«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

Беспаспап журналист Базекең

Журналист мамандығын алып, қырық жыл қалам тербегенде сол кәсіптің қыр-сырын тереңнен меңгеретінің сөзсіз. Дегенмен, өткен ғасырдың бел ортасында қаламгерлік жолға түскен Базекең – Базарбай Мұстафин ағамыздай журналистиканың сан-алуан саласын игерген азаматтар саусақпен санарлық қана. Әуелі облыстық «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінде еңбек жолын бастап, газет шығару ісін біршама игеріп қалған шақта, Базекең мен оның бірталай құрбы-құрдастарына 60-жылдардың басында тыңнан түрен салуға тура келеді. Қарағандыда телестудия ашылып, оған жас, қаламының желі бар іскер журналистер шақырылады.

СУРЕТТЕ: Композитор Н.ТІЛЕНДИЕВ редакцияда болғанда (солдан оңға қарай): Е.БӘЙТЕНОВ, Қ.СҰЛТАНОВ, Н.ТІЛЕНДИЕВ, Б.МҰСТАФИН, Ә.ӘЗИЕВ, М.ХАЛИОЛЛИН, 5 ақпан, 1976 жыл.

Осылайша, Базекеңе телестудияның әуелі жаңалықтар редакциясында, кейін әдеби-драмалық редакциясында жұмыс істеуге тура келеді. Оның алғашқысы газет жұмысына ұқсас, бірақ әрбір жаңалықты «тірі» сюжетпен қабыстырып отыру қажет болса, әдеби-драманың жөні басқа еді. Мұнда журналистік шеберлікпен қатар әдеби-көркем дайындығың, режиссерлермен қатар белгілі артистермен жұмыс істеп, жазған шағын пьеса немесе қойылымды эфирге шығарудың қамымен жүресің. Жазған шығармаңды, ондағы ой-желіңді драматург ретінде сахна шеберлеріне жеткізе де білуің керек. Әйтпесе, қойыртпақ дүние болып, көрермен теріс айналары сөзсіз. Жас журналист Базарбай Мұстафин бұл сыннан мүдірмей өтті деу керек. Оның қаламынан туындаған ойлы қойылымдар облыстан асып, республикалық теледидардан жиі көрсетіле бастады. Ал, 1973 жылы Базакең түсірген «Жер жаннаты – Қарқаралы» атты түрлі-түсті деректі фильм Мәскеуден Орталық телевизия арқылы түсіріліп, сол кездегі бүкіл Одақ көлеміне тарады. Еңбегі бағаланып, тұңғыш марапат – «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалін омырауына қадады.

Одақ дегеннен шығады, көп ұзамай Қарағанды «Орбита» желісі арқылы одақтық және республикалық телеарналарға қосылып, эфирге шығу сағаттары азаяды да жаңағы әдеби-драмалық, көркем және деректі дүниелер шығару кілт тоқтатылады. Әйтпесе, Қарағанды телестудиясы сол кезде облыстық театрлардан кем емес дәрежеге дейін көтеріліп қалған еді. Базекең де өз «миссиясын» орындағандай өскен ұжымы – «Орталығына қайтып оралады. Мұнда ол мәдениет, совет құрылысы сияқты іргелі бөлімдерді басқарып, жаңашыл редактор Рамазан Сағымбеков басшы болған жылдары оған партия тұрмысы сияқты басты бөлімді басқару сеніп тапсырылды. Рахаңның басшылығымен Кеңестік Қазақстанның 60 жылдығы құрметіне қалай 60 репортаж жазғанымызды өткенде бір естелігімде жан-жақты баяндаған едім, қайталамай-ақ қояйын («Басылыммен түйдей құрдас» Базекең», «Орталық Қазақстан»,3.10.2017 ж.).

Базекең шығармашылығының тағы бір елеулі кезеңі және бір қызығы ол кісі зейнеткерлікке шыққанда басталады. Тарих ғылымдарының кандидаты, бұрынғы редакторымыз Р.Сағымбеков денсаулығына байланысты ұстаздық қызметін тастап, тәуелсіздігіміздің елең-алаңында, яғни 1991 жылдан Қарқаралыда әдеби-көркем, тарихи-публицистикалық журнал шығара бастағанда басылымның жауапты хатшысы міндетін алып, енді журнал шығару ісіне бел шеше кірісіп кетеді. Журнал мемлекеттің қолдауынсыз, аудан кәсіпорындары мен совхоздарының, ола таратылғаннан кейін шаруа қожалықтары мен жекелеген азаматтардың қолдауымен шығып тұрды. Жергілікті ақын-жазушылар, ғалымдар, журналистер редакция алқасын құрады. 1996 жылы Рахаң қайтыс болған соң «Қарқаралы» журналының тізгінін Базекең ұстайды. Бұл бұрынғы байланыстар үзіліп, үйреншікті жүйе бұзылған бір алмағайып заман еді. Журналды белгілі қаламгерлер басқарғандықтан қандай мазмұнда шығып, қалай ел-жұртқа танымал болғанынан оқырмандар жақсы хабардар шығар. Базекеңдерді көбірек мазалағаны басылымды басып шығару үшін қаржы тауып, баспахана шығынын көтеру болатын. Онсыз да титықтап қалған жұрттан Қарағайлы кен-байыту комбинаты мен совхоздар таратылған соң қаржы жинау қияметтің қиямет болғаны шын. Тіпті, Базекеңе «жабайы бартер» заңымен елден жинап алған торпақты базарда сойып сатып, содан жаратқан ақшаға журнал шығаруға тура келген.

Рамазан Сағымбеков пен Базарбай Мұстафин (2002 жылы қайтыс болды) сынды туған өлкесінің нағыз патриоттары сонау қиын-қыстау заманда журналдың 20-дан астам санын шығып үлгерді. Және қандай сандар! Олар туған өлкенің тұнып тұрған тарихынан сыр шертіп, тәуелсіздік жылдарынан басталған халқымыздың шынайы шежіресіне баға жетпес үлес болып қосылды. Бүгінде журнал жалғасын тауып, жылына бір саны болса да шығып тұрғанына қуанамыз. Бұл Рамазан мен Базарбай ағаларымыздың ерен, жанкешті еңбектерінің зая кетпегенін көрсетеді. Базекең журнал шығарудың аталған ауыр азабына қарамастан қолынан қаламын тастаған емес. Ол қазақтың хас батыры Сеңкібай батыр, әділ төреші Кенже би, ғұлама ғалым Ақжан Машанов, журнал демеушісі, ақынжанды азамат Қапан Әдепбаев туралы мақалалар жазып, журнал ішіндегі кітап – Имандылық айдарын ашты. Онда пайғамбардың хадистерінен бастап, имандылыққа бет түзеген халыққа намаз оқу тәртібі, басқа да мұсылмандық жоралар жарияланып тұрды. Газет жұмысынан да қол үзбей «Орталық Қазақстанның» мерекелік сандары мен арнайы рубрикаларына үн қосып, газет басшылары – біз көрмеген Ғалымбек Нәдіров, Сейфолла Оспанов, бертінгі Есімбек Бәйтенов және т.б қаламгерлер туралы құнды-құнды естеліктер қалдырды.

Базекең үйіндегі жеңгеміз Рабиға апай газет редакциясымен, байырғы қызметкерлердің отбасымен байланысын үзбей, хал-жағдайымызды үнемі біліп тұрады. Бас қосқанда Базекеңнің жібектей мінезін, еңбекқорлығын, отбасына, бала-шағаларына деген кіршіксіз сүйіспеншілігін ілтипатпен еске алып жатамыз. Қайталап айтсақ та оның бізге бір кезде қол жетпес арман болып көрінетін «Жигули» автокөлігі, саяжайы болғанын, жыл сайын жазғы еңбек демалысында курортқа барып, күнге қыздырыну орнына ауылына барып, әкесіне қол шалғымен шөп шауып беретінін, шешесін мейірлене аялайтынын еске аламыз. Базекең мен Рабиға жеңгеміздің төрт баласынан өрбіген ұрпақ бүгінде 10 немере, 13 шөбере болып отыр. Жеңгеміздің өзі қалада тон тігетін жалғыз фирманың белгілі ісмері болғанын атап өткен жөн. 67 жасқа жеткенше еңбек етіпті. Төрт баламен 51 жасында зейнетке шықса да басшылары қиылып сұрап, ұстап отырған көрінеді. Ісмерлік ол кісіге шешесінен дарыған. Қарқаралының Сарыобалы ауылындағы ескі үйде ол кісінің қолынан шыққан ат әбзелдері – құйысқан, өмілдірік, жүген, тоқым және т.б. бұйымдар ілулі тұрыпты. Бейне бір қолөнер шеберханасының баға жетпес жәдігерлеріндей.

Рабиға жеңгеміз Базекеңмен түйдей құрдас (ол кісі 1931 жылдың 15 қыркүйегінде туған) газетіміздің жақындап қалған торқалы 90 жылдығымен құттықтап, редакцияның жаңарған, жасарған ұжымына ізгі тілектерін білдірді.

Аман ЖАНҒОЖИН, редакция ардагерлер ұйымының төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button