Бас тақырыпБілім

Білім бастауында – балабақша

Білімнің алғашқы баспалдағы балабақшадан басталады. Сапалы білім беру – кез келген елдің ұстыны боларлық дүние. Себебі, білімді ұрпақ ертең елдің тізгінін ұстайды. Ол үшін білім саласы заман ағымына ілесуі қажет. Мектепке дейінгі білім беру де уақыт талабына сай өзгеріс енгізуді талап етуде. Біз 2023 жылдан бастап еліміздегі балабақшаларда қандай жаңашылдық болатынына тоқталмақпыз.

«Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет», деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында.

Балаларға ерте жастан оң мен солын үйрету, қоршаған ортаны танытуда балабақшаның ролі орасан. Бүгінде өңірде 503 мектепке дейінгі ұйымда (411-і – мемлекеттік, 92-сі – жекеменшік) 44 мыңнан астам бала тәрбиеленуде.

Президент тапсырмасына сай облыста балаларды балабақшамен қамту үлесі артып, 79,5%-ға жетті. Десе де, 17 351 балабалабақша кезегінде тұр. Жыл сайын жаңа орындар саны ашылғанымен, бала саны көп. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын орын саны көбейтілуде. Мәселен, былтыр 2 мыңға жуық жаңа орын ашылса, биыл 840 орынға кеңейтіледі деп жоспарланған. Орын саны жекеменшік балабақшалардың есебінен көбеюде.

2023 жыл мектепке дейінгі білім беру ұйымдары үшін жағымды жаңалықпен басталды. Айталық, балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 25%-ға өсті. Оған қоса, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес педагогтердің оқу жүктемесі азайды.

– 2020 жылдан бастап педагогтердің жалақысы жыл сайын өсуде. Мемлекеттің есебінен қолдау меншік нысанына қарамастан, барлығына бірдей қолданылады. Жекеменшік ұйымдардағы педагогтер жалақысына да республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінеді. Ол жан басына қаржыландыру сомасында қарастырылған. Сонымен қатар, былтырдан бастап тәрбиешілер есеп ретінде өткізетін құжаттар саны азайды. Енді олар жылына бір рет толтырылатын перспективалық жоспар, тәрбие-білім беру процесінің циклограммасы (бір аптаға толтырылады) және баланың диагностика өлшеулерін ғана ұсынады. Осы үш құжат шеңберінде жұмыс істейді. Заңға сәйкес басқа құжаттарды талап етуге тыйым салынады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бақтыгүл Әдекенова.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа мемлекеттік стандарты мен үлгілік бағдарламасы қабылданды. Сарапшылар бұл мектепке дейінгі білім беру мазмұнын түбегейлі өзгертетін тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен реформа екенін атап өтті. «Жаңа мемлекеттік стандарт «ойын арқылы оқыту» қағидасына негізделген балаларды дамытудың негізгі әдістемесіне оралуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, енді балабақшалар еркін күн тәртібін әзірлей алады. Бұл тәрбиешілерге минут сайын қатаң кестеге байланбай, күні бойы балалар үшін ойын және оқу-жаттығуларын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа стандартта балалардың бойында маңызды құндылықтарды қалыптастырудың тәсілдері мен әдістері де көрсетілген», – деген болатын Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова.

Оқу-ағарту министрлігі былтыр еліміздегі барлық балабақшаны лицензиялау мәселесін көтерген-тін. Балалардың құқықтарын қорғау және балабақшалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында еліміздегі барлық балабақшалар лицензияланады. Министрлік бұл іс 2024 жылы басталатынын атады. Бұл мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға қатысты. Сондай-ақ, бүгінде мектепке дейінгі білім беру педагогтерінің, тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға баса көңіл бөлінуде. Балабақшаларда кадрлар даярлығының жеткіліксіз болуына біліктілікті арттыру курстарының аздығы себеп. Оқу-ағарту министрлігі биылдан бастап біліктілік курстарын үш есе көбейтетінін мәлімдеді.

«Жекеменшік балабақшалар мемлекеттік ұйымдар секілді балаларды тәрбиелейді. Жекеменшік балабақшаларды курстармен қамтымау дұрыс емес. Сондықтан, алдағы жылдан бастап жекеменшік балабақшаларда жұмыс істеп жатқан тәрбиешілерді де мемлекеттің біліктілікті арттыру курстарымен қамту мәселесін шешеміз», – деген болатын бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Білімнің барлық бастауы – балабақшадан басталады дедік. Ендеше, балабақшалардың қауіпсіздігін арттыру, тәрбиешілерге жағдай жасау – мемлекет үшін қашанда маңызды іс бола бермек.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button