АймақБалқаш

Білімділер марапатталды

Соңғы қоңырау күні Балқаш қаласының əкімі Сапар Сатаев «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атты форумға қатысып, қала мектептерде білім алып жүрген дарынды оқушылармен кездесті. Оқушылар мен жетекші ұстаздарды оқу жылындағы жетістіктерімен құттықтап, Алғыс хат табыс етті. Кездесу басталмай тұрып шаһар басшысы оқушылардың ғылыми жобалары мен өнертабыстары қойылған көрмені аралап көрді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың білімге деген құштарлығы мен халықаралық жəне республикалық жарыстардағы жетістіктері үшін алғыс айту, шығармашылық дамуға қажетті жағдайлар жасау, дарынды оқушыларды ынталандыру.

Биылғы оқу жылын қалалық білім беру ұйымдары табысты аяқтаған екен. Жалпы білім беретін пəндер бойынша өтетін олимпиаданың облыстық кезеңі қорытындысында қала командасы – жүлделі орыннан көрінген. Бұл туралы салтанатты шара барысында айтылды.

– Бүгін қала мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, оқу жылы аяқталды. Баршаңызды оқу жылының ресми түрде аяқталуымен құттықтаймын. Білімді, талантты жастар еліміздің мақтанышы. Оқушыларымыздың халықаралық, республикалық деңгейде жетістікке жеткені бəрімізді қуантады. Осы деңгейге жету үшін сіздер тынбай ізденіп, табандылық таныттыңыздар. Бұл жетістік – адал еңбектің нəтижесі. Осы жолда сіздерге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңызбен, əр кез қолдап, бар жағдайды жасаған ата-аналарыңызға алғыс айтамыз. Жас достар, жеткен жетістіктеріңіз құтты болсын!, – дей келе қала əкімі Сапар Сатаев Республикалық, халықаралық білім додаларында ел намысын қорғап жүлдегер атанған 20 жасөспірімге Алғыс хат табыстады.

Ал, Балқаш қалалық мəслихат төрағасы Ахат Қадырұлы спорт жəне мəдениет саласында басқа да жарыстарда жеңімпаз атанған 20 оқушыны Алғыс хатпен марапаттады. Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Дүбірбекова шəкірттердің жетістігі мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау педагог мамандардың жұмысқа деген ынта-жігерін оята түсетінін жеткізді.

Дарынды оқушылар мен биік белестерді бағындырған мектептер арасында Бас жүлде С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясына бұйырды. I орынды əл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектеп, II орынды Əлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейі, Əлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейі, III орынды №2 Абай атындағы мектеп-лицейі еншіледі. Жеңімпаздарға арнайы кубок, дипломдар берілді.

Форумның соңы өнерпаз оқушылардың концертіне ұласты. 

Нұрдос КƏРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button