Бір уыс күміс, бір қоржын қазы, бір қарын қуырдақ…
Бар жақсылық ананың мейірі мен күн нұрынан тарайды деген ғұлама сөзін бір жерден оқығанымыз бар еді. Жан біткеннің жүрегінен жібек желдей ескен сол мейірім алдымен ұрпағына төгілсе керек. Ал, бір Алладан кейін биік сана иесі саналатын адамзат баласының тірлігінде бұл қасиет айрықша өрнек таппақ. «Өткен өмір – қу соқпақ, қыдырады талайды» деген Абай. Біздің де көңіл қыдырып талай жерге кетті…
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Қарасудың сегізжылдығын бітіріп, қара суды теріс ағызардай болған біздер енді Балқаштың он бір жылдығын бағындырмақ болып қалаға аттандық. Одақ бойынша көшпелі Қызыл туды қолдан бермей тұрған бұл мектепте ерқара боп жүрудің өзі оңай емес екен. Дегенмен, алғашқы тоқсаннан аман өтіп, санаулы күннің каникулымен ауылға да жеттік. Апажезденің қолында жатып оқитын менен үй-ішінің алдымен сұрағаны: «қарның ашып қалған жоқ па?» болды. «Жоқ», – деймін мен. Мектепте жақсы асхана бар екен. Үлкен үзілісте бар болғаны он бес тиынға сыбағалы дәмнің бәрін ішуге болады.
Қайтатын мезгіл келді. Жолға жиналып жатырмын. Бір кезде шешем Қалия қолыма көлемі жұдырықтай қалташаны ұстата берді. Қарасам, іші толған он бес тиындық күміс. Қайран ана! Мектепте ірі ақшаны майдалап әуре болмасын, есептесуге ыңғайлы болсын деп ауыл сатушысы Зибакүл тәте арқылы жасаған тірлігі бұл. Балқашта өткен үш жылда сол аузы бүрмелі дорбашаның іші бір босамады. Өтеуі – іші тәуір бағаларға толы Кәмелеттік аттестат болды-ау деймін.
Алматыдан бетім қайтқаннан кейін, келесі жылы Қарағанды пединститутының филология факультетіне оқуға түстім. Қысқы каникулға үйге келдім. Әкемнің соғымдық құнанын жылқышылар семіз дөненге айырбастап берген екен. Жемделіп жатырмын. Қайтатын мезгіл жетті. Ол кезде бола бермейтін үлкен қызыл рюкзагім бар. Әкем соған қояр да қоймай, сұрпы етпен қатар сарыала қазыны толтыртты. Мен артық жүк ұстамаймын деп азар да безермін. Бірақ, алаған баланың табаны тайғақ бола ма, береген әкенің айтқанына тез көндік. Енді шешемнің шаруасын қараңыз. Қолында томпия толтырылған қозының қарыны. Апыр-ай, май құшақтатып жүрмесін, – деп мазаланайын. Сөйтсем, қарынның ішіндегі май емес, жылқының жая етінен қуырылған қуырдақ екен. Салмағы алты келіден әрі болмаса, бері емес. Арқаның ақырған аязымен сіресе тоңазып тұр. «Бақырға сап қыздырып жіберсең, демде дайын болады, жолдастарыңмен бір тоясыңдар, ауырсынбай алып кет», – деді шешем. Алып кеттім. Бөлмедегі алты жігітке алты күн азық болды. Пейілі көлдей қайран әкем-ай, мейірімі күндей қайран шешем-ай, – деймін бүгінде. Киімнің сәндісін иығыма жапқан, тамақтың дәмдісін аузыма тосқан, не көрсеттім сендерге?! Ештеңе де…
Мінекей, шөкімдей торғай үрпешүрпе балапандарының аузына әкелген жемін тосып әлек. Есіме әкем мен шешем түсті. Берген жылуы, көрсеткен жақсылығы көңілімде көш түзеді. Сол қатарда бір уыс күміс, бір қоржын қазы, бір қарын қуырдақ та жылжып кетіп барады… Қайран, қимастарымай. Асатқан пейілің ғана емес, аңсатқан мейіріміңе шөлдеймін-ау. Ата-ананың қадірін қасында жүргенде білейікші, ағайын. Біз алыстатып алдық. Қонақөмір деген ғой…
Абзал БӨКЕН,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.