Жаңалықтар

Білімнің биік сатысы

    Қарағанды – республикада білім көшіндегі жаңа идеялар мен тұсаукесер жобалардың флагманы. Өйткені, облыстың білім беру жүйесі – қарқынды. Республика көлеміндегі өңірлердің үштігінде тұр. Бұл – облыс педагогтері, оқушылар мен ата-аналар еңбегінің лайықты жемісі.

   Әлбетте, білім беру мазмұнын жаңартуға көшу – аймақта Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Педагогикалық ортаның функционалдық сауаттылығын арттырып, облыстың білім көшін жаңа сатыға көтерді.

«Қарағандылық

вице-министр»

Білім саласында орын алған жылдың жағымды жаңалығын айтарда, Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы болған Асхат Аймағамбетовтің Қазақстанның жаңа Білім және ғылым вице-министрі қызметіне ауысқанын тілге тиек етсек жеткілікті. Асхат Қанатұлы «Болашақпен» оқуға кеткен Эльмира Суханбердиеваның орнына уақытша білім және ғылым Вице-министрі болып тағайындалды.

Жалпы, Қарағандыда Асхат Аймағамбетовтің басшылығымен жиындар жиі ұйымдастырылып тұрды. Бірде облыстық білім басқармасының басшысы дуальды білім беруге қатысты өткен жиында, колледждерден түлектерді жұмысқа орналастыру жауапкершілігін алып тастауды сұрады. Ол өз көзқарасын дуальді білім беру ұйымының мәселелері жөніндегі республикалық дөңгелек үстелде ашық білдірді. «Жақсы дайындалған маманды «қолдан жұлып әкетеді», ал көптеген жас мамандар жұмыс таба алмаса, оларға тиісті білім берілмеген деген келелі түсінік қалыптасады» деген ойдың нарықтық заманға сай емес екенін білдірген.

Қарағанды облысында осы жүйе бойынша 1,5 мың адамға білім беріп жатқан 31 колледж бар. Бүгінгі таңда дуальді білім беру экономиканың нақты секторы үшін мамандар дайындауда. Әлбетте, кәсіпкерлерге де өнім сапасы мен кадрлар біліктілігінің халықаралық стандарттарға сай болғаны керек. Дуальді білімді сөз еткенде, алдымен, теміртаулық жастар еске түседі.

Теміртаулықтар –

Германияда

Иә, биыл Теміртау политехникалық колледжі өкілдерінің Германияда тағылымдамадан өткенін мақтанышпен айтамыз.

Дуальді оқытудың нысанын енгізу бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамдастығы (GIZ) арасындағы келісімді іске асыру шеңберінде теміртаулықтар Дармштадт қаласында «Evonik Industries AG» концерні оқу орталығында тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар, «Heidelberg­Cement» оқу орнында (құрылыс материалдары бойынша әлемдегі ең ірі өндірістердің бірі) өткен тағылымдама барысында электрпневматика және гидравлика бойынша стендтерде зертханалық жұмыстар жүргізді. Курс аяқталғаннан кейін тиісті сертификаттар иеленді.

Сөйтіп, Генрих-Эммануэль-Мерк-­Шуле атындағы (Дармштадт қаласы) электротехника және ақпараттық техника колледжінде «Энергиятиімділік» және «Индустрия 4.0» бірлескен жобаларын іске асыру туралы хаттамаға қол қойылды. Алдағы жоспар – «Электрлімобиль» жобасын құру.

Жоба демекші, қарағандылық жас­тар ғылыми жоба қорғауда білікті еке­нін мектеп кезден дәлелдеп келеді. Мысалы, қазақ-түрік лицейінің оқушылары…

Протез жасап шығарды

Лицей оқушылары Қайсар Қуаныш пен Әлішер Смағұлов балаларға арналған қол протезін жасап шығарды. Қол протезін жасаудағы идеяның авторы – қазақ-түрік лицейі физика пәнінің мұғалімі Алтынбек Қарабатыров. Ұстаз өз сөзінде: «Павлодар қаласынан Қарағандыға жұмыс ауыстырғанда бұл істі жалғастыруды шештім. Қазіргі таңда 3D-принтер сатып алып, оқушылармен бірге протездер жасап жатырмыз. Протезді жасап шығару оңай. Алдымен, оқушылар бірінші үш өлшемді модельдің барлық тетігін салып алып, оны басып шығарады және жинайды. Жіпті тарту арқылы, протез бекітіледі. Бұлшық етке қозғалыс әкеледі. Бастап­қы жағдайға әкелуге серіппе мүмкіндік жасайды. Негізі протездерді алғаш АҚШ-та өндірген болатын. Олар 5 мың доллар тұрады. Біздің протездер небары – 600 теңге. Тек, материалға қаржы жұмсаймыз», – деді.

Оның айтуынша, алғашқы протез лицейдің Павлодардағы бөлімшесіндегі 3D-принтер арқылы жасалған. Оны саусақсыз туған Сашаға сыйлаған. Қазір Сашаның жағдайы жеңілдеп, ол велосипед теуіп жүр екен.

Алдағы уақытта бастың ми серпінін қабылдай алатын қол секілді протез қолдар ойлап табуды жоспарлап отыр. «Бүгінгі күні әрбір ми қуатын реттейтін арнайы сканерлер әзірленген. Оларды Штаттарда протездер жасау үшін қолданады. Біз де осындай сканер сатып алып, жобалау жұмыстарымен айналысуды жоспарлап отырмыз. Әлбетте, біз жасаған бұйымның құны төмен болады», – дейді А.Қарабатыров.

ҚТЛ ұжымы бұл жоба жастарды халықаралық сайыстарға бағыттайтынын айтады. Алдағы уақытта лицей оқушылары ұстаздарымен бірігіп Қарағандыда тұратын, небары екі саусағы бар балаға арнап қол протезін жасап шығармақ. Сондықтан, облыстың мерейін үстем етер жастардың көбі – аталған лицейде білім алады десек, қателеспейміз.

Лицейге ұқсас облыстағы дарынды мектеп түлектерінің көбі биыл Ұлттық біріңғай тестілеуден босатылды. Атап айтсақ, облыста жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының жүлдегерлері сынақтан босатылды.

2017 жылғы ҰБТ-ға облыс мектептерінің 5 122 түлегі қатысып, болашақ мақсатын айқындады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button