Жаңалықтар

Білімді ұрпақ – ел ертеңі

Бiлiм беру – бұл қоғам мүшелерiнiң адамгершiлiк, интеллектуалдық мәдени дамуының жоғары деңгейiн және кәсiби бiлiктiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие беру мен оқытудың үздiксiз процесi. Қазiргi өскелең өмiр талаптарына сай жастарға бiлiм және тәрбие беру, оларды жан-жақты дамыту – қоғам алдында тұрған басты мiндеттердiң бiрi. Еліміздегі білім саласындағы болып жатқан оң өзгерістер барша қауымды қуантады. Себебі, барлық дүниенің бастауы – білімде тұр.

Елімізде жыл басында болған ауыр оқиға әрбір жанды елең еткізбей қоймады. Қасіретті қаңтар оқиғасынан барлығымыз сабақ алуымыз керек. Бейбітшілік пен тыныштықтың қадірін түсінуге тиіспіз. Мемлекет басшысы осыдан кейін «Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады» деді. Шынында да, еліміздің өркендеуі үшін қабылданып жатқан оң реформалар осыны аңғартса керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет мүшелері тиісті шараларды жүзеге асыруды бастап кетті. Мемлекет басшысының білім саласына қатысты айтқан нақты критерийлерін негізге ала отырып, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында сапалы білімге қолжетімділікті арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Президенттің тапсырмасына сәйкес жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуы үшін гранттар беру жөнінде шешім қабылданды.

– Мемлекет тарапынан мұндай қолдау қажетті шара болып табылатынына сенімдімін. Жақында болған қайғылы оқиғалар кезінде біз олардың ерлігінің куәсі болдық, азаматтарды өз өмірлерін аямай қорғады, – деп атап өтті министр Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, Президент өңірлердегі педагог жетіспеушілігі мәселесін қолға алып арнайы бағдарлама әзірлеу қажет екенін алға тартты. Осы орайда еліміздің бас педагогі Асхат Аймағанбетов: «Мұғалімдер тапшылығы бар және білім беру сапасындағы үлкен алшақтық байқалатын өңірлерге жоғары оқу орындарының үздік түлектері тартылатын болады. Тартылған педагогтерге жалақының 2 есе артуы бойынша коэффициент белгілеу және тұрғын үй төлемін ұсыну немесе өтеу, коммуналдық қызметтер төлемін өтеу түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады», – деді.

 Кешегі өткен Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында да осы мәселе көтеріліп, нақты шаралар қабылданатыны туралы айтылды. Білім беру саласында халық тығыз орналасқан өңірлерден, сондай-ақ білім беру саласында үлкен алшақтығы бар өңірлерден оқуға түсушілер үшін техникалық даярлау бағыттары бойынша гранттар бөлу жоспарлануда. Бұл да биылғы жылдың жаңалығы. Енді техникалық мамандықтарды оқытуға айтарлықтай көңіл бөлінеді. Нысаналы гранттар Қазақстанның ұлттық және жетекші жоғары оқу орындарында оқу үшін бөлінетін болады. Сондай-ақ, негізгі тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту көзделеді. Осы жылдың өзінде техникалық дайындық бағыттары бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттар саны біршама өсетіні мәлім болды. Қазіргі уақытта маман даярлаудың техникалық бағыттарына бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың үлесі 30%-дан асады. 2022 жылы гранттар саны 60%-ға дейін ұлғайтылады. Осылайша, білім гранттарының жалпы саны 61 мыңға дейін жетеді.

«Жастар – еліміздің болашағы» деген сөзді жиі айтамыз. Ал, сол жастардың болашағы – Отанымыздың ертеңгі тағдыры. Қоғамның белсенді, саналы, қабілетті, құзыретті мамандарын даярлау біздің сапалы жұмысымызға байланысты. Сондықтан да, ұстаздар жас ұрпақтың сапалы білім алуына жауапты. Бүгінгі жас ертеңгі күні еліміздің дамуына үлес қосатынын ұмытпаған абзал. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деген сөзімен түйіндеймін.

Саят ОСПАНОВ, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button