АймақҚарағанды

Бір аудан – бір жоба

Жол салынды, су тартылды, жарық жаңарды. Аудандарда биыл осындай көзге көрінетін, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысына тікелей әсер ететін ұтымды жобалар жүзеге асты. Әр аудан өз бағытын бағамдап, елеулі бастамалармен ерекшеленді. Жыл соңында облыстың жетекші жеті ауданында қолға алынған жетелі жобаларға шолу жасауды жөн көрдік.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарқаралы: тасжол ашылды

Арқаның алтын тәжі болған Қарқаралы үшін биылғы жылдың ең елеулі жаңалығы – көптен күткен «Қарағанды-Қарқаралы» күрежолының қайта жаңғыруы. Ұзақ жылдар бойы жұрттың жанайқайына айналған жол мәселесінің шешілуі ауданның тынысын кеңейтіп қана қоймай, қалың қазақтың Қарқаралыға деген қызығушылығын арттырды. Жөндеу жұмыстары соңғы 2-3 жыл көлемінде жалғасып, ұзындығы 200 шақырымды құрайтын бағыттың 85 шақырымы биыл толық жөнделіп, ауданға қатынау айтарлықтай жеңілдеді.

Абай: өңдеу өнеркәсібінде озық

Абай ауданы биыл өңдеу өнеркәсібін дамытуға бет бұрған өңір ретінде алдынғы шептен көрінді. Аудан аумағында заманауи ет өңдеу кәсіпорнының құрылысы басталды. Жылына 2100 тонна өнім өңдеуге есептелген бұл өндіріс орны жергілікті шаруалардың өнімін сол жерде өңдеуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінен қосымша құн қалыптасып, нарыққа дайын өнім шығару жолға қойылмақ. Жоба іске қосылғанда аудан экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Ақтоғай: ауыл шаруашылығында алда

Ежелден руханияттың алтын бесігі саналған Ақтоғай ауданы өңірдің әлеуеті тек мәдениетпен шектелмейтінін биыл тағы бір мәрте көрсетті. Ауданның ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі артып, жоспарланған көрсеткіш 182 пайызға орындалды. Соның нәтижесінде Кежек ауылында 1 000 бас ірі қара өсіруге және жылына 240 тонна ет өндіруге арналған өндірістік кешен іске қосылды.

Шет: жарық жүйесі жолға қойылды

Шұғылалы Шет ауданында биыл көптен бері шешілмей жүрген түйткілдің түйіні тарқатылды. Ұзақ жылдар бойы тозығы жеткен электр желілері жаңарып, аудан бойынша 23 трансформаторлық қосалқы станция жаңартылды. 1 150 метр электр желісі ауыстырылды. Нәтижесінде бірнеше елдімекенде жарық тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, әлеуметтік нысандар мен шаруа қожалықтарының ары қарай да үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік туды.

Осакаров: заманауи элеватор ел игілігіне

Осакаров ауданы ежелден егіншілікпен аты шыққан, аймақтың астықты алқаптарының бірі һәм бірегейі. Биыл сол белесті тағы бір мәрте жаңа деңгейге көтеретін ірі агроөнеркәсіптік жоба қолға алынды. Ауданда 28 мың тонна астық сақтауға арналған заманауи элеватордың құрылысы жүргізілуде. Бұл – диқандар үшін өнімді ұзақ мерзімге қауіпсіз сақтауға мүмкіндік береді. Жаңа нысан егін жинау науқанындағы шығынды азайтып, логистиканы оңтайландыруға жол ашады. Элеватордың іске қосылуы Осакаров ауданының аграрлық әлеуетін одан әрмен қуаттап, өңір экономикасына тың серпін бермек.

Нұра: жылына 9 мың тонна сүт

Нұра ауданы болса, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған айрықша жобамен дараланды. Өзен бойындағы нулы өлкеде 1100 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы іске қосылып, өндірістік қуаты жаңа деңгейге көтерілді. Кәсіпорын жылына 9 мың тоннаға дейін сүт өндіруге қауқарлы. Ал, нақты жоба аясында 60-қа жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім өңірдің ғана емес, іргелес қалалардың нарығына да жөнелтілуде. Бұл бастама Нұра ауданындағы ауыл экономикасын нығайтудың нақты әрі нәтижелі қадамына айналары хақ.

Бұқар жырау: бірегей жоба – тегін ауызсу

Бұқар жырау ауданы биыл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларымен ерекшеленді. Соның айшықты дәлелі – аудандағы 68 елдімекеннің түгелі дерлік толық ауызсумен қамтамасыз етілді. Ең қызығы, Алабас ауылында күн энергиясымен жұмыс істейтін заманауи су жүйесі іске қосылып, тұрғындар ауызсуды тегін пайдаланады. 80 метр тереңдіктен су тартатын ұңғыма мен блок-модульді станция тәулік бойы сапалы су беруге толықтай қауқарлы. Осы іспетті өзге де ауылдарға толығымен ауызсу жетіп, халық шаттыққа кенелді.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button