Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

«Бірлік пен татулық – ортақ байлығымыз»

Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» тақырыбында өткен XXIX сессиясында қойылған міндеттерді жүзеге асыру жолдары сарапқа салынды.

– Отыз жылдағы еліміздің тарихы, ел егемендігі мен тәуелсіздігінің шежіресі Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. «Ырыс алды – ынтымақ» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның кең байтақ жерінде тұратын халықтар достығы мен бірлігі – баршамыздың ортақ байлығымыз. Сондықтан, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері ынтымақ пен бірлікті одан әрі сақтауға және дамытуға өз үлестерін қоса береді деп сенемін, – деді Абзал Нүкенұлы.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәрайым Қасембаева, аймақтық деңгейде көтерілген мәселелер мен ұлтаралық қатынас саласындағы кешенді жұмыстар – ішкі саясат бөлімдерінің құзырында екенін атады.

– Алда әлі көптеген атқарылатын жұмыстар тұр. Сол жұмыстарды жұмыла істеуге шақырамын. Ассамблея мүшелеріне алғыс айтамын. Олар жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамай бізбен бірге болды. Әрқашан белсенділік танытты. Алдағы уақытта әлі де бірге жұмыс істейміз деген сенімдемін, – деді Гүлнәрайым Қалиқызы.

Биыл «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына облыстан 186 адам қатысты. Ал, оның ішінен 6 қатысушы жеңімпаз атанды. Пандемия кезінде коронавирус індетін жұқтырған жандарға қол ұшын беріп, қиын-қыстау кезеңде демеу болған жанның бірін – Дарын Әбілжанов. Індет өршіп тұрған шақта медициналық волонтер қатарында болып, елге ақысыз қызмет етті. Сонымен қатар, қатерлі дертке шалдыққан науқастарға да көмектесуден қашқан емес. Оған пандемиямен күрестегі үлесі үшін Еуропалық дәрігерлер қауымдастығы стипендия тағайындаған. Ал, бұл жетістігі әлемнің үздік клиникаларында тәжірибеден өтуге мүмкіндік берді.

– Жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істегенімде алғашқыда 10- ға жуық науқасты қарау қажет болды. Содан кейін ол көрсеткіш 80-нен асты. Әр адамға психологиялық қолдау көрсету қажет. Таңғы 7:00-ден түн ортасына дейін сол жерде болдым. Бұл маған оңай болған жоқ. Жоба жеңімпазы атанып, Мемлекет басшысының алдында барлық медицина қызметкерлерінің атынан сөз сөйлеп, ұсыныстарымды жеткіздім. Бұл – мен үшін асқан жауапкершілік. Халықтың ақ батасы мен алғысының ақталғаны деп білемін, – деді Дарын Әбілжанов.

Алтын Каникар – 5 баланың анасы. Қазір «Каникар» атты әйелдер клубын құрып, жетекшілік етуде. Өзі сол клубтың коуч-мотиваторы. Бүгінгі таңда қоғамда түрлі жағдайға тап болған әйелдер қауымы көп. Сол жандарға демеу көрсетіп, аяғынан тұруға барынша көмектесуде. Еңбегінің нәтижесінде People Awards нұсқасы бойынша «2021 жылдың ең үздік мотиваторы» атанған.

– Клубты құру идеясы осыдан екі жыл бұрын, көпбалалы аналардың мәселесі көтерілгенде келген еді. Қазір мұнда 250 әйел мен қыз-келіншек тұлғалық даму, кәсіп ашу, бизнестің алғашқы бастамаларын меңгеріп жатыр. Осы күнге дейін онлайн форматта 2 мыңнан астам нәзік жандар даму курстарынан өтті. Тіпті, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан мемлекеттерінен қатысушылар бар. Осы күнге дейін 40-қа жуық онлайн шара өткіздім, – дейді Алтын Каникар.

2017 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімімен облыстық Ассамблеяның Жастар үйлестіру кеңесі құрылды. Қарағандыда аймақтық штабы ашылған-тын. Бүгінде аталмыш орталық ауыз толтырып айтарлықтай игі бастамаларға мұрындық болып жүр.

– Аймақтық штабтың мүшелері – қарапайым жігіттер. Жастар ұйымы бізге үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Біз тек игі шараларға қатысып қана қоймай, оны ұйымдастырамыз. Бүгінге дейін біршама жұмыстарды атқардық. Қазақ халқында: «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөз бар. Біз жастар жұдырықтай жұмылып, «Бір мүдде, бір мақсат» жолында бірлесіп еңбек етпейінше, еңбегіміз өнбек емес, – деді Александр Урмашов.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button