты.

Медиация әлемдік тәжірибеде де кең таралған. Атап айтсақ, АҚШ, Германия, Нидерланды, Канада секілді елдерде медиация заңнамалық деңгейде бекітіліп, сотқа балама әдіс ретінде қолданылады. Германияда сотқа жүгінбес бұрын тараптар міндетті түрде медиациядан өтуге тиіс. Ал, Сингапур, Франция мен Ұлыбританияда кәсіби медиаторлардың ұлттық тізімдері жүргізіліп, олардың қызметі мемлекеттік қолдау табуда. Елімізде де бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәсіби медиаторларды даярлау, өңірлік орталықтарды ашу, сот жүйесімен байланыс орнату жолға қойылған.

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Динара Мутубаева қоғамда өзекті болып отырған отбасылық медиация бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Отбасылық медиация дауды бейбіт жолмен шешуге бағытталған. Медиация институтын қолдану тараптар арасындағы жақсы қарым-қатынасты сақтауға, ажырасу процесін жеңілдетуге, бала тәрбиесімен байланысты дауларды реттеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда соттарда татуластыру рәсімдерінің мәні зор. Сондықтан, татуластыру рәсімдеріне байланысты бірқатар іс-шаралар, дөңгелек үстелдер және медиаторлармен, әр түрлі ұйымдармен бірлесе жұмыстар атқарылуда. Азаматтық процестік кодекстің 17 тарауына біршама өзгерістер енгізілді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотқа сотқа дейінгі хаттама институты туралы алгоритмі қолданылуда. Яғни, 15 жұмыс күн ішінде қабылдау барысында сотқа дейінгі хаттамамен дауларды реттеуге болады. Мысалы, Қарағанды облыстық соттарында істердің ең көбі – отбасылық даулар. Оның ішінде, неке бұзу, мүлікті бөлу, алимент өндіру туралы талап арыздар қаралады. Ал, ювеналды сот биылдың 1 тоқсанында жалпы медиациямен реттелген отбасылық даулардың саны – 94%-ын құрайды. Ал, 2024 жылда реттелген отбасылық даулардың саны – 96%, – деп атап өтті Динара Маратқызы.

Мамандар тараптардың өзара татуласуына байланысты дауларды – медиация, партисипативтік және бітімгершілік келісімдермен аяқтауға болатынын айтады. Сот тәжірибесінде тараптар әлеуметтік-психологиялық зерттеуден кейін баланың құқықтарын, пікірін ескере отырып, бітімгершілік келісімге келуде екен.

Ал, ювеналды соттың отбасылық кабинеттерінде мүдделі тұлғалармен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар атқарылып жатқанын да атап өткен жөн. Кешенді жұмысқа қатысатын медиаторлардың, отбасылық психологтардың, психолог-наркологтың, теологтың, адвокаттардың кезекшілік кестесі әзірленген. Балалары бар отбасыларды психологиялық тұрғыдан қолдау процесі де білікті психологтың қатысуымен өтеді.

Сонымен қатар, дауларды қарау ерекшелігін ескере отырып, отбасыларды қолдау процесі қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын әлеуметтік қызметкерлердің, басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың психологтарының қатысуымен жүргізіледі.

Медиацияның ерекше бір бағыты – этномедиация. Бұл әртүрлі этностар мен мәдени топтар арасындағы қақтығыстарды шешуге бағытталған мамандандырылған тәсіл. Этномедиация мәдени айырмашылықтар, тілдік кедергілер, ұлттық сәйкестікке байланысты түсінбеушіліктер мен этносаралық шиеленістер туындаған жағдайларда тиімді.

Этномедиаторлар әртүрлі этностық топтар арасында диалог орнатып, өзара сенім қалыптастырады, толеранттылыққа үйрететін семинарлар мен тренингтер өткізеді, тұрмыстық және қоғамдық деңгейдегі дауларды мәдени ерекшеліктерді ескере отырып, шешуге көмектеседі.

Қарағанды облысы этномедиация саласында айрықша тәжірибеге ие. 2024 жылы өңірдегі «Медиация кабинеті» қайта құрылып, Этномедиация орталығына айналды. Бұл өзгеріс Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық тапсырмасы аясында жүзеге асқан. Қазіргі таңда орталық өңірдегі этносаралық қатынастарды үйлестірумен қатар, шиеленістердің алдын алу, мәдени диалог құру, этникалық топтар арасындағы сенімді нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.

Орталық жанында кәсіби медиаторлар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен дін өкілдерінен тұратын 12 адамдық «Этномедиация кеңесі» құрылды. Кеңес мүшелері барлық іс-шараларға белсенді қатысады, жастармен кездесулер, оқу орындарындағы тренингтер, ауылдық жерлердегі көшпелі семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырады.

Ауыл әкімдері, учаскелік инспекторлар, қоғамдық белсенділер этномедиация негіздері бойынша оқытылып, арнайы реестрге енгізілген.
Медиация – дау-дамайды шешу құралы ғана емес. Бұл – сенімді қоғам құруға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін өзара құрмет арқылы қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button