Басты тақырып

Бірлік пен келісімнің жаңғыруы

    Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол сәттен бастап ынтымақ пен бірлік – елдің қуаты мен тірегіне айналып, бақ-дәулетін еселей түсті.

Елбасының: «Біз тыныштық арқылы – тұрақтылыққа, татулық ар­қылы тұтастыққа қол жеткіздік» деген сөзі үлкен мәнге ие. Себебі, көптеген мемлекеттердің тұрғындары от пен оқтың арасында күн кешіп жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп, көріп жүрміз. Бастысы, қазақстандықтардың ұйқысы тыныш, шаңырағының түтіні түзу шығып, бақытты ғұмыр кешудеміз. Бұл – ғаламат бақыт қой!

Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен салт-дәстүрі, діні мен ділі берік сақталып отыр. Оған бір ғана дәлел – республикамыз бойынша 15 тілде газет-журнал шығады. 8 тілде радио бағдарламалар беріліп, 7 тілде телехабарлар көпшіліктің назарына ұсынылуда. Біздің «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасында аймағымыздағы көп ұлтты бірлестік басшылары жиі болып, атқарып жат­қан ауқымды іс-шаралары жайында ұдайы айтып келеді.

Қарағанды облысы – көп этносты аймақтың бірі. 75 ұлттың мәдени бірлестігі жұмыс істейді. Оның 24-і – Қарағандыда, қалғаны аудандар мен қалаларда орналасқан. Облысымыздағы 41 бірлестік жанынан өз ұлтының ана тілі оқытылып, халықтың мол мұрасы, рухани байлығы жастарға тереңінен түсіндірілуде. Бұған қоса, 100-ден астам ұлттың мәдени шығармашылық ұжымы облыстық, республикалық деңгейдегі мерекелік шараларға қатысып келеді. Халықтың құрметіне бөленіп, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары болып жүрген бірлестік азаматтары да аз емес. Олардың бірнешеуі «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылданып, ғылыми сараптамалық және ынтымақтастық топтардың жұмысына белсене қатысып жүр.

Жақсылық жасауға әрқашан жақын тұратын қазақтардың қамқорлығын көргендер аз болған жоқ. Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көптеген тау халқының өкілдері өздері туған жерінен күшпен көшіріліп, Қазақ елінен пана тапты. Еліміздің шарапатын көрген басқа да ұлыстар оны ұмытқан емес.

Республика тұрғындары биыл 1 наурыз – Алғыс айту күнін екінші рет атап өтті. Телеарнамыздың «Уақыт KZ» хабарына шақырылған қонақтың сөзі есімде. «Қазақ халқы бізді аштан аман алып қалды. Ас-суын бізбен бөлісті. Жер ауып келгенімізде бауырына басып, қамқорлық көрсетті. Біз оларға сол үшін қарыздармыз! Осыны ұмытпаңдар, балалар! Қазақ халқын сыйлап, құрметтеңдер!» деген аға ұрпақ аманатын біздер аяқсыз қалдырмаймыз. Қазақ еліне шексіз рахмет!» – деді тау халқының өкілі. Міне, бұл өзгеге үлгі болар, мызғымас достық пен бауырмалдықтың шынайы белгісі емес пе?!

Өзге ұлттардың Қазақстаннан қанаттанған танымал тұлғалары аз болған жоқ.

Мен Көкшетау облысының Саумалкөл ауылында дүниеге келдім. Қазақстанда туып-өскенімді әрқашан мақтан тұтамын! – деді Руслан Аушев, өткен жылы журналистерге берген сұхбатында. Ингушетия елінің тұңғыш Президенті, Кеңес Одағының батыры, Ауған соғысының ардагері.

Сондай-ақ, Қазақстанда туып-өскен өзге ұлт өкілдерінің бірталайы бертінде тарихи Отанына көшіп кетті. Көбі ол жақты жерсінбей, елімізге қайтып оралды. Биыл жазда Қарқаралыдағы мектепте бірге оқыған Сергей есімді жігітті Кеншілер қаласында кездестіріп қалдым. Ол қайсыбір жылы Германияға көшіп кеткен еді.

«Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деп қазағым текке айтаған екен», – деді ана тілімізде. – Өзіңіз білесіз, менің туған жерім – қасиетті Қарқаралы ғой! Әке-шешеме еріп, ата жұртқа коныс аударған едім, ол жақта тұра алмадық. Шыны керек, қыдыр дарыған Қазақстаныма жетпейді екен!

Иә, біздің еліміз өзге ұлттың өкілдерін өзегінен тепкен емес.

Күні кеше ғана Ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағының көкжиегі бұдан да кеңейіп, тамыры тереңдей түспек. Өйткені, Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы болатын ХХV сессиясы «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, ке­лісім» деген тақырыпты қамтиды. Алқалы жиында асқақ ойлар айтылып, этно-мәдени бірлестіктердің рухани бірлігі мен келісімі жаңғырып, кемелдене түсетіні сөзсіз.

Берік ДҮЙСЕТАЕВ,

«Қазақстан» РТРК» АҚ

Қарағанды облыстық

филиалының директоры,

ҚХА мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button