Білім

Білім берудегі бетбұрыс

Соңғы қоңырау сыңғыры 25 мамырда емес, 31 мамырда естіледі. Бұл – биылғы жылдың ерекше жаңалығы болмақ. Балаларды балабақшамен қамтудан бастап, тәрбие, оқыту мәселесі, педагогтерге жағдай жасау, жаңа мектептер салу, орын тапшылығын жою мәселесі – білім беру саласының басым бағыттарына кіреді.

Жаңа жылдан бастап білім саласында оң өзгерістер орын алмақ. Біз солардың бірқатарына тоқталмақпыз.

Сурет: el.kz

Жаңа жылды білім саласы жағымды жаңалықтармен бастады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен балабақша тәрбиешілерінің, мектеп, колледж педагогтерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы 25%-ға артты.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғалы бері қоғамның педагогтерге деген көзқарасы өзгерді. Мұғалім міндетіне кірмейтін жұмыстардан босатылып, қағазбастылық азайды. Педагогтердің жалақысы 2020 жылғы қаңтардан бастап жыл сайын 25%-ға өсті. Олардың жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, жұмыс өтіліне, магистр дәрежесінің болуына және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі.

Биыл мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға басымдық беріледі. Бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің біліктілігін арттыру, аттестациялаудан өткізу 5 жылда емес, 3 жылда бір рет өткізілетінін айтты. Бұл – сапалы білім беру үшін ұстаздарға өте қажет дүние. Сондай-ақ, биыл сапалы кадрларды дайындау

және мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі.

Білім беру саласында 30 жылдан көп еңбек сіңірген педагогтер тестілеуден босатылатынын да айта кеткен жөн.

«Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің аттестациядан өту ережесіне өзгерістер енгізді. Бұл ретте педагогтердің ұсыныстары мен тілектері ескерілді. Мысалы, бұрын еңбек өтіліне және тәжірибесіне қарамастан барлық мұғалім ҰБТ тапсырса, енді жекелеген санаттар ҰБТ-дан босатылады. Бұл 30 жыл педагогикалық өтілі бар, зейнетке шығуға 4 жыл қалған мұғалімдерге де қатысты. Аттестация мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау мақсатында өткізіледі, оның нәтижелері бойынша оларға біліктілік санаттары тағайындалып, жалақының 30-дан 50%-ға дейінгі мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы төленеді», – деді Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Каримова.

Биыл мектептерде де жаңашылдықтар бар. 2023 жылдан бастап 5,8-сынып және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Осыған дейін 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсырды. Биылдан бастап барлық сынып оқушыларының мемлекеттік тілді оқытудағы білім деңгейі тексеріледі.

Сондай-ақ, ҰБТ-да да бірқатар өзгерістер болмақ. Биыл негізгі ҰБТ сәуір және шілде айында өткізіледі.

«Жыл сайын негізгі ҰБТ мамыр және маусым айында өткізіліп келді. Енді оған өзгеріс енгізгелі отырмыз. Оқушылар ҰБТ-ға қатысу үшін наурыз айында тіркеледі. Алғашқы тестілеуді сәуір айында өткізудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, мамыр айында мереке көп. Екіншіден, биылғы оқу жылы 31 мамырда аяқталады, оқушылардың тестілеуге дайындалуға мүмкіндігі болмайды», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Мектептегі тағы бір өзгеріс – кейбір қазақстандық мектептерде шахмат жаңа факультативтік пән ретінде оқытылады. Жыл сайын мұндай мектептер саны артып, кей[1]іннен шахмат сабағы мектеп бағдарламасына енгізіледі. Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасовтың айтуынша, жоспар бойынша 2027 жылға қарай шахмат Қазақстанның әр өңіріндегі мектептерде міндетті пәнге айналады.

Мектепке дейінгі білім беру мәселесіне келсек, биыл да балабақшаларда орын санын көбейту мәселесі назардан тыс қалмақ емес. 2023 жылы елімізде балабақшаларда 81 мың жаңа орын ашылады. Оның 840-ы облыс меншігіне тиесілі. Осылайша, балаларды балабақшамен қамту үлесі өңір бойынша 82,6%-ға артады. Ал осы жылдан бастап өңірде 12 мектептің құрылысы басталады. 10 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынады.

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру бойынша колледж студенттері тегін білім алуы үшін гранттар саны ұлғаяды.

Биыл жүзеге асатын білім саласындағы бірқатар өзгерістерді атадық. Алдағы күннен үміт көп…

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button