Жаңалықтар

Әбілжановтың әдебі

1985 жыл. Жезқазған облысына қарасты Приозерный ауданының «Ленин жолы» – «Ленинский путь» газеттерінде істеп жүрген кезім. Республикалық «Жалын» жастар баспасынан қызметке шақырған ұсыныс түсті де, аудандық партия комитеті келісімін берді. «Өзіңе сенбе, жас ойшыл» деген Абай сөзіне ұлы ақынның «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен талабың екі жақтап» деген өз тұжырымын тосқауыл етіп, бір-ақ күнде көштім де кеттім.

Жаңа жер, жаңа орта… мен кімге керекпін? – деп елеңдейсің ғой. Алдымен хабарласқан осында бұрыннан тұрып жатқан, телевидениеде тәп-тәуір қызметі бар, Жаңаарқа ауданының тумасы Серік Әбілжанов деген жігіт болды. Сырттай естуім болғанымен, сыралғы емеспін. Мен әуелден кісікиік адаммын. Ал, ол аузын ашса көмейі көрінетін аңқылдақ екен, бір көргеннен үйіріп әкетті.

«Үйімнің қасында жалдайтын үй бар, сіз аға мен іні болайын», – деді. Содан жақсы інінің жетегіне еріп, болашақ қонысымды көруге бардым. Бұл – кезінде Қасым Аманжолов ағамыз түтін түтетіп, қайқаңына күл төккен жер екен. Жүріп-тұруға қиын, ойлықырлы шоқатына қарамастан, арасын аласа шарбақ қана бөліп тұрған Серікпен ақ көңіліне бола көрші болуға бекіндім.

Айтса айтқандай, Серігім жарады. Күннен-күнге ашылып, күннен-күнге жан сарайының шуағын шашыратты. Келіншегі Керімхан да бір мың болғыр жан. Ұлы жүз үлкен сыйлап, кішіні құрметтеуде ерекше дәстүр дарытқан ел ғой. Керімхан да сол дәстүрдің жемісі. Салған бетте мені қайынаға, біздің үйдегі тәтесін жеңгей, – деп атықтырды. Үрпе-шүрпе екі-үш баласы бар. Екі күннің бірінде табалдырығымызға сүрініп, «жеңге, шешем сіздерге шәй ішсін» – деп жатыр деп келіп тұрғаны. Сөйтсек, бұлар менің азан шақырып қойған атымды Қайынаға, ал, біздің үйдегі тәтенің атын Жеңге деп ойлайды екен.

Бертінгі ғасырлардың бірі болар, Алатаудың баурайында Мергенбай деген батыр өткен. Сол батырдың тоғыз қатынынан тараған ұрпақ күні бүгін де атақонысында саусақтың саласындай жігі жазылмай, байсын ғұмыр кешіп жатыр. Керімхан да сол текті атаның ұрпағы. Төлқұжаттағы тегі де сол батыр атасының атымен жазылған. Сонау Арқадан ат арытып келген мені қайынаға, менің әйелімді жеңге, – деп жақын тартуы, сайып келгенде бізді ғана емес, жан жары Серігін де құрметтеуі. Серігімнің жерлес ағасы ғой, – деп мені де мерейлетуі. «Жаңа жұртты жатырқамай, жалғызсырамай үйренісіп кетсін» деген жанашыр көңілі. Мұндай жарқын көңіл, жақын жылылық жанқалтаңа жамбы салып бергеннен артығырақ. Өйткені, жамбы жарты күнде таусылады, ал, жан жылуы өле-өлгеніңше өзегіңе қуат бермек.

Аяқ-табағымыз араласқан екі-үш жылдан кейін Серіктер «Самал» шағын ауданынан төрт бөлмелі пәтер алып көшіп кетті. Арамыз алыстады. Тағы бірер жыл өткенде біз де «Жетісу-2» шағынауданынан берілген жаңа жайға қоныс аудардық. Туысқаннан да артық болып табысқан аға мен інінің қатынасы, тіптен, сиреді. Тек, ұзынқұлақтан Керімханның сырқаттанып жүргенін естиміз. Бірде көңілін де сұрап қайтқанбыз.

Бір күні үнсіз тұрған телефонға тіл бітті. Серік екен. Керімханнан айырылып қалыпты. Төбемізге мұздай су төгіліп кеткендей болды. Қайран, Керімхан! Бір әулеттің алтын қазығы, жасыл жазығы болған Керімхан! Алысты жақын еткен, жақынды мақұл еткен Керімхан! Отыздың орамына да жетпестен кете барыпты. Кетерінде өзін аттандыратын ет-жақындарының тізімін жасап, біздің де аты-жөнімізді қосыпты. Туыстарымен тең көргені ғой қарағымның.

Содан бері талай су ағып, талай тас тозды. Өзіміз де тоздық. Бірақ, осыдан отыз төрт жыл бұрын Алатауға алғаш ат басын тіреп, айналаға аңтарыла қарап қалғанда шылауыма оралып, шылбырымнан жетелей жөнелген сол бір абзал жандардың асыл бейнесі тозар емес. «Адамның басы – Алланың добы…». Соңғы жеті жыл өмірді ел ішінде өткізіп, Алатауға тағы да ат басын тіреген мен осыдан отыз төрт жыл бұрынғыдай алдымнан тағы бір Серік сынды серінің шыға келуінен дәмеленген емен. Қарсылауын қарсылады-ау, бірақ сол жылдардағыдай қайдан болсын?! Заманына қарай адамы. Қарайған жұрттың бәрі қарақан басымен әлек. Сән құруы көбейіп, жан жылуы азайғандай.

Осыны көргенде Алатаудың шыңбасына шығып алып, «Адам, қайда барасың?!» – деп айғай салғың келеді екен.

Абзал БӨКЕН,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Басқа материалдар

Back to top button