Жаңалықтар

Бір жыл – бір белес

Былтыр дәл осы уақытта Теміртауда қазақ тілді «Temirtau tynysy» газетінің ашылғанын сүйіншілеген едік. Қазір заманның келбеті өзгерді. Қағаз басылымды іздеп жүріп оқитын оқырман азайған шақ. Осындай қысылтаяң шақта кісі қолдауынсыз-ақ, ешқандай бюджетсіз басталған жобаның қазіргі ахуалы қандай? Білмекке құрыш қаладағы құрдан басталған жалғыз қазақ газетінің редакциясына арнайылап ат байлаған едік.

 

Жасырары жоқ, былайғы жұрт Теміртауды қазақылықтан ада қала деп таниды. Бір кезеңде солай болғанда. Тіпті, күні кешеге дейін қалада мемлекет құраушы ұлттың үлесі – үш пайыздың төңірегінде ғана болыпты. Ал, қазір ше? Қандастардың көптеп келуі қаланың демографиялық ахуалын өзгертуге де айтарлықтай ықпал етті емес пе?! Бүгінде қаладағы қазақтардың үлесі 43 пайызға көтерілген екен. Бұл елдің қазақша ақпарат құралына деген қызығушылығын арттырды. Әйтсе де, газет ашу мәселесі жиындарда айтылып, баспасөзде бас көтергенімен, нақты қадамға бара қойған пенде жоқ еді. Осынау олқылықтың орнын толтырмаққа «Орталықтан» тәрбие алып, түлеп ұшқан әріптесіміз Нұрлыхан Қалқаманұлы білек сыбана кірісті.

Теміртауға қазақ газетінің керек екені бұған дейін талай мәрте айтылды, жазылды да. Жиындарда мәселесі майшаммен қаралып, үстел тоқпақтап, әлеуметтік желіде қызу пікір жазып жар салсақ та өзгерген дәнеңе жоқ. Арамтер болып шапқан аттай болған пенде бастың осы кезі қызық-ақ. Қызуымыз басылған соң келесі біреу қайта қаузамайынша, дендеген мәселені жылы жауып қоя саламыз. Дәл сол кез «сөзден іске көшейік» деп, әрекет ете қойған адам жоқ. Ондай адам шықпас та еді. Өйткені, газет ашу – машақаты мол, пайдасы беймәлім шаруа.

– Бір айта кетерлігі бизнесмендер бұл салаға қаржы құймайды. Дәл осы басылым белеске шығар кезде жұмыссыз, таксист болып жүр едім. Бірде көлігіме Өзбекстаннан көшіп келген ақсақал атанды. Әңгіме барысында әлгі азамат «Қазақстанға күнімді көре алмағандықтан емес, ұрпағым қазақ болып қалсын деген ниетпен көшіп келген едім. Сөйтсек, мұнда қазақша ақпарат алу қиын екен. Қалада не болып, не қойып жатқанын орысша оқуға тура келеді. Өзбек болмасын, қазақ болсын деп алып келген немерелерім орысша шүлдіреп кететін болды» деп күйінді. Дәл осы сөз санамда жатқан сан сұрақтың жауабын тапқандай. Бір шешімге келе алмай жүргенде «тәуекел түбі жел қайық» деп газет шығару ісіндегі аздаған білімімізге жүгініп, іске кірістік, – дейді Нұрлыхан Қалқаманұлы.

Газеттің алғашқы саны 2022 жылы 24 маусымда жарық көрді. Құрыш қаланың халқы бұл жаңалықты жылы қабылдап, қолдан келгенше редакция жұмысының алға жылжып кетуіне қамқорлық жасаған екен. Оның ішінде «АрселорМиттал Теміртау» жанындағы Этномәдени бірлестік төрағасы Әлішер Жақыпбеков пен осы компания­да жұмыс істейтін металлургтерді біріктіретін Аmanat партиясы филиалының төрағасы Нұргелді Омарханов бар.

Газет ашылған соң, кеңсе қажет болды. Нұрлыханның айтуынша, ол әуелде қаладағы бизнес орталықтарын аралап көрген екен.

– Кеңсе жалдау құны онсыз да мардымсыз бюджетімізге ауыр салмақ салатын болып шықты. Сөйтіп Әлішер Жақыпбеков ағайға газет ашып жатқанымызды айтып едім, қуана қарсы алып, ешқандай ақы-пұлсыз редакция орналасатын орын тауып берді. Қаланың орталық көшесінен мұндай кеңсеге ие боламыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмес еді. Сол жерде жүріп Нұргелді Зиядаұлымен таныстық. Редакция жұмысын үйлестіру, құжаттарды реттеу мәселесінде ақыл-кеңесін аямай, көп қолдау көрсетті, – дейді Нұрлыхан Қалқаманұлы.

«Temirtau tynysy» газетінің бір ерекшелігі – мемлекеттен бір тиын ақша алмай жарық көруінде. Әріптесіміздің айтуынша, нарық қоғамында ақпарат құралы мемлекеттік тапсырыстан мүмкіндігінше тәуелсіз болуы тиіс екен. Әрі басылымға жазылу науқанын ұйымдастыру, газетті сатылымға шығару ісінде де бірқатар тың бастамаларды қолға алыпты.

Қазір әлемнің, әлем дейміз-ау Астана мен Алматы тәрізді өзіміздің ірі қалаларымыздың ақпарат ортасы «Жасанды интеллект: тиімділік пен қатер» тақырыбын қызу талқылап жатыр. Ал, біз әлі күнге дейін «аудандық газеттер сайттарын дамытсын, әлеуметтік желіде белсенді болсын» деп, жұрт осыдан 20 жыл бұрын айтқан әңгіменің аузына қараудамыз. Газет ашар алдында Нұрлыхан елдегі аудан-қалалық газеттердің ахуалымен танысып, анализ жасап шыққан көрінеді. Сөйтсе, басылымдардың басым бөлігінің жағдайы – ауыр көрінеді. Бірен-саран, оның өзінде оңтүстік өңірлердегі газеттер ғана жақсы деңгейде, дамып жатыр екен. Бір қызығы, күрделі жағдайда тұрған басылымдардың негізгі табыс көзі – мемлекеттік тапсырыс. Жарнама тарту, газет сату ісі тұралап тұр. Мұнысын «газетке ешкім жарнама бергісі келмейді» деп сылтаурататынын қайда қоярсың. Иә, рас. Қазір газетке жарнама басатындар өте аз. Бірақ, біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанымыз шын болса, интернет мүмкіндігі шексіз ғой. Газетке жарнама бермесе, онда сайтты дамытып, әлеуметтік желідегі парақшаға жан бітірген абзал. Осы арқылы жалпақ жұрттан жарнама тарт. Кім қой деп жатыр? Егер сайтың мықты болса, Қазақстан тұрмақ, шетелден де жарнама тартуға мүмкіндік бар. Әрі қазір нарықтың талабы – конвергентті журналистика. Редакциялар біз газетпіз деп ақ қаралы қағазға, телеарнамыз деп сюжетке ғана телміріп отыратын дәуір өткелі қашан?! Бүгінгі қазақ редакциялары газетті де шығарып, видео да түсіріп, әлеуметтік желіні де игеруі керек-ау. Сонда шекеміз шылқып БАҚ күні туып, төртінші биліктің бишігі билейтін болады.

 

Жалпы Теміртау газетіне тыныс берген Нұрлыханның айтуынша, интернет кеңістігі ауылда отырып-ақ табыс табуға мүмкіндік беретін бірегей құрал. Мұның жарқын мысалы ретінде өз газетінің сайтын ұсынып отыр. Осы бір жылдықта редакцияның негізгі шығындары интернет жарнама арқылы өтеліп келгенін жасырмастан жая салды.

– Менің журналистикадағы жолым интернет арқылы басталды. Студент кезімде Qasym.kz ақпарат агенттігінде редактор болдым. Кейін «Ortalyq Qazaqstan» газетінің сайтын жетілдіріп, интернет-редакциясын басқардым. Осы қарашаңырақта өткен екі жылым мен үшін өмірлік сабақ болды. Өйткені, ізденуге, жаңашылдыққа ұмтылуға мүмкіндік берді. Сөйтіп «Яндекс», «Google» компанияларымен байланыс орнатып, серіктестік платформаларына тіркелдім. Теміртауда газет ашқанда да негізінен сол платформаларға арқа сүйедім. Бірақ, бір кемшілік бар. Сайт арқылы табыс табу үшін сайтың сағат тәрізді тықылдап, мінсіз жұмыс істеп тұруы керек. Ол үшін серверің мықты болуы тиіс. Ал, мен хостингте отыр­мын. Сәйкесінше, мүмкін болған табыстың 10 пайызын ғана таба аламын. Жеке сервер алу үшін қаражат керек. Менің дәл қазір жарнамадан, газет сату мен жазылудан тапқаным редакция шығыны мен салықтан артылмайды. Сондықтан, жұмысты жүйелі ұйымдастыру үшін мемлекеттік тапсырыс алу қажеттілігі туындады. Өткенде 1 млн. 400 мың теңге көлемінде тапсырыс алып, игеруді бастап кеттік. Десек те, басқа тапсырыстарға қатыса алмай отырмыз. Өйткені, қалалық әкімдікке қарасты бөлімдер мемлекеттік сатып алу порталына лот жариялаған кезде, техникалық ерекшелікке «Газет Қарағанды облысына тарау керек» деген талап қойып келді. Біз, қалалық газет болғандықтан, оған қатыса алмаймыз. Сөйтіп «идея көп – ақша жоқ» деп алға қойған мақсатымызға ақырын жылжып келе жатырмыз, – дейді әріптесіміз.

Биыл «Temirtau tynysy» газетінің таралымы 2000 данаға жетіпті. Жазылушылардың басым бөлігі PDF нұсқаға жазылған екен. Сонымен қатар, бөлшек саудаға да алып шығыпты. Нұрлыхан Қалқаманұлының айтуынша, дүкен сөрелерінен газет айтарлықтай көп сатыла қоймаса да (30-40 пайызы), бұл жарнама берушілерді тартуға, газеттің танымалдылығын арттыруға көп көмек болып отырған көрінеді. Осылайша, бір жыл ішінде жоқтан бар жасаған «Қарашаңырақтың қара баласы» бастаған бастама болашаққа үлгі, ал бүгінге бағдар болсын десек артық емес.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button