Бір өлеңдегі бүтін ұлттың қасіреті
Қытай елінде патшаның жарлығы бойынша бұратана халыққа екі бала, өз жұртына бір баладан артық тумауға бұйрық берілген болатын. Кірме жұрт «демократия» деп шуласа, қытай халқы «ұл ғана керек» деп бас шұлғи кетті. Ал, қаптаған қалың елдің ұлдары ер жеткенде кімді құшады? Әрине, әлгі өзге жұрттың екінші не болмаса бірінші болып туылған қызына иелік етеді. Ұлы болса «бас қайғының» кебімен тұрмыстың езгісіне алынады. Үкілеген бұрымдары саналы түрде ассимилияцаға ұшырап, «қытайға» айналады. Құлазыған елді-мекенде үлкендер іштен тынып өмірден өтеді…
Ақын Жәркен Бөдештің «Арғы бетте» атты өлеңі романға бергісіз ойдың жүгін арқалаған сәтті туынды. Бұл шығарма қазақы қара өлеңнің техникасын едәуір арттырған һәм ұтымды пайдаланған. Қалыпқа салынған төрт жол, бір шумақпен репортаждың классикалық үлгісін көрсеткен өлеңнің арғы танымында саяси қулықтың іргесін сөгетін кекесін жатыр. Ол ол ма, сырттағы тұтас қазақтың қасіреті ақынның қылдай нәзік лирикасында тұнып тұр…
Отырған ар жағында қара жалдың,
Жол түсіп ауылыма бара қалдым.
Жол түсіп ауылыма бара қалсам,
Шуылы естілмейді балалардың…
Өлеңнің оқиға желісі жолсапар баяндауымен бейтарап көңіл күйде басталып, қорытынды сөзінде оқырманды ойдың астына көміп тастайды. «Естілмеген балалар шуылы» есті адамды елең еткізері анық. Өлеңге одан сайын шүйліге түсесің.
Жоқ мұнда бала түгіл үрген күшік,
Қонатын торғай да жоқ бүргенге ұшып.
Алжыған кәрі төбетті шалды көзім,
Бұтына өз құйрығын жүрген қысып…
Мүмкін ауыл жер ауыстырып, басқа жаққа көшіп кетті ме деген ойымызды «алжыған кәрі төбеттің» жатуы кенет бөліп жібереді. Иттің еңсесін көтере алмай, өз құйрығын бұтына қысып жүруі көңілсіздікті һәм күйзелісті білдіреді. Жәркен Бөдеш бұл образ арқылы жалпы сол ауылдың хал-ахуалын егжей-тегжейлі түсіндірген. Елдің суық көңіліне алаңдап, ішке енген ақын үйдегі аураны былай бейнелейді.
Үй іші құлазып тұр,
Аңырап тұр.
Мәңгіріп үнсіздіктен дамыл ап бір.
Қаймақ пен сүтке тойған қыли мысық,
Ол дағы үндемейді тәңір атқыр.
Тыныштықта тыншымай жанға медет таба алмау философия ғылымы дәлелдегендей адамға тиетін психологиялық соққының ауыры. Оны қазақ бір-ақ ауыз сөзбен «баласыз үй – мазар» деп түйіндейді ғой.Үй ішінде қаймақ пен сүт ішетін бала болмағасын, мысықтың тілеуі орындалмай қойсын ба? Қаймаққа тойып қозғала алмай бөгіп жатқан мысық үнсіздіктің метофорасы ретінде қарастырылған.
Ұқсайды үй дегенім тас обаға,
Ой кешкен тас обада бас оңа ма?
Құлағы бұралмаған көне сағат,
Торсықтай салбырап тұр босағада.
Сурет өнерінің хас шебері Сальвадор Далидің танымал картинкасының бірінде сағаттан төмен қарай су сорғалап тұрады емес пе?!. Яғни, бұл суреттің мағынасы меңзегендей адам уақыттан не болмаса ағымдағы өмірден тамшыдай өтіп, жер анаға сіңіседі. Ал, өлеңдегі «құлағы бұралмай» тоқтап қалған сағат – саналы жаратылыс үшін үлкен қасірет. Өйткені өмірдің өзекті заңдылығының бірі қозғалыс. Оны грек философтары «өмір өзеннің ағысы сияқты бір орында тұрмайды» (Пан та рей) дейді. Демек, ақын айтқан ауылда тіршілік балансқа бағынбай бір орында тоқтап, өсу, өну сияқты заңдылықтар кері кеткен. «Уақыт бізден өтпейді, біз уақыттан өтеміз» деген пікірді оқығандар жиі айтуда. Торсықтай салбырап тұрған уақыт өлшемі қазыналы қарттың тағдырға айтқан базынасы іспеттес. Өйткені артынан қара көрінбейтін адам, әлбетте болашағына да бағдар жасамайды. Ол уақыттан осы сәтті көреді, өзін ғана көреді. Ойды астан-кестен ойрандайтын өлі тыныштықты сезінеді. Енді осындай күйге түсуге не түрткі болды? Оның себебі өлеңде детектив жанрына бергісіз сюжет арқылы суреттеледі. Ел ішінде баланың һәм жастардың болмауын ақын қарт әжеден сұрастырады. Ауыл адамдарының «қынай белі жайқалып тұрғанымен», «еркегі – әтек, әйелі – тұл» деп әжеміз ащы шындықты жайып салады. Салдардың себебін де ашық айтады:
Әйелдің бала жатпай жатырына,
Таядық біз заманың ақырына.
Үркітіп қорқытпай-ақ бұтарлаған,
Қайранмын патшамыздың ақылына.
Қытайдың бала өсімін шектеген салқын саясаты былайша айтқанда сол жерде мекен еткен өзге ұлттың құрып, таусылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Яғни, пендені бір оқ шығындамай жер бетінен жою процесі қарқынды жүріп жатыр. Әдетте «сырттағы бес миллион қандастарымызды қосқанда» деп өктем сөйлейтін мінезіміз бар еді ғой. Жедел түрде алыстан асарлатып ағайынды алдырмасақ бұл цифр кеми түседі. Өкінішіміздің орны толмайтын болады. Өлеңде өрілгендей ұрпақсыз, із-түссіз бұл өмірден ызым-ғайым аттанып кетсең, өкініш емей немене?
Бағлан Оразалы