Бас тақырыпРуханият

Бірлік мекеніндегі бірегей жоба

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Достық үйіндегі» шығармашылықты дамыту орталығы көнеден келе жатқан халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін, патриоттық тәрбие және ұлттық өнерді жаңғырту мен насихаттауды көздейді. Мәселен, «Шабыт» көрме залында танымал және жас суретшілердің таңдаулы жұмыстары қойылса, шығармашылық шеберханасында табиғи жүнді пайдалану арқылы киіз басу сияқты күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келе жатқан дәстүрлі қолөнер үлгісінің жаңаша әдіс-тәсілдерін үйретіп, баба дәстүрін лайықты жалғастыруға баулиды.

Ұлттық қолөнер өзінің терең тарихымен, сан қилы мазмұн ерекшеліктерімен жастарға рухани, эстетикалық, эмоционалдық, интеллектуалдық тұрғыда жақсы әсер беріп, бұрынғы мен бүгінгіні салыстыра отырып ұлттық өнерді сүю, құрметтеу қасиеттерін дамыта түсері сөзсіз. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында ашылған аталмыш орталық атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық өнерді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, рухани сән-салтанатымызды жандандырып отыр.

Дәстүрлі ән мен күй – кешегі ойшылдар мен сал-серілерден, шешен-билерден, ақынжыраулардан мирас болып қалған құнды тәрбие құралы. Арқа өңірінде ежелден бері үзілмей келе жатқан сал-серілер мектебі Ақан, Біржан, Жаяу Мұсалардан және одан кейінгі үкілі Ыбырай, Естай сынды дала дарындарынан жалғасып келеді. Бұл дәстүр біздің халқымыздың болмысына сіңіп қалған. Енді жоғалмайды. Мұның қазақ руханиятында алар орны ерекше. Ежелден халықпен бірге өмір сүріп келе жатқан ұлттық өнерді насихаттауда «Достық үйіндегі» «Арқа» айтыс мектебі мен «Күй – керуен» орталығының мүмкіндігі мол. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, жас ақындардың талабын айтыскер ақын, филолог Айтбай Жұмағұл шыңдап жүр.

Шертпе күйдің тамыры сақталған, дәстүрі мызғымаған Арқадан шыққан Тәттімбет, Аққыз, Әбікен сынды күйшілердің сара жолын жалғап келе жатқан Қайролла Сәдуақас орталықта жастарға күйдің қырсырын үйретіп, халқымыздың маңдайына біткен киелі өнерін келер ұрпаққа жеткізуде аянбай еңбек етуде. «Достық үйіндегі» шығармашылықты дамыту орталығының ашылуы – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған идеяларын орындаудағы басты бастамалардың бірі.

Қазақ тілін ұлтымыздың ұлы құндылықтарын насихаттау арқылы үйрету бағытында Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасымен «Достық үйінде» ағымдағы жылдың 27 қаңтарында «Мәміле» сұхбат клубы ашылды.

Клубтың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру.

Тіл үйрету барысында белгілі тілші ғалым Қ.Тәсібековтің «Ситуативный казахский» әдістемелік құралы басшылыққа алынды. Аталмыш әдістеме ұлттық менталитеттің ерекшеліктері, тарихи фактілер, фольклорлық ұғымдар, қазақ халқының құндылықтар жүйесі арқылы тілді мейлінше жеңіл әрі жетік оқуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, клубтың әрбір отырысына елге белгілі қоғам қайраткерлерін, зиялы қауым өкілдерін шақыру дәстүрге айналды. Алғашқы кездесудің спикері ретінде полиглот, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мәміле-Тен» клубының ұйымдастырушысы В.Тен шақырылды. Сондай-ақ, «Нәтиже» компаниясының басшысы Е.Әшім, SBTC тілдер мектебінің негізін қалаушы С.Зорин, белгілі қоғам қайраткері Б.Мұсабеков сынды тіл жанашырлары келіп қатысып, өз ойларын ортаға салды. Клубтың ашылғаннан бергі аз уақыт ішінде танымалдылығы артып, аймақ тұрғындары арасында үлкен қызығушылық туғызуда.

Сондай-ақ, мұнда қазыналы қарттарымыз кез келген уақытта бас қосып, пікір бөлісіп, бос уақыттарын пайдалы да мәнді өткізу үшін «Белсенді өмір» орталығы жұмыс істейді. Орталықта мәдени-рухани клубтар, мемлекеттік, ағылшын тілін оқыту сабақтары және компьютерлік сыныптар жұмыс жасайды. Кітапхана, шахмат ойыны, демалыс, денсаулық залдары бар. Қолөнермен шұғылданамын деушілер аптаның кез келген күнінде шеберлік сыныптарына қатысады. Сол арқылы қалада тұратын зейнет жасындағы азаматтардың уақыттарын тиімді өткізуі үшін жағдай жасау көзделген. Тіпті, психолог пен заңгер кеңесінің қызметі де ұсынылған. «Өз уақытын заман талабына сай тиімді өткізу қарттар үшін ғана емес, ең алдымен келешек ұрпақ үшін маңызды. Үлкендеріміздің ұлық жасын қадірлеу – баршамызға парыз. Еліміздің өркендеп, дамуына үлес қосқан әр саланың ардагерлері немесе зейнетке енді шыққан ардагерлеріміз үшін «Достық үйінде» ашылып отырған бұл орталыққа келушілердің саны көп болады деп ойлаймыз. Сондықтан да, дүниетанымы терең ардақты аға-апаларымыз бен жас ұрпақ арасында байланыс орнап, қарияларымызға деген қамқорлығымызды арттыруға, олардың өмір сапасын жоғарылата түсуге бағытталып арнайы ашылған «Белсенді өмір» орталығының ашылуы ізгі бастама деп білемін» деген болатын орталықтың ашылу салтанатына арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаты Альберт Рау өз сөзінде.

«Орталықтың ашылуы – өте маңызды оқиға. Мұнда келуші ересек адамдар өзін-өзі дамыта жүріп, қоғамдық пайдалы істерге қатысады. Бір уақыт қоғамға өзінің керек екенін сезініп, жаңашылдыққа үйренеді. Шығармашылығын дамытуға да үлкен мүмкіндіктер жасалған. Жалпы, «Достық үйі» барлық этностардың жылы ұясы іспеттес. Міне, баршамыз басымызды қосып, жастармен де кездесіп, білгенімізді айтатын, тәлім мен тәрбие, үлгі мен өнеге ордасы деп айтар едім» – дейді Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі Сәлима Нұрмағамбетова.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button