Жаңалықтар

Бейбіт елдің ұланы

      Жол қозғалысының жас инспекторлары биылғы шеруді – ҚР Мемлекеттік рәміздерінің және Қазақстан полициясының 25 жылдығына арнады. XVIII облыстық слеттің өтуіне облыстық білім басқармасы және ІІД Жергілікті полиция қызметі мұрындық болды.

Жалпы, жас инспекторлардың дәстүрлі шеруі – жол қозғалысы жасақтарының іс-әрекетін жақсарту және жол-көлік оқиғаларында орын алатын жарақаттардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы аясында эстетикалық және патриоттық тәрбие беруді көздейді. Биылғы слетке облыстың 16 аудан, қаласынан 200-ден астам оқушы қатысты. Жас инспекторлар саптық шеруде алдымен, жол қозғалысының қауіпсіздігіне арналған әндерді орындап, өз арасында «Жас эрудит», «Жол ережесінің білгірі», «Велосипед жүргізу», «Саптық байқау», «Үгіт бригадасы», «Жас реттеуші», «Жас санитар» аталымдарына лайықтыларды анықтады.

Қарағанды облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Олжас Арыновтың айтуынша, шерудің балалар жасақтары үшін маңызы зор. «Алдымен жол қозғалысының ережелерін жаттап, олардың орындалуын бақылайды. Жасаққа кірген әр оқушы жол ережесін толық біліп шығады. Өзінің еркін қарқынды түрде жүзеге асыруға үйренеді. Және оларға оқыту ережелеріне сай музыкалық бағдарламалармен қатар үгіттік конкурстар, ертеңгіліктер ұсынылады. «Жол қозғалысының жас инспекторы» атағын иеленген балалар өз Отанының абыройлы азаматы болып өседі. Үнемі жолдағы қауіпсіздік пен тәртіпті сақтайтын болады»,– дейді.

Жас инспекторлар сайысында І орынды иеленген Бұқар жырау ауданы Токарев орта мектебінің «Сфетофор» командасы жол ережелерін жетік меңгеруімен ерекшеленді. ІІ орынды қалалық №32 орта мектебінің «Бағдаршам» командасы, ІІІ орынды Осакаров ауданынан келген «Сфетофор» командасы иеленді. Жүлдегерлер медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздар шілде айында Өскемен қаласында музыка мектептері мен өнер мектептері арасында өтетін 50-ші республикалық жас өнерпаздардың фестиваліне жолдама алды.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button