Жаңалықтар

Белсенділік танытты

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Бірге – Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдіріп, республикамыздың әр аймағында тазалық шараларын өткізді. Республикалық чэлленджге министрлікке қарасты облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Зерде» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазпошта» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері қатысты.

Жалпы республикалық деңгейде өтіп жатқан акция қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Тілеубай Құсайыновтың айтуынша, маңызды экологиялық шараны облыстық әкімдіктің ұйытқы болуымен, мемлекеттік корпорацияның барлық аймақтағы филиалдары және ЦДИАӨ министрлігіне қарасты мекемелер қолдады.

  • Бүгін біз әріптестерімізбен филиал аймағын тазартудамыз. Қызметкерлеріміз туған жерді көркейтуге өзіндік үлесін қосып жатыр. Ғасырлар бойы ыдырамайтын пластик сияқты қоқысты жинау – өте маңызды. Өңір тұрғындарын осындай тазалық акциясын қолдауға ғана емес, айналаны таза ұстап қалдықтарды тастамауға шақырамын, – деді ол.

Айта кетейік, тазалық шарасына 600-ден астам қызметкер жұмылдырылды. Олар облыс аумағындағы 9 қала мен 9 ауданда бірлесе жүріп, 12 мың м2 астам жерді тазартты.

Бұған дейін де бірнеше рет өткізілген акция барысында көптеген қоғамдық орындар мен өзен-көл жағалаулары қоқыстан тазартылған еді. Акцияға аймақ тұрғындары өте белсенді қатысып келеді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлері облыстағы Әнет баба орталық мешіті аумағын қоқыстан тазартып, жиналған қоқысты жүк көліктеріне артып берді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button