Шет

Бейбітшілік пен ізгіліктің бастауы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» Манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету, Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ oрамал» республикалық акциясын өткізуге бастама жасаған болатын. Бүгінде қазақ елінің тарихында философиялық мағынасы терең «Ақ oрамал» акция­­­­сы ұлысымыздың ұйытқысы саналатын облысымызда бастау алып, жер-жерлерде жалғасын табуда. Мемлекет басшысы «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесінде елдерді бір-біріне өзара құрмет көрсетуге, басқалардың ішкі істеріне араласпауға, саналылық және сұхбатқа, ұстамдылық пен ақыл-парасатқа жүгінуге, жаппай қырып-жоятын ядролық және басқа да қару-жарақ түрлерінен бас тартуға, баянды бейбітшілік әлемін қалыптастырып, өмірлік іс-әрекет әдісі ретінде соғыс атаулыны түбірімен жоюға үндейді.

Негізінен, акциясының мақсаты – қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру. Соның айғағындай жақында аудандық орталық кітапханасында республикалық акция аясында «Ақ орамал – ізгіліктің бастауы» тарихи-танымдық кеші өтті.

Акцияның «Ақ орамал» атану себептеріне тоқталар болсақ, қазақ тарихында оның философиялық мағынасы терең. Ақ түсті халқымыз тазалықтың, адамның ақыл-ойы мен жан дүниесінің тазалығы ретінде таныған. Адамзат өмірінің негізі болып саналатын ананың ақ сүті – өмір символы, абыройдың, аманатқа адалдықтың белгісі. Аталмыш шараның негізіне ата-бабаларымыздың ежелгі дәстүрі, яғни, ел мен елді татуластыру салты алынған. Сонау ықылым замандарда ел мен елдің, ру мен рудың арасындағы дауды әйел-ана басындағы орамалын шешіп, ортаға тастау арқылы тоқтатып, талай қантөгістің алдын алғаны тарихи, көркем әдебиеттен, ауызекі ұрпақтан-ұрпаққа жеткен фольклор үлгілерінен мәлім.

Ізгілікті насихаттаған іс-шара шым­ыл­дығы кітапхана қызметкерлері Б.Алтынбек, Ә.Байжанбаев, Б.Мұқатова әзірлеген «Бітімге келу» атты көрініспен ашылып, Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы Мерей Советованың орындауындағы «Қазақ елі осындай» әніне ұласты. Кітапханашы А.Медеубекова оқырман­дарға «Ақ орамал – ақ тілек» кітап көрмесіндегі әдебиеттерге шолу жасаса, кітапхана оқырманы М.Сүйіндікова аталмыш тақырыпқа арналған өлеңін оқыды. Қазақстандай Мәңгілік Елдегі ұлттар татулығынан сыр шерткен «Құрт – асыл тас» бейнеролигі оқырмандар назарына ұсынылып, көңілдерді тол­қытты.

Кітапханашылар А.Исатаева, А.Тө­леу­кеновалар дайындаған қызық­ты викториналарда оқырмандар ой өрісі сыналды. «Полигон жоқ. Абай бар» викторинасына ақ жаулықты әже М.Баданова, Жастар ресурстық орталығының қызметкері Қ.Қанатбекова қатысып, тарихи танымдарының тамыры тереңде екенін көрсетті. «Терезелер» ойынына аудандық қазынашылық басқармасының қызметкері С.Адай­бекова, Ы.Алтынсарин атындағы мект­еп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі М.Әбітаева, жас оқырмандар Т.Садықова, Ә.Хали­линалар тапқырлық танытты.

Ауыл ақсақалдары Ш.Әлғожин, М.Бай­танасов және М.Баданова ақжар­ма тілектерін жеткізіп, жас ұрпаққа үлгі боларлық осындай игілікті шараларды тұрақты өткізіп келе жатқан кітапхана ұжымына алғыстарын айтты. Кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мейрамкүл Нұрпейісова қорытын­дыл­ады.

«Ақ орамал» акциясының астарында да жұмыр жерді апаттан қорғау, соғыссыз әлемді қолдау, ядролық, химиялық, биологиялық соғыс­тарға, лаңкестікке жол бермеу үшін ана­лардың мейірімі мен махаббатына бас иіп, тағзым етудің тұрғаны анық. Ана – әлемнің арашашысы! Ана – тіршіліктің қайнар бұлағы! Сондықтан, шараның мәнін түсінген жан оған қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.

С.ЖОСАЛБАЙ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button