Береке алаңы

   Қарағандыда сенбі сайын береке алаңы атанған жәрмеңкелер өткізу дәстүрге айналған. Тауық жылы басталғалы 17 жәрмеңке ұйымдастырылып, 307 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы тауары сөреге шығарылды.

Жәрмеңкелер «Гринмарт» сауда үйі, «Ғасыр» коммуналдық базары, «Юбилейный» дүкені, «Орталық» сауда үйі және «Феникс» дүкені алдындағы алаңдарда өтетінін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Бұқар жырау, Абай, Қарқаралы, Жаңаарқа, Шет, Осакаров және Нұра аудандарының кәсіпкерлері мен фермерлері, қала кәсіпорындары бұл жәрмеңкелерге ұдайы келіп, тауарларын тұтынушыларға ұсынып тұрады.

Қарағанды қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері 306,4 тонна азық-түлік қалалықтардың дастарқанына жол тартқан. Оның ішінде, 142,1 тонна – ет өнімі, 25,6 тонна – сүт өнімі, 83,3 тонна – картоп және 75,4 тонна көкөніс бар.

Сондай-ақ, көкөніс бағасының маусымдық өсуіне байланысты 22 сәуірден бастап «Жасыл керуен» шарасы ұйымдастырылуда. Керуен шеңберінде 55 тонна картоп пен 42,7 тонна көкөніс (сәбіз, пияз, қырыққабат, қызылша, қияр, қызанақ) сатылды.

Облыстың құс фабрикаларының тікелей қатысуымен 3,3 млн. жұмыртқа өндіруші бағасымен қалалықтарға ұсынылды.

Нәтижесінде, жәрмеңкеде са­тылған азық-түлік өнімінің жал­пы құны 271,4 млн. теңгені құрады. Бұл соманың 91,2 млн. теңгесі қалалық тауар өндірушілерге тиесілі.

Жұртқа жаққан жәрмеңке алдағы сенбілерде де жалғаса береді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.