«Бір күні күйеу жігіт ұрын келді…»
«Жаманнан қатын алсаңыз, топқа түсер ұл тумас» демекші, (Бұқар жырау) бұрынғы бабалар баласына қалыңдықты өзі таңдаған. Өйткені, тектіге үйленсе, ұрпағы текті боларын білген. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген де осыған саяды. Ғалымдар: «Әкенің жақсы қасиеттері қызға көп беріледі» дейді. Сондықтан да, тектіден қыз алуға қырын қарамаған жөн. Төле би де ұлына келінді өзі таңдапты деседі. Ал, текті әулетпен құдаласқан соң, жігіт қызды танымауы да мүмкін. Үлкендер келісім берген соң, той алдында, некесі қиылмай тұрып, қалыңдығымен жақын танысу үшін жігіт қызға арнайы барған. Мұны – «Ұрын бару» дейді.
Қарға тамырлы қазақ қашанда салт-дәстүрге берік. Құда түскен соң, екі баланы некесі қиылмас бұрын алғаш ашық түрде кездестіріп, таныстырған. Басты мақсат – жастардың өзара түсінісіп, үйлену тойына дейін бірін-бірі жақсы білісуіне жағдай жасау. Ұрын келгенде күйеудің қасына өнерлі 4-5 жігіт еріп жүрген.
«Ұрын бару» салтының ерекшелігі әр аймақта әр түрлі. Бірақ, мән-маңызы бірдей. «Қынаменде», «Ұрын бару», «Қалыңдық ойнау» деп түрліше атала береді.
«Ұрын бару» қыз әкесінің сый-сияпатқа көңілі толып, ризашылығын алғанға дейін рұқсат етілмейді. Әйтпеген күнде не болатынын ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «…Егер қолға түсе қалса айып төлететін, тіпті, қамшылап сабап та жіберетін» деп жазған. Болмаса қыздың бауырлары беймезгіл келген күйеу жігіттің сазайын тартқызатын болған. Яғни, ұрынға дейін жөн-жосықсыз бару – қате.
Жеңгелері мен жастар үшін бұл да кішігірім той. Болашақ күйеу қыз ауылына «көрінбеген» сыңай танытып, қараңғы түсе сән-салтанатпен, жолдас-жораларымен келеді.
Ұрын келу сапарынан кейін күйеудің жасырын түрде қалыңдықпен кездесіп тұруына тыйым салынбайды. Өйткені, болашақ жарымен жиі хабарласып, халін біліп тұру әр жастың арманы ғой. Бәрі келісілген күннен 7 күн өткен соң, 40 күнге дейін ұрын бармаған жігіттің абыройына нұқсан келіп, замандастары бетіне басуы мүмкін.
Әдетте қыздың ата-анасы мұндайда ерте жатып қалып, жеңгелері қалыңдықты көрші ауылға әкеледі. Ал, жеңгелер қалыңдықты күйеу жігітке апару кезінде түрлі кедергі жасайды. Күйеудің атын байлағанға жігіт «атбайлар», ентіккен жеңгесіне «ентікпе» және «шатыр байғазысы», «балдыз көрімдік», «ит ырылдар», «шаш сипатар» сынды салттар жасалады. Мұндайда күйеу жігіт сараңдық танытпай көбіне ақша беріп құтылады. Күйеу үлкендерге көрінбеуі тиіс. Бұны қыз жақ байқаса да, білмеген сыңай танытады. Себебі, салттың мәні солай.
Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында «Ұрын баруға» тоғыз бет арнапты.
«Екі жеңге ақырын күлісіп кеп, Абай мен Ділдәнің алдына қарсы отырып, екеуінің де оң қолдарын алып, біріне-бірін ұстаттырды. Екі қолдың арасында сусылдаған жібек жүр. Сол арқылы ұстатады екен. Жеңге Абайдың қолын өзі көтеріп апарып, Ділдәнің арқасындағы қос бұрымына тигізді. Әлі де Абай қолының астында жаңағы жібек жүр».
Осы үзіндіден-ақ, аталған салттың қазақ үшін маңызы терең болғанын, «қол ұстату», «шаш сипар» сынды дәстүрлер орындалғанын байқаймыз.
Егер айттырылған қызға жігіті ұрын келіп, танысқан соң оны бөтен біреу алып қашса, жағдай қиын. Бұл туралы ардагер ұстаз Аманкелді Туғанбай айтып берді.
– Бұл бағзыдан жеткен ескі дәстүр. Біздің жас кезімізде болған жоқ. Құда түсіп, екі жақ келіскен соң, жігіт жақ 47-сін (қалың мал) апарады. Бұл екі жақтың әл-ауқатына байланысты өзара шешіледі. Егер, осы салттар орындалған соң, қызды басқа жігіт алып қашса, онда қыз әулетінің, тұтас рудың сүйегіне таңба болуы мүмкін. Екі ел арасындағы дау-шарға, жанжалға әкелуі ықтимал. Сондықтан да, «жастар тойға дейін бір-біріне ынтық болсын, бөтенге көз салмасын» деген ниетпен «Ұрын келу» салтын жеңгелері ұйымдастырады. Бұл жеңгелер институтының қазақ қоғамында мықты болғанын көрсетеді, – дейді Аманкелді ақсақал.
Иә, айттырылған қыздың өзгемен қашып кетіп, соңы трагедиямен аяқталған түрлі тарихи оқиғаны білеміз.
Ал, екі жас ұрын кездескенде бір-бірін ұнатпай қалуы да мүмкін. Ұрын келу барысында алдын ала болашақ жарымен танысудың, оңаша жүздесудің осындай да мән бар екені анық.
Аталған дәстүр жайлы бүгінгі орта буын өкілінің де өз айтары бар.
– Бұл дәстүр қазір өзгеріске ұшыраған. Бүгінде жастар бір-бірін жақсылап танып алған соң, жігіт қызды үйіне қонаққа шақырып, ата-анасымен таныстырады. Егер, қызы үлкендердің көңілінен шықса, батасын береді. Қазіргі дамыған заманда «Ұрын бару» салты ұмытылып барады. Өйткені, жас буын көбіне ғаламтор арқылы танысады. Ал, ұрын тойда жасалатын кейбір ырымдар қазір ұзату, үйлену тойында жасалып жүр, – дейді Тұмарай Айтуғанова.
Аталған дәстүрге дін тұрғысынан да зер салуға тырыстық.
– Қазақтың салт-дәстүрі шариғатпен біте қайнасқан. Шариғат бойынша, неке қимас бұрын қыздың қолынан ұстасуға, бетінен сүюге болмайды. Мұнда бастысы, қыздың қасында туысы немесе жеңгесі болуы керек. Өйткені, қыз бен жігіт оңаша қалғанда араға шайтан араласуы мүмкін. Сол үшін «Ұрын келу» жария түрде болғаны жөн. Тойға дейін бірнеше рет ұрын келуге рұқсат. Тек, шариғаттан аттамаса болғаны, – дейді Сұрыптау кентіндегі «Ахыт қажы» мешітінің бас имамы Жанарбек Мамбарұлы.
Байқасақ, «Ұрын бару» маңызы терең салт. Ондағы әр детальға мән берген абзал. «Абай жолы» шығармасында да Абай Ділдәнің қолы мен шашын жібектің сыртынан ұстады. Неке қиылмайынша, жастар шариғат заңын сақтауы тиіс. «Бір күні күйеу жігіт ұрын келді, Қисайып жаман бөркі қырын келді» (Н.Ахметбеков) деген өлең жолдары жиі айтылады. Осындағы жігіттің бөркін қисайтып келуі де тегін емес. Жеңгелер көп жігіттің арасынан күйеуді қисайған бөркінен таныған. Ендеше, екі жастың үлгілі отбасы болуы үшін ерекше мәні бар әр салттың жөнін біліп жүрейік.
Жәлел ШАЛҚАР.