Шет

Білімділер сайысы

    Аудандық мәдениет үйінде Шет ауданы әкімдігі, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жерлесіміз, техника ғылымдарының докторы Ж.Ақылбаев атындағы физика пәнінен І облыстық олимпиаданың ашылу салтанаты өтті. Облыстық білім басқармасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл олимпиада бірінші болып ауданымызда бастау алып отыр.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келген олимпиаданың мақсаты – ғылыми бағыттағы физика пәнінен қабілетті де дарынды оқушыларды анықтау, оларға қолдау көрсету. Олипиадаға Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Шахтинск, Саран қалалары, Нұра, Ақтоғай, Осакаров, Жаңаарқа, Абай, Қарқаралы аудандарының және Жамбыл атындағы, Н.Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттарының, «Дарын», «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернаттарының, №1 және №3 инновациялық мектеп-лицейлерінің және ауданымыздың білімді де білгір оқушылары қатысты.

Салтанатты шара Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясы биші қыздарының «Шашу» атты биімен және ғалымның өмір жолынан деректі фильм көрсетумен басталды.

Ашылу салтанатында аудан әкімі М.Жандәулетов құттықтау сөз сөйледі.

Жасампаз елдің жастарына әркез сеніммен қарайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жастар жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің мәртебесі биік болады», – деген еді. Оның «Өмір бойы білім алу» қағидаты әр ұрпақтың ұранына айналуы тиіс. Өйткені, адам үнемі ізденісте болады, білімділікке талпынады, даналыққа жол ашады, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, Ж.Ақ­ыл­баевпен бірге оқыған досы Шет ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Кәмел Жүністегі естеліктер айтса, облыстық «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Мейіржан Сыздықов жас білімпаздарға сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған білім сайысының жеңімпаздары арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Өз тілшімізден.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button