ЖаңаарқаРухани жаңғыру

Бекем бірлік мекені

   Жаңаарқалықтар жарады. Аудандағы Сәкен Сейфуллин ауылының азаматтары бекем бірліктің үлгісін танытты. Айтары сол, айрандай ұйыған ауыл тұрғындары аудан орталығы Атасуға баратын 25 шақырым жолды өз қарекеттерімен жөндеуден өткізді. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жолға қойды. Яғни, әр азамат кіндік қаны тамған жердің тағдырына бейжай қарамауы тиіс. Бұл орайда, сыртта жүрген сейфуллиндіктер ел қамын жеген ерлердің ісін көрсетті. Көпке өнеге болар шаруаның басын қайырды.

«24kz» телеарнасы хабарлағандай, Атасу мен ауыл аралығындағы жолды қалпына келтіріп алған сейфуллиндіктер қазір елді мекен ішіндегі жолды жөндеуге кірісіп кеткен. Қымбатшылық қысқан кезеңде бюджетке қарап, телмірмеді. Бір атаның баласындай белді бекем буған жігіттердің бастамасына «бәрекелді» дестік.

Сейфуллиндіктер тақтайдай тегіс асфальтті ұмытқалы қашан… Ортадағы күрежолдың жөнделмегеніне жарты ғасырдан асыпты. Шұрқ-тесік жол темір тұлпарлардың қарқынын тежеп, Атасуға апарар жол бұралаңы мол сапарлар санатынан саналып келген-ді. Енді, бұл мәселе түбегейлі шешілген сынды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Ортақ істі ауыл тұрғындары асарлатып атқарыпты. Сейфуллиннен өрбіген азаматтар да сауапты шарадан тыс қалуды жөн көрмепті. 2,5 млн. теңге жинап, жергілікті зауыттан 154 тонна асфальт жеткізіп берген. Және асфальт төсеу ісіне де ауылдықтар бір кісідей атсалысқан. Сөйтіп, дос сүйініп, дұшпан күйініп әңгіме қылар шарапатты шаруаға ұйытқы болды.

Жолдың жайын реттеген сейфуллиндіктер қар түскенше ауыл іргесіндегі тоғанды қалпына келтірмек. Осыдан екі жыл бұрын су тасқыны бөгетті бұзып кеткен еді.

Алданыш ӘМЕНОВ, ауыл тұрғыны:

– Ауыл маңында мал ішетін су жоқ. Ауылдың негізгі күнкөрісі – төрт түлік қой. Бұл қатты қиындық тудыруда. Жақын жерде өзен-көл жоқ. Сондықтан, жолды жөндегендей, тоғанды да реттеп алсақ деп отырмыз.

Аудан билігі тоғанды жөндеуді келешектің еншісіне қалдырып отыр екен. Жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, ит жылының басынан бұл шаруаны қолға алмақ. Әкімдіктегілердің қисабынша, 5-6 млн. теңге қажет. Бүгінде қаржы көзі іздестірілуде.

Аталған тоғанның тұрғызылғанына отыз жылдан асыпты. Жылдар бойы қараусыз жатқан. Тек, 2014 жылы ғана коммуналдық меншікке қабылданған. Ауылдағы 5 мыңға жуық түліктің қажетін ашып келген сол тоғанның 300 метрін көктемгі су шайып кетіпті. Ауыл тұрғындары сол уақыттан қорадағы малына бір тамшы су іздеумен әуреге түсуде.

«Биліктің көмегін күтіп отырар мүмкіндігіміз жоқ. Қыстың қалай болары белгісіз. Сондықтан, өз күшімізбен тоғанды тұрғызып алуды көздеп отырмыз», – дейді сейфуллиндіктер. Жақын уақытта жұмысқа кіріспек.

 

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button