Теміртау

Бірігу – береке негізі

   Теміртау қаласының әкімі Ғалым ӘШІМОВТІҢ бастамасымен Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде «Рухани жаңғыру» кеңсесі ашылды. Жобаның мақсаты – этно-мәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіретін Қазақстан халқы Ассамблеясына қарайтын тұрақты орталық құру.

Жоба аясында тілдерді оқыту курстары, халықтардың дәстүрлері мен салттарын зерттеу және қала колледждері мен мектептерінің оқушыларымен жұмыстар жүргізілетін болады.

Осыдан жарты жыл бұрын облыс әкімі Ерлан Қошановтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды мақсат еткен Жобалық кеңсе құрылған болатын. Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде ашылған «Рухани жаңғыру» кеңсесі де үлкен жобаның бір бөлшегі. Кез келген істе оқ бойы алда жүретін Теміртау қаласы – Елбасының бағдарламасын жүзеге асыруда тағы да өзгелерден бірінші. Ресурстық орталықтың ашылуына арнайы келген Қарағанды облысының ветеринария басқармасының бас маманы – Жобалық кеңсе мүшесі Ғалымжан Қонақбаев «Озаттардың қатарында болу – Теміртау халқы үшін шартты» дейді. Себебі, осы оқу орнында Елбасы білім алып, осы қалада Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы пайда болған.

Ресурстық орталық «Туған жер» бағдарламасы арқылы патриотизмді қалыптастыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтық қоғам институттарымен, мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасты жақсартып, жоғары тарихи сананы, азаматтық-патриоттық ұстанымды, жастардың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруды, «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Сакралды география», «Қазақстанның 100 жаңа есемі» және тағы сол сияқты жобалар аясында кешенді іс-шаралар өткізуді жоспарлауда.

2017 жыл ерекше жыл болды. Елбасы­ның өзі білім алған оқу орнынан «Рухани жаңғыру» кеңсесін ашуға мүмкіндік берген қала әкіміне, университет ректорына деген алғысымыз шексіз. Алдымызда кең жол ашылды. Біздің көптеген жобаларымыз жастармен бірлесе отырып, жүзеге асыруға бағытталған. Осы жерде талай игі істердің атқарылатынына сенімдімін, – дейді, шараға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының грек мәдени орталығының жетекшісі Деспина Касапиди.

Аталмыш оқу ордасында еліміздің ғана емес, өзге елдің жастарының да осы оқу орнында білім алуға мүдделі болатыны, әрине, Тұңғыш Президенттің де осы оқу ордасында білім алғаны.

Мектеп бітіргеннен кейін менің алдымда қай оқу орнына түсу керек деген үлкен таңдау тұрды. Мен Қазақстанды таңдадым. Оның да себебі бар. Біріншіден, Қазақстан көпұлтты мемлекет. Екіншіден, бұл ел жоғары деңгейде даму үстінде. Университетте мен «Speaking Club» клубының жұмысына қатысуға мүмкіндік алдым. Осы жерде қазақ, ағылшын тілдерін үйренудемін, – дейді Тәжікстаннан келіп, білім алып жатқан Сухроб Ашуров. Сухроб Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінің бірінші курс студенті.

Динара ЖҮНІСОВА, Теміртау қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Орталықты университет қабырғасында ашу – кездейсоқ таңдау емес. Осы жерде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы бар. Теміртау қаласында онға тарта этно-мәдени орталықтың қоғамдық бірлестіктері жұмыс атқарады. Бүгінгі таңда олардың ешқайсысының өздерінің ресми үй-жайлары жоқ. Сол себепті, қала әкімі Ғ.Әшімовтің бастамасымен ашылған Ресурстық орталықта қаладағы этно-мәдени бірлестіктерге жастармен жұмыс жасау мүмкіндігі ұсынылады. Бұл – Елбасы идеясының жүзеге асқанының бір көрінісі. Бұл жерде, сонымен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты елдерден келіп оқитын ұлт өкілдері де бар. Сол себепті, орталықты университетте ашуды ұйғардық.

Теміртау қаласындағы этно-мәдени бірлестіктер осы кеңседе жиналыстарын, іс-шараларын өткізе алады. Осы жерде 93-ке жуық ұлт өкілі тұратындықтан, жоба аясында қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қатар, өзге ұлт өкілдерінің тілін оқыту жоспарда бар. Ал, Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті кеңсе аясында «Speaking Club», этно-мәдени орталықтардың фестивалі, өлкетану жұмыстары сияқты жобаларды жүзеге асыруды бастап та кеткен.

Теміртаулықтар болашақта қалада «Достық үйі» де бой көтереді деген сенімде. «Рухани жаңғыру» кеңсесінің ашылу салтанаты Тәуелсіздік күніне арналған концертке ұласты.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button