Бекзат

Мәшһүр Жүсіп Әулие Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың атақ-даңқына тәнті боп, оны Сахарадан ат арытып іздеп барған түріктер туралы жазбасында оның «Менің үмбетімнің ең жақсысы – түркі халқы» – дегенін айтады (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. «Шығармалар жинағы» 8-том 59-бет). Сонсоң, іле-шала ислам дінін тарату үшін оған өз уағызшыларын жіберген. Арқаға ислам дінін таратқан Таубайдан тоғыз ұл туған екен, соның біреуінің тұяғы менің анам – Һалифа Рамазан (1928- 2003ж.ж.). Біреуі осы – Бекзат Алтынбеков. Нағашы жұртым хақында бір шымыр дүние жазсам деген ой шешем фәниден бақиға көшкен күннен бері жаныма маза бермеген. Ел ақынның қара тырнағынан бастап, тұла бойының бәрі сезім дейді. Абайда «Алланың хикметі – махаббат, ғаділет сезім» – деген бір сөз бар. Өзімше мен де ақынмын деп жүргем, бірақ, шешемнің қадір-қасиетін осы опасыз дүниеге тастап кеткен күні бір-ақ сездім. Орны үңірейіп қалған соң…

Басында сол кісіге жырдан ескірмес бір ескерткіш орнатсам деп, ұлы нағашым, Алашқа ислам дінін сіңірген Қожа Ахмет Яссауи туралы поэма жазсам деп ойлағам, жалғанның жарығына шыққан соң, өзіме де ұнамай қалды. Кейіннен жеке-жеке өлеңге айналдырып жібердім. Поэма шықпады. Ұлы нағашының образы жасалмай қалды.

Жаратушы Жасаған Жалғыз Бір Иеге имандай сеніп, бас имеген пендеден жөнді ақын шықпайды. Гете, Пушкин, Лев Толстойлардан бастап, Абайға дейінгі ақындарға қараңыз, – бәрі де дінге риясыз сенген. Содан ерекше бір күш-қуат алып, шалқар шабытқа бөленген! Жерден, пендеден келетін дүниелерден гөрі көктен, Тәңіріден келетін хабар-ошардың құдіреті ғажап! «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» – деп, хакім Абай босқа айтпаған ғой!

«Қарқаралы басында жалғыз арша, Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша» демекші, біздің ішіміздегі исламның тереңіне жүзген ақын Светқали Нұржан (Айт-Ман) ғой? Маңғыстаудағы үш жүз алпыс әулиенің ілімі оның тұла бойына сіңіп кеткен! Қалғанымыз Құранның бетін ашпай-ақ, Құдай туралы «өлең» жаза береміз. Көйітіп…

Бізге қарағанда орыс ақындары Құдайға қараған: әріге ұзамай, бергі, бізбен заманы бір орыс шәйірлерін қыдыра шолып көріңіз: православиенің түбіне бір түсіп шықпаса, Андрей Вознесенский «Исаның соңғы жеті лебізі», Юрий Кузнецов «Исаның жолы» атты жырларын жаза алмас еді! Біз өзіміздің Қожа Ахмет Яссауиді де оқымай-ақ, исламды жырлай береміз ғой?! Ақын Құдайға ғана сенетін адам болуы керек. Басқа – ешкімге! Жер бетінде Тәңірінің сөзін ақыннан басқа басы жұмыр пенденің ешқайсысы да айта алмайды. Алланың Жердегі елшісі – ақын. «Знала, что он в больнице. Беспокоилась, молилась о его здравии. И хотя он не был крещён, Христа он любил», – деп жазды Игорь Шкляревский туралы ақынның ақылды бір замандасы, – «Верил, что Бог любит его. Потому в молитве я так и добавляла к прошению: Господи, исцели заблудшего раба Твоего, ещё не пришедшего к Тебе, но любящего Тебя. О любви к Богу он говорил мне не раз. Но я никогда в том и не сомневалась. Иначе как бы он мог оставаться таким глубоким лириком?!»

1999 жылы қолыма Валерия Порохованың «Құран. Мағынасы мен түсінігі» атты еңбегі түсіп, сондағы он шақты аятты соның «негізінде түзілген көркем ой» – деп ( «Төбемнен жауһар жауып тұр» деген кітапта тұр), шешеме оқып беріп едім, о кісінің көзі шарасынан шығып кетті: « – Балам-ау, Құранды, Құдайдың сөзін аударуға болмайды ғой?!» – дегені?!.

Шешеме И.Крачковский мен Г.Саблуковтың, В.Порохованың тәржіма кітаптарын көрсеттім. Кітап дегенді керемет кие деп ойлайтын шешемнің Құранды да тәржімалауға болатынына көзі әзер жетті… Сол кісі дүниеден қайтқаннан кейін маған маза бермей қойған бір жыр («Нағашы жұрт») түнде – түсім, күндіз – ойымнан кетпей, ой ұшына ақындық қарымым жетпей жүрген дүнием еді. Біразы қағазға түскен, іште оған да түсіп үлгермеген эскиздер бар еді. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қожалар хақындағы «Асылзада» атты эссесіндегі қуғын-сүргіндегі нағашы жұрт, көресіні көріп, Қытай ауып, күні кеше ғана 90-ға келген Абрар ата шерімді қозғап жіберді. Жырдың бірінші нұсқасы, екінші, үшінші нұсқасы да шикілеу шықты. Мен Мұқағали емеспін ғой? Ол бірақ мәрте жазып, оған қайта қарайламай, жүре береді екен. Тәңірі ондай көл-көсір қуатты маған бермеген. Түзеп, күзеп, шұқылап отыра берем, кемеліне келгенше. Менікі – бейнет.

Бекзатты көрсем, анам Һалифа марқұмды көргендей болам! Ағылшындар мұндай адамдарды «селфмейд-мен» дейді; ешкімге көзін сатпай, бәрін нөлден бастап, тірі жанның көмегінсіз, өзі адам болған кісі (ағл.) дегені! Бүгінде оның аты Алашқа мәшһүр, белгілі қоғам қайраткері. Азамат, меценат. Бұ жақта оның оның мейірім-шапағатына бөленбеген адам кемде-кем… «Бекзат» деген атының өзі қандай! Баласын Ақсүйек-Қаракөктің тұқымы ғана осылай атайды!

НАҒАШЫ ЖҰРТ (Мадақ жыры)

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»

Абай Құнанбайұлы.

Түркістаннан Қожа алдырып,
Құранды қазақша сөйлеткен,
Түркіден шыққан кемелім;
Ханның қызы секілді Һалифа шешем бойжеткен,
Нағашы жұртым сен едің!

Құдіретін сезіп Құдайдың,
Құбылаға қаратып бетімді;
Ақ қағаздың алдына кеп отырғам,
Алланың алдында отырған,
– Нағашы жұртым секілді!

Тасқа табынып, шоқынып… тобыр шуласа,
Тəңіріге жат – ол, мұсылман маған, саған – жат;
Арабтан нұр боп Мұхаммед Пайғамбар тумаса,
Түнекте лағып жүрмей ме мына адамзат?!

Жалғыз Тәңірі ием боп,
Сүйемін!
Кейде күйем кеп…
Мұхаммедтің үмбеті,
Бекзаттарға жиен боп…

Махаббат пен ғаділет –
Хикметі Алланың!
Жанымды жасыныңа жаны кеп,
Жаһаннамға ұшқанда жан сезбейтін салмағын.

Құрдымға сіңіп құса-мұң,
Құдайдан келіп бір қуат, –

Өзіңді бетке ап, өлең боп көкке ұшайын,
Шыбын жаным шырқырап!

Теріс қарап дойыр заманға,
Іргеден Көк Бөрі ұлып, –
Алаш Алланы мойындағанда,
Алдынан Абай көрініп;

Шартарапқа шарқ ұрып,
Ақыры, міне, Саған кеп, –
Алаш тұр жүрегі алқынып,
Арсы менен гүрсіге қанат қағам деп!

Семейден өтіп, көк ала бұлттан әрі асам,
Көз ұшында көрінер-көрінбес нүкте боп;
Алла мен Алаш – Абайдың арасына қарасам –
Мұхаммед с.ғ.с. тұр!
Басқа түк те жоқ…

Тәңірім тұрса тағдырыңды таңда деп,
Гүлге қондым бал жинаған арадай?!
Аппақ нұрын маған төкті Алла кеп, –
Аярларға қарамай!

Алладан басқа
Тәңірі жоқ!
Сонікі – Жаһан,
Жанат – бұл.
Жасаған Ием ғаламға кірпігін қақпай қарап тұр!

Хабардар бергі, ол, арғыдан,
Ессізді күллі елемей;
Кім шығар Оның алдынан,
Өзі кеп алқап,
Жебемей?!

Біздерге дейін не болған?
Бізден де кейін не болмақ?!. –
Біледі Жалғыз Өзі Оның.
Алланың ақиқатымен ашылды күнде өзегім!

Қайда екен алтын тағы Оның?
Қайтесің, жүргей құлы боп?
Адамзат, Ғаламзатыңда
Алладан асқан ұлы жоқ!
Түркістаннан Қожа алдырып,
Құранды қазақша сөйлеткен,
Түркіден шыққан кемелім;
Ханның қызы секілді Һалифа шешем бойжеткен,
Нағашы жұртым сен едің!

Қараменде,
Жидебай,
Жанғұттыдан тараған,
Қаздауысты Қазыбектен бата алып, –
Қалмақ, шүршіт шапқанда шаңырағы шалқақтамаған, –
Ата Жұрт!

Біреудің болып боданы,
Сайын далада сандалған;
Ақсұңқар мен Һалифа, –
Адамзаттың асылы еді о дағы,
Олар да өтті-ау, осынау опасыз жалғаннан.

Айласы қалмай, амалы,
Баспақ боп өткен басына төніп қара бұлт;
Әлхамдуллаға тілін келтірмей заманы,
Әлихан туған топырақтан жаралып!
О, сұм заман, әкем мен шешем түгілі,
Он сан жұртты оңдырмай алдаған,

Шерімді қайдан қозғадың?
Бір атадан тоғыз туса да,
Бір бауырын – аштық,
Біреуін – арыз…
Біреуін соғыс жалмаған!
Қайран да, қайран боздағым,
Соңыңда қалып боздадым…

Тозаққа көніп, азапқа,
Әзәзілменен керіскен,
Бір жұтып уды ел ішкен;
Жеті атаға жетпей қыз алмайтын қазаққа,
Жетпіс жеті атадан асырып,
Мені әкеп қосқан есіл де, екі періштем!

Созсам бір қолым жетер ме менің, сандалған,
Сансыратқан миын дүниенің теке-тіресі?
Бір жетсе саған жетер-ау, фәни жалғаннан
Мен оқитұғын Құранның
«Фәтиха» сүресі….

Айдай Ару –
Артық туған хор қыздан,
Албыраса одан бекзат түк те жоқ;
Ділінен жұпар аңқытып,
Тілінен бал сорғызған,
Қайын жұрт тұр көз ұшында нүкте боп…

Жаһанға сіңіп, аялдап соңын шолғанда,
Жақсыда маздап тегінен қалған сөнбейді от.
Кіндігімнен туған үмбетім,
Күндердің күні болғанда,
Нағашы жұртын аңсар ма ма екен мендей боп?

Сары уайымға салынып,
Сарылар менде жағдай жоқ:
Осы үш жұрттың үлдесі мен бүлдесіне малынып,
Қара өлең қалды –
Қарадан шыққан хандай боп…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.